Загрузка…

ЖАЛПЫ ХАЛЫҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ БАЛАМАСЫЗ ЭЛЕМЕНТТЕР

Кез келген тілдің лексикасының негізі – сол тілдің негізгі сөздік қоры яғни баяғы бағзы заманнан келе жатқан лексика халық тарихының тілдегі көрінісі болып табылатыны мәлім жайт. Қазіргі таңда елдер мен халықтар арасында қарқынды түрде болып жатқан экономикалық, саяси, мәдени-қоғамдық қарым-қатынастарға байланысты олардың тілдерінің өзара әсері лексика саласында жиі ұшырасады. Ел мен елдің арасындағы ежелгі достық қарым-қатынастың болғандығы ана тіліміздің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады. Бір халық пен екінші халык ертеде тек мал-мүлік пен киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты тек заттарды ғана алмастырып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-бірінен молынан ауысқан. Әсіресе бұл салада бір тілден екінші тілге көптеген сөздер кірген. Осымен байланысты тіліміздегі қыруар кірме сөздерді қоғам тарихымен, қазақ халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып зерттеген жөн. Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде араб, парсы, монғол, орыс тілдерінен еніп баламасыздық құбылысын қалыптастырған сөздер көп. Әлемдегі басқа да халықтардың тілдеріндегі секілді, өзге тілдердің қазақ тіліне тигізген ықпалы да аз болған емес. Халқымыздың сан ғасырлық өмір жолы, тар жол, тайғақ кешулері әсіресе ана тіліміздің сөз қазынасы — лексика саласынаи айқын сезіліп тұрады. Өйткені басқа тілдер сияқты қазақ тілі де халқымыздың көне тарихымен бірге жасасып келеді. Қазақстан жерін өте көне замандардан бері діні де, тілі де басқа – басқа әр түрлі этностық топтар мен бірлестіктер мекендеп келген. Ал монғол шапқыншыларының бұл өңірді басып алып, ұзақ замандар үстемдік етуі ондағы түркі және иран тілдес тайпалардың өзара араласуына не жіктелуіне ғана емес сонымен бірге ұлттық тұрпатын өзгертіп, монғолдастыруға және этностық мәдениет пен тілдердің өзара жақындаса түсуіне, ұқсас белгілерінің пайда болуына өз ықпалын тигізетіндігі сөзсіз секілді деректер бәрімізге белгілі . Осы дәуірдегі қазақ ру-тайпаларының жағдайын тарихи деректер былай суреттейді: Қазақстан жерін бұл дәуірде Шыңғысханның үш баласы Жошы, Үгедей және Шағатайлардың басқару еншісіне тиген еді де, ХV-ғасырда бұл өлкелердің көбі Көк Орда, Шайбани ханның ұлысы және Монғолстан тәрізді үлкен-үлкен саяси бірлестіктің құрамына енген болатын. Қандай болған жағдайда да бұл кезенде яғни ХШ — ХІV – ғасырлар арасында, Қазақстанның кең-байтақ жерін негізінен түркі тілдес халықтар мекендеді. Солардың арасында қазақтар автохтонды тұрғындар болып саналады. Осы кезде жергілікті халықтар мен мидай араласып кеткен монғол ру-тайпалары, о баста бұл өлкелерге басқыншы, жаулап алушы болып келсе де, өзіне тон этностық дәстүрді, мәдениетін, тілін, дінін дамыта алмады, қайта жергілікті субстракт тарапынан ассимиляцияға ұшырап қалды «үстем тап өкілдері», «төре түқым», «ақсүйектер әулеті» деген атағы, аты болмаса олар дінінен айрылып, мұсылман дінін қабылдап, тілінен айрылып, жергілікті тілдерге, соның ішінде қазақ тіліне көшкені мәлім. Тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда Моғолстан құрамына өткен алғашқы монғол ру-тайпаларының өздері түркі тілдерінде сөйлеген, әрине тіл заңдылығына сүйенсек, мұндай жағдайда таң қалуға болмайды. Өйткені о баста қаптап келген шапқыншы қолдың бәрі бірдей бұл өлкеде тұрақтап қалған жоқ еді. Олардың түркі тілдес қалың қауымның арасына сіңіп кетуіне бірінші себеп осы болса, екіншісі: олардың өмір сүру, тіршілік ету тәсілдеріндегі салт-сана, әдет-ғұрыпындағы ұқсастық, сәйкестіктер. «Монғол шапқыншыларының арасында түркі тілдес ру-тайпалардың арасында түркі тілдес ру-тайпалардың да аз болмағандығы белгілі», — деп ғалым түйін жасайды. Алайда монғол-түркі тілдерінің Қазақстан топырағындағы ұзаққа созылған қарым-қатынасы мен тығыз байланысының дәл осылай аяқталуына қарап, бұл тілдердегі алыс беріс, ауыс-түйісті жоққа шығара алмаймыз. Өйткені ассимиляция процесі қандайда болмасын ол бір жақты, бір бағытта болмайды. Монғол тілдері мен түркі тілдерінің сол дәуірдегі өзара қарым- қатынасы екі жаққа бірдей ықпал жасады. Сондықтанда бұл тілдердің лексикалық қорында кездесетін көптеген ауыс-түйіс, ортақ дүниені заңды түрдегі субстрат, суперстрат құбылыс деп қарағаны жөн. Бұл мәселені туркологтар, бірлесе отырып арнайы зерттеген емес. Ал қазақ тіліне келетін болсақ оның монғол (халке, ойрат, бурят тағы басқа) тілдермен Шыңғысхан дәуірінен кейін ХVІІ–ХVШ – ғасырларда ойраттар (қалмақтар) мен жоңғарлар басқыншыларының қазақ жеріне салған ықпалына байланысты қарым-қатынаста болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Осындай объективті жағдайлар мен толып жатқан тарихи-әлеуметтік оқиғалар тіл үшін де із-түссіз шықпайтыны белгілі. Монғол әсерін лексикалық байлығымыздың барлық саласынан атап айтқанда, Қазақстан топырағында көптеген жер-су атауларыдан да, кісі, ру-тайпа аттарынан да, тұрмыс-салтқа, әскери басқару, заң тағы басқа ұғымдарға байланысты да кездестіруге болады. Бұл ауыс-түйістердің негізінен қазақ-монғол тілдерінің кейінгі дәуірдегі тарихи қарым-қатынасына тон, бұл тілдердің көне дәуірдегі араласуынан, өзара сіңісуінен пайда болған түбір дәрежесіндегі ортақтықтан мүлдем басқа құбылыс. Әрине, екі дәуірдің арасында белгілі байланыс, жалғастық болуы мүмкін, бірақ екеуіндегі нәтиже екі басқа: біріншісі – гепеологималық туыстық мәселесіне қатысты да, екіншісі — тіларалық-лексикалық қарым- қатынасқа, ауыс-түйіске барып саяды. Басқаша айтқанда, біріншісі – алтай теориясының міндеттері де, екіншісі – қазақ тілі тарихи лексикологиясының зерттеу объектісі болып саналады. Ал бұл салада кейбір жалпылама пікірлерді айтпағанда, осыған дейін арнайы зерттеулердің жоқ екенін жоғарыды ескерттік. Адам қоғамының ең негізгі қатынас құралы болып табылатын тілдің талай-талай тарихи кезеңдерді басынан кешіргені мәлім. Себебі адамның «санасы секілді тілдің өзі де көне», әрі мейлінше көп салалы кұбылыс. Халықтың белгілі бір тарихи дәуірдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени өмір-тіршілігі, өзге елдермен қарым-қатынасы, әдет-ғұрпы ең алдымен оның тілінен, сөз мағынасынан айқынырақ сезіліп тұрады [1]. Қазіргі әдеби тілімізде баламасыз лексика негізінен қазақ тілінің емлесіне сай, өзгерген қалпында жазылады. Бұл сөздерді мынандай топтарға бөлуге болады: а) Тұрмыс қажетіне қатысты сөздер: жәшік (ящик), кереует (кровать), бөтелке (бутылка), бөшке (бочка), сиса (ситец), бәтеңке (ботинки), калош (галоши), барқыт (бархат), шайнек (чайник), күршек (крючок), порым (форма), өшірет, шірет (очередь), тұрба (труба), пима (пимы),сөмке (сумка), самауыр (самовар) , т.б. ә) Әкімшілік басқару ісіне байланысты сөздер: ояз (уезд), шен (чин), сот (суд), түрме (тюрьма), ауылнай (аульный), іштрап (штраф), майыр (майор), піргауар (приговор), жандарал (генерал), атпекет (адвокат), губерне (губерния), бүбірнай (выборный), т.б. б) Ғылым мен мәдениетке, техникаға қатысты сөздер: зауыт (завод), пабрік (фабрика), мәшине (машина), минөт (минута), секөнт (секунда), казит (газета), жорнал (журнал), агроном, кемназия (гимназия), класс, парта, ентірнат (интернат), банік, ләпке (лавка), семенария, пәнер (фанера), училище, пансион, учет, алгебра, карта, кінеге (книга) т.б. в) Қоныс аударуға қатысты сөздер: учаске (участок), пылан (план), заимка, колония, землемер, қотыр (хутор), әренда (аренда), десетине (десятина), ысклад (склад), загон, сажын (сажень) т.б. Рет (ряд) деген сөздің білдіретін ұғымы қазақтың қатар деген сөзіне дәл келеді. Ал қазақ тілінде бұл сөз орыс тіліндегі мағынасын бүтіндей өзгертіп, басқаша мән алған. Мәселен, Ер бір рет өледі, қорқак, мың рет өледі (мақал) дегендегі рет сөзі орыстың раз деген сөзінің орнына жүріп түр. Кеше немістер бізге үш рет шабуыл жасады (Б.Момышұлы). Бұл сөйлемде рет сөзі мөртебе деген сөзбен синоним болып жұмсалған. Сөзін ретпен айтты дегендегі ретпен сөзі белгілі тәртіппен, жүйемен дегенге келеді. Егер ісім өнсін десең, ретін тап (Абай), мұнда рет сөзі қисын, жөн, ыңғаймағынасында қолданған. Орыстың ряд деген сөзі қазақ тіліне енген соң, түр-тұрпатын да, мән-мағынасын да өзгерткен. Сонымен қатар семантикалық үғымын кеңейте отырып, жаңадан бірнеше сөз тудыруға ұйытқы болған. Мысалы: ретті, реттік, реттілік, ретсіз, ретте, реттегіш, реттеу, реттеуші, реттету, реттестіру, реттеңкіреу, реттелу, реті бар, реті жоқ, реті келмеу, ретін табу, рет саны, реттік сан, реттік сан есім т.б. [2]. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тіліне енген орыс сөздерінің бірсыпырасы қазақтың төл сөздерімен синонимдік қарым-қатынаста жұмсала жүріп, көп жағдайда төл сөздерден басым түсіп, жалпыхалыктық сипат алып отырған. Мәселен, орыс тілінен ауысқан бөтелке, бөшке, гармон, божы, көмпит, бишік, кірпіш, сіріңке, көшір тәрізді сөздер қазіргі әдеби тілден мықтап орын тепкен де, бұлардың ана тіліндегі сыңарлары сөйлеу тіліне қарай ығысқан, сөйтіп пассив сөзге айналған. Қазір сіріңке деген сөз тұрғанда оның орнына оттық, күкірт, шақпақ деген сөздерді қолдану әдеби нормаға жатпайды, Сол сияқты гармон деген сөз тұрғанда, сырнай, керней, ал кірпіш тұрғанда қыш әдеби тілде қолданылмайды. Демек, бұл сияқты орыс сөздері сөздік қорға басыбүтін кіріп, әбден орнығып алған. Енді бір жағдайда қазақтың тума сөздері орыс тілінен ауысқан сыңарларын сөйлеу тіліне ығыстырып жіберген. Мөселен, шыт, тәулік, кезек, құлақшын, шам, ілгек, ие, кесе деген сөздер әдеби тіддің шеңберінде жалпылама қолданыла береді. Ал бұлардың орыс тілінен келген сыңарлары: сиса, сөтке, өшірет, малақай, лампа, қожайын, күршек, пияла сияқты кірме сөздер көбінесе сөйлеу тілінде, көркем шығармада кейіпкерлердің тілінде кездеседі. Орыстың пара деген сөзі біздің тілімізге пар болып ауысқан. Пар деген сөзден парластыру, парласу, парлату, парлау тәрізді туынды сөздер жасалып, сөздік кұрамды байытуға ат салысқан. Сол сияқты мәнерлі сөз, мөнерлеу тәрізді жаңа ұғымның тууына орыстың манера деген сөзі себепкер болса, межелі жер, межелеу деген тың сөздердің жасалуына да орыстың межа деген сөзі ұйытқы болған. Қазақ тілі төңкерістен бергі кезеңде өзінде жоқ, жетіспеген сөздердің бәрін орыс тілінен (немесе осы тіл арқылы) алды. Бұрын-соңды тілімізде айтылып көрмеген қыруар термин сөздер ауысып келді. Олар бір-бірлеп кірген жок, қаптап лек-легімен енді. Бұлардың басым көпшілігін орыс тіліндегі қалпында, түр-тұлғасы мен мағынасын өзгертпей қабылдадық. Терминдердің айтылуы мен жазылу принципі де сол келген тілге бүтіндей бағындырылды. Сонымен, сөздердің жаңа заттар немесе жаңа ұғымдармен бірге ену құбылысы тіл-тілде сөз алмасудағы басты және дағдылы құбылыс болып саналады. Қоғамда болып жатқан жаңа құбылыстар, жаңа қарым-қатынастар жаңа ұғымдарды өзімен бірге әкелетіні сөзсіз. Тарихи деректерге сүйене отырып, тіліміздегі кірме сөздердің әр кезеңде әр түрлі қоғамдық өзгерістер мен жағдайларға байланысты сөздік құрамымыздан орын теуіп отырғандығы белгілі болды. Ал соңғы уақытта өзіміз көріп отырғанымыздай, аударылған күйде қолданылып жүрген сөздермен қатар, шет тілі элементтерін аудармасыз тікелей алып қолдану белең алуда, яғни экзотизмдер қатары молая түсуде. Жер бетіндегі тілдердің өзара қарым-қатынасы, бір-бірімен байланысы тіл біліміндегі күрделі проблемалардың қатарына жатады. Тілдегі ауыс- түйістің көбісі лексика саласында болатындықтан оған тарихи лексикологияның тікелей қатысы бар. Айта кету керек, жалпы тілара контакт мәселесінің лингвистер тарапынан зерттеле бастағанына екі ғасырдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде бұл проблема жан-жақты тексеріліп, оның неше алуан құбылыстары мен түрлері тиісті теориялық шешімін тапқаны мәлім. «Алайда әрбір халықтың өзіндік тарихи даму жолы, басқа халықтармен араласуында өзіне ғана тән ерекшеліктердің болуына байланысты бұл мәселенің нақтылы тарихи-лингвистикалық деректер негізінде зерттелуі талап етіледі», — дейді ғалым. Қазақ тілінің басқа туыс (қырғыз, өзбек түркімен, ұйғыр тағы басқа), туыстас (монғол, бурят, қалмақ) және өзге системалы (орыс, қытай, араб, иран) тілдерімен көрші ретінде тарихи саяси, мәдени, географиялық жағдайларға байланысты да әр дәуірдегі қарым — қатынастары, олардың өзара ықпалы лексикалық ауыс-түйістері ерекше назар аударады. Осыларды зерттеуде қазақ тілі тарихи лексикологиясының төл істерінің бірі. Бұл саладағы ізденістерді бірнеше бағытта қарастыруға болатын сияқты. Бөтен тілдердің элементтері араласпаған бірде-бір «таза» тіл жоқ деген қағида бар. Түркі тілдерінің ішінде өзінің тұтастығын, монолиттігін, тазалығын, өзіне тән ұлттық ерекшелігін, өз бойында көбірек сақтап келе жатқан қазақ тілінің лексикалық байлығында да шет тілі элементтері көп кездеседі. Ол барлық түркі тілдеріне ортақ базистік лексиканы, әсіресе, оның қыпшақ компоненттеріне тән түбір тұлғаларын мол сақтай отыра, ғасырлар бойы даму жолында басқа тілдердің элементтері арқылы да толығып, үздіксіз байып отырады. Қазақ тілі лексикасы құрамында көне де байырғы қазақ сөздерінің жымдаса, қатарласа қолданылып жүрген кірме сөздердің саны уақыт өткен сайын әр түрлі жағдайда араласқан тілдерден әсер-ықпалымен аса түспесе азайған емес секілді пікірлерге келісуге болады. Пайдаланылған әдебиет 1. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2. – Алматы: Жазушы, 2005. 2. Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. –Алматы. «Арыс» баспасы, 2004. 3. Қараев М.Ә. Қазақ тілі. –Алматы: Ана тілі, 1993. –Ақтөбе, 2007. 4. Абай тілі сөздігі. -Алматы, 1968. 5. Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. –Алматы: Ғылым, 1985.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar