Түсіндірме. Адамзат қоғамындағы ең басты тұлға — Адам. Адамның өзі де, ол жасап отырған қоғамдағы. табиғи ортадағы барша құндылықтар мен құбылыстар; сайып келгенде, Адамның ақыл-парасаты арқылы сараланып, соған тән танымдық ұғымдармен өлшенеді. Аламның даналығы мен надандығы да, қасиеттігі мен қасиетсіздігі де, жақсылығы мен жамандығы да, табиғат болмысына тән сан алуан заттар мен құбылыстардың жақсы-жаман сипаты, нарқы мен парқы да Адам арқылы анықталып, бағаланады.
Алайда, Адам басына тән сан алуан қасиеттердің барлығы қазаққа тән танымдык дәстүрде «жақсы» және «жаман» деген екі-ақ сөздің қауызына сыйып, оның ауқымымен камтылатынын көреміз. Бұл құбылыстың осылайша қалыптасуы жайдан-жай емес. Мұнда да көшпелілер өмірі мен дүниетанымынан туындаған әлемдегі барша бағалылыкты безбеннің екі басына салып, бір-бірімен салыстыру арқылы анықтау принципі мен заңдылығы бар деп ойлаған жөн. Екі заттың артық-кемін, асылы мен жасығын айыру, парқы менен парқын қарама-қарсы кою, салыстыра-салғастыра қарау арқылы анықтау әмбебап контрастивті тәсіл ретінде адам қасиеттерін аныктау үшін де қолдануға болатындығы дау туғызбаса керек.
Қазак салтында қалыптасқан қарапайым да әмбебап танымдық өлшемнің «жақсы-жаман» деген екіұдай тәсілі мен ұғымы. Осы екі сөз арқылы барша қазақты «жақсы адам» және «жаман адам» деп, екі бөліп карайтынымыз шындық және оны біз көптеген тілдік фактілер арқылы дәлелдей де аламыз.
Алайда, қазақтар бірін-бірі «жақсы» деп жер-көкке сыйғызбай мақтағанымен, «жаман» деп даттағанымен сол адамның қай касиетін, игілікгі ісін «жақсыға», не «жаманға» балап тұрғаның өздері де біле бермейді, білсе де нақтылы емес, жалпылама, долбарлама түрінде ғана айтылады. Екіұдай бағадан басқа, «өте жақсы», «жақсырақ».
не «өте жаман», «орташа» т. б. осы сияқты бағалаулар да тілімізде кездесуі ықтимал. Бірақ бұлар да, сайып келгенде, «жақсы мен «жаманның» бір көрінісі ғой.
Айта кететін бір жағдай: бұл тәрізді қарама-қарсы қойып сипаттау контрастивті тәсіл тек Адамға ғана (жақсы жігіт, жаман бала т. б.) емес, сондай-ақ өзімізді қоршаған табиғат пен қоғамдағы құбылыстар мен заттарға да (жан-жануар, өсімдік әлеміне т. б.) бірдей қатысты әмбебеп тәсіл болып саналады.
«Жақсы адам» мен «жаман адамды» анықтау тек осы сөздердің мағынасымен ғана шектелмейтіндігі белгілі. Сондықтан да олардың астарында жатқан ұғым-түсініктердің мәнісін сөз ұранынан (төркінінен), контекстегі мағынасына қарап, этнолингвистикалық талдау арқылы таратуға болатынын ескерген жөн. Мәселен, «Ол өзі жақсы адам», «Ол бір жаман адам» деген екіұдай сипаттамада, біріншіден, оны айтушы адамның тек өзіне ғана тон субъективті пікірі, көзқарасы, адамдық қасиетті бағалау принципі байқалса, екіншіден, сол пікір-бағаның субъект санасында қалыптасуына негіз болған ұлттық салт-дәстүр, этностың өзіне ғана тән танымдық принцип, өз ортасынан алған тағылым мен тәрбие, моральдық-этикалык өнеге-үлгі, оның білгірлігі мен біліктілігінің де байқалатыны сөзсіз.
Міне, сондықтанда «ол жақсы адам десек, «иә, жақсы адам «деп құптай салу оңай, бірақ ол «нендей қасиет-қадірімен жақсы?» деген сауалға ойланбай жауап беру оңай емес, біз олардың «жақсылығын» да, «жамандығын» да нақтылап, санамалап айта алмаймыз, айтсақ та сөз жүйесіне, белгілі бір жағдайға қарап жобалап айтуымыз мүмкін. Адам баласы, әдетте, оның инсанды қасиеттеріне (ақыл-парасатына, мінез-құлқы мен іс-әрекетіне, сын-сымбатына, өнегесі мен өнеріне т. б. зиялы белгілеріне) қарап беріледі.
Адамға байланысты бұл тақырыпты «Сөздікте» енгізуіміздегі мақсатымыз — тіл фактілерінің өздерін сөйлету. Ол фактілердің астарында жатқан философиялық, физиология, психологиялық, моральдық-этикалық т. б. жақтарына тереңдеп бара алмасақ та, этно-лингвистикалық мән-жайына тоқталып, жалпы Адам деген қасиетті тұлғаның табиғатын тереңірек тануға болады деп білеміз.
«Жақсы-жаман» бағаға қатысты тіліміз өте бай деректердегі көбінесе фразеологизм, мақал-мәтел түрінде кездеседі. Бұл фактілердің негізгі объектісі — жалпы Адам (қазақ адамы) болғанымен, нақтылы субъект ретінде олардың сан түрлісін көз алдымызға елестете аламыз. Оның ішінде хан да, қара да бар, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, тұлпар мініп, ту толғаған батыр да, ел намысын қорғаган би де, жас та, кәрі де, еркек те, әйел де, бай да, кедей де — бәрі-бәрі осы галлереядан өз бейнесін табуы мүмкін. Кейде жеке-дара адамның бағасы, сынсипаты көпшілікке телініп жатса, кейде, керісінше, көпшілікке (елге, жұртқа, әлеуметтік топқа) айтылатын сын-сынақ сөздер жеке адамның басына қатысты айтылуы да байқалады.
Адамның «жақсы-жаман» қасиеті сын есім анықтауыш ретінде «жақсы адам», «жаман адам» түрінде де («адамсыз» да) «жақсы», «жаман» болып заттанған анықтауыш ретіңде де қолданыла береді. Кейде бұл анықтауыштардың анықталушысы нақтыланып, жалпы адам атауының орнында сол адамның мамандығы, кәсібі, атақ-лауазымы, жас мөлшері т. б. касиеттері де тұруы мүмкін. Мәс: жақсы күйші, жаман көрші, мінезі жақсы жігіт, мінезі жаман шал т. т. Сонымен қатар кәптеген тіл фактілерінде «жақсы», «жаман» сипаты қатарласа салыстыру, салғастыру түрінде де қолданылады. Мәселен, «Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын, Жаманның жамандығын айт — құты қашсын» дегеннен осыны байқаймыз.
Кәріп отырғанымыздай, жақсы адамның іс-әрекетінен туындайтын «жақсылық», жаман адамның іс-әрекетінен туындайтын «жамандық» сияқты абстракты ұғымдар да танымдық қасиетке ие. Бұлар да «жақсы», «жаман» сияқты көп жағдайда бір-бірімен қатарласа жүретін контрастивті анықтамалар. Бұлардың да қарама-қарсылық бірлестігін (философиядагы «единство противоположностей» деген ұғымға саятындығын) сақтайтын егіз ұғым екендігін қасиетті Құран да өз тарапынан дәлелдейтінін көреміз (Ә. Ахметов. Ислам — ғылымның бастау көзі//Алдаспан. — 1999. №7-8. 24-6.). Сол тәрізді «жақсылық» дегеніміз не, «жамандык» дегеніміз не деген екіұдай сауалға бірден жауап беру қиын екендігі белгілі. Ол жауапқа да ұлттық (дүниетаным), салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім т. б.) менталитет тұрғысынан қараған жөн. Бұл ұғымдарға («жақсылық істеу», «жамандық істеу» деген не, «олардың пайдасы мен зияны неде?» деген сауалдарға) жауапты да біз көбінекөп діни әдебиеттерден, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен таба аламыз. Сол қағида, ғибраттар санамызға көптен сіңген.
Шынында да, біз қарастырып отырған контрастивті танымдық ұғымдардың адамға болсын, басқа құбылыстарға болсын қатар қолданылуында да бір заңдылық бар екені сөзсіз. Мәселен, жер бетіндегі адам баласының бәрі «жақсы», бәрі «жақсылық» істеушілер болып, бірде-бір «жаман» адам, «жамандық» істейтін жан болмаса, не керісінше болса, не болар еді? Жер-дүние бір жағына «ауып кетуі» де мүмкін-ау онда…! Осыған қарағанда қоғамдағы тепе-теңдікті (байланысты) сақтаудың бір жолы да осы фактор ма деп қаласың. Қазақ логикасында мұны құптайтын деректер баршылық. Мыс., Бір жаманның бір жақсысы бар; Жаман айтпай жақсы жоқ; Бір айғырдан ала да, құла да туады; Жақсыдан жаман туады — бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады — адам айтса нанғысыз; Жақсының арты — жын; Бір жақсы мен бір жаман әр жайда бар, Екі жақсы қосылар күн қайда бар ?
т. б. осы сияқты нақыл сөздер контрастивті танымның дұрыстығын дәлелдейтін тілдік деректер болып саналады.
Сонымен, Адамның қасиеттері мен сын-сипатына байланысты қалыптасқан «жақсы», «жаман» анықтамалы тұрақты тіркестерді үлкен үш топқа бөліп қарауды жөн көрдік. «Жігіт пен қыз сыны» осы тақырыптық топтың жеке бір саласы ретінде қарастырылады:
1-топ: «Жақсы» сипатқа ие адамдар’,
2-топ: «Жаман» сипатқа ие адамдар;
3-топ: «Жақсы » да, «жаман да » сипатқа ие адамдар.