ЖАЛПЫТҮРКІЛІК ТЕРМИНҚОР ЖӘНЕ ҰЛТ ТІЛІНІҢ МҮДДЕСІ

Қазіргі таңда қоғамдағы жаңалықтарға сай күн сайын жаңа сөздер мен терминдер пайда болып жатқандығы тілдің үздіксіз даму үстінде екендігін білдіреді. Бүгіні заман — халықаралық қатынастардың орнаған, мәдениет пен өркениеттің тоғысқан заманы. Мәдениеттің де, мәдени бірліктің де тербелер бесігі – ең әуелі тіл болмақ. Тіл арқылы мейлінше кең және терең қарым- қатынас, ақпарат алмасу арқылы бүкілхалықтық бірлік орнайды. Осы ретте түркі елдері мен түрлі сала мамандарының өзара аудармашысыз қатынаса алуының бірден-бір жолы – кезінде А. Байтұрсынұлы ұсынып кеткен және бүгінде де қабылданып, қазақ тілі терминін жасау тұжырымдамасында атап көрсетілген басты үш ұстанымның бірі – ғылым атауларын түзуде түркі тілдері тәжірибесіне арқа сүйеу. Мысалы, ғылым-білім, қоғамдық өмір мен саясат атауларын түзу кезінде өз тілімізде жоқ, ұлттық баламасы табылмаған, тыңнан жасауға келмеген атаулар орнына Еуропа тілдері сөздерін ала салғаннан гөрі, бар болса, басқа түркі тілдеріндегі бұрыннан қолданылып келе жатқан немесе жаңадан жасалған сөздерді, сөз үлгілерін алған жөн болады. Түркі тілдерінің терминдер жүйесін жақындастыру, ортақ терминдер қорын молайту бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Түркі халықтары терминдер қорын тіларалық біріздендіру мәселесі қолға алынғанымен, оның тиімді тетіктері толық қалыптаспай отыр. Түркі тілдерінен термин алмасудың тілдік артықшылықтары туралы пікірлерді түркітанушы, лингвист мамандардың әр кезеңде жазған еңбектерінен кездестіруге болады. Ортақ терминдер түркі халықтары арасындағы тілдік, ғылыми-мәдени байланысты, ынтымақтастықты нығайтуға және өзара түсіністікке негіз болады. «Тілі бірдің – тілегі бір» демекші түркі тілдерінің шыққан түбі бір, сөздеріміздің түбірі бір. Демек, тілегіміздің бір, мүддеміздің ортақ болуы табиғи нәрсе. Ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан сол жалғастықты үзбеу, жақындығымызды алыстатпау – жеке-жеке ұлт пен ұлыс болып отырған көк түріктердің бүгінгі ұрпақтарының парызы екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – әлем халықтарының туыстас тілдер арасындағы қарым-қатынас тәжірибесін негізге ала отырып, түркітілдес халықтардың ғылым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин алмасу үдерісін дұрыс жолға қою және ғылымның түрлі салаларындағы ортақ терминдер қорын молайту, осы жұмысты үйлестіру тетіктерін анықтау болды. ХІХ ғасыр аяғында қазақ тілінің мәселелерімен кейбір қазақ оқығандары шұғылдана бастады. Олар мақалалар жазып, қазақ тілінің жай-күйін, жазуының мәселелерін қозғады. Ы.Алтынсариннің атақты «Хрестоматиясы» басылып шықты. «Айқап» журналы (1911-1915) және «Қазақ» газеті (1913- 18) беттерінде қазақ тілінің өзекті, жан ауыртар жағдайлары сөз етілді. Міне, осы мақалаларда, Ы.Алтынсариннің «Хрестоматияларында» қазақ тілінде алғашқы лингвистикалық терминдер қолданылды. Бұлардың бәрі қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық терминологияның бастау көздері деуге лайық құбылыс болатын [1; 50]. 1910-1930 жылдарға дейінгі аралықта Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ұстанымдарына сәйкес термин шығармашылығы ұлттық сипатта дамуымен ерекшеленді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары мерзімді басылымдарда жиі көрінген атаудың бірі – «пән сөздері» деген тіркес. Бұл — біз бүгін «термин» деп атап жүрген сөздің алғашқы қазақша нұсқасы. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым ретінде Ахмет Байтұрсынұлы терминология саласындағы негізгі ұғымдарды және олардың өзара байланысын анықтап, яғни қазақ тілінің табиғатын көрсететін ұғымдар жүйесін түзумен қатар, сол ғылыми ұғымдардың атауларын да жасаған. Ғылыми ұғымдарға ат қою оңай жұмыс емес. Ол үлкен талғампаздықты, тілді шебер пайдалана білуді қажет ететін шығармашылық үдеріс. Бұған қоса арнаулы ұғымдарға ат қою кезінде ұғымдар жүйесінің өзіндік ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Осы орайда 1924 жылы 12-18 маусымда Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш І съездінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы бастаған бүкіл Алаш зиялылары мен Ишанғали Арабайұлы бастаған қырғыз оқығандары бас қосты. Съезде Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздері» деген тақырыпта баяндама жасап, сол баяндама негізінде терминологияны дамыту қағидаттары бекітілді: 1.Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінде алынатын болсын… 2.Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер басқа түрік халықтарынан ізделінсін; басқа түріктер тіліндегі пән сөздер жалпы түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, — ондай сөздер жатырқамай алынсын. 3.Еуропа халықтарының бәрінің де сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақтың заңдарына келтіріліп бізге де пән сөзі болып алынсын… [2; 105] Съезде бекітілген қарарда басқа түркі тілдеріндегі пән сөздерін енгізу, пайдалану, жатырқамау туралы жайттардың сөз етілгенін көреміз. Ал 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында «Бірінші Бүкілодақтық түркология съезі» өтіп, оған көптеген түркітілдес халықтардың ғалымдары қатысты. Осы съездің күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі – түркі тілдерінің терминологиясы болған еді. Бұл съезде терминология мәселелеріне арналған баяндаманы Қазақстан тарапынан А.Байтұрсынұлы жасады. Қазақ зиялылары бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра алмады. Бакудегі түркология съезінен кейін көп ұзамай 20- жылдардың аяғына қарай Алаш зиялылары қуғындала бастады. Олардың түркі халықтарының өзара терминалмасу мәселесін жолға қоюға бағытталған жұмысы 30-жылдардан кейін жалғасын таппай қалды. Осы өткен кезеңдерде түркі тілдері өздерінің салалық терминдер жүйесін өздері жеке-дара қалыптастыра бастады. Кеңестік дәуірде түркі тілдерінің ішкі қарым- қатынасы тежеліп, өзара тұйықталып, бір-бірінен алыстай түсті. Ұлттық тілдер терминдерінің дамуы термин шығармашылығында өз тілімен шектеліп, терминдерді біріздендіру тіларалық емес, тілішілік деңгейде жүргізіліп, тек өз тілдерінің аясында қарастырылды. Соның салдарынан бір тілдегі жетістік екінші тілге өтпей, пайдаланылмай қалды. Ғалым А.Байтұрсынұлы бастаған термин жасау мәселесін ары қарай ғылыми тұрғыда қарастырған Қ.Жұбанов болды. Профессор Қ.Жұбановтың терминологияға қатысты басты жаңалығы – қазақ орфографиясын тұрақтандырудағы рөлі. Ғалым орыс тілінен енген интернационал терминдер тұлғасын өзгертпей жазу принципін алғаш ұсынып және ол пікірін жан- жақты дәлелдеп шықты. Профессор қазақ терминдерін жасауда екі нәрсенің басын ашып айтады. Оның бірі – халықаралық сипат алған терминдерді сол қалпында қабылдау болса, екіншісі – қазақ тілінің өз мүмкіншілігі арқылы жасалынған терминдерді пайдалану. Қ.Жұбанов «Қазақ әдебиеті тілі терминдері туралы» атты мақаласында тұңғыш рет терминологиялық принциптер жасап, талқыға ұсынды. Бұл ұсынылған принциптер Мәдениет қызметкерлері съездінде мақұлданып, содан кейін қазақ жазуында сәл де болса жүйелілік пен сауаттылық негізі қаланды [3; 43]. Терминология мәселесі қашан да ғылым тілімен, қандай да бір болмасын ғылым саласын алға сүйреуші ғалымдар есімімен байланысты. Бүгінгі дамыған қазақ ғылымының бастау көзін ондағы терминологиялық жүйенің қалыптасу тарихы ғылымның көшбастаушысы болған ғалымдардың еңбектерімен байланыстырамыз. Тіл білімі, әдебиеттану салаларын ғалым А.Байтұрсынұлы бастаса, алғашқы математика оқулықтарын М.Дулатов, С.Қожанов, Қ.Сәтбаевтар жазған. Сол сияқты физика мен геометрия – Е.Омаровтың, психология – Ж.Аймауытовтың, педагогика – М.Жұмабаевтың, тарих терминдерінің қалыптасуы М.Тынышбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов есімдерімен тығыз байланысты. Бүгінде қазақ ұлттық терминологиясының өзекті мәселелері Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы т.б. ғалымдар зерттеулерінде сапалық, мазмұндық жағынан жаңа деңгейде шешімін тапты. Біз ғылыми мақаламызда түркі тілдерін жақындастыру қажеттігі, маңыздылығы туралы ғана емес, бұл істі қалай қолға алып, баянды ету керектігі жөнінде ой қозғауды басты мақсат еттік. Жалпы еуропалық тілдер тобымен салыстырғанда аралары ажырай қоймаған түбі бір түркі тілдерін жақындастырудың бірнеше көздері барын айтуымыз әрі оларды орайы, оңтайымен пайдалана да білуіміз керек. Олар – біріншіден, мысалы, Орхон Енесей жазба ескерткіштерінен жеткен йер/йір (жер), суб (су), үкүз (өзен, дария), көл, таш/тас, тағ (тау), төпе (төбе), ата, апа, ақа (аға), ечі (әже), йегін (жиен) йотаз/қатун, қунчуй (бикеш), қыз, оғул, оғлан, ад(з)ақ (аяқ), арқа, боғуз (бұғаз, тамақ), баш/бас, бод (бой), йан (жан), йақ (жақ), көз, қулғақ (құлақ), сүңк (сүйек), сач (шаш), өд (өт), қан, тыл (тіл), ат, йонт/жұнт (жылқы), іңгек (сиыр), адғыр (айғыр), інген, тебе (түйе), бұқа, өкүз, қон (қой), тоңуз/лағзын (шошқа), тоғуқ (тауық), қуш, ит, тиіін, бічін (мешін), қаз, киік, будун (халық), еб (үй), барқ (сарай), қапығ (қақпа), бедіз (өрнек), қорған, балбал (сынтас) сияқты түркілік сөздер негізінде жасалады. Екіншіден, абзал, ажал, аждаһа, азамат, азап, айып, ақпар(ат), ақыл, алмас, амал, ара, арба, арман, арша, арыз, аспап, асыл, ахуал, аяз сияқты арғы тегі араб-парсылық сөздер арқылы жасалады және үшіншіден, орыс тілі арқылы енген еуропалық сөздер де тіліміздегі ортақ түбірлер қатарын елеулі түрде көбейте алары белгілі. Мысалы, мұндай ортақ немесе жартылай бірдей атаулар жүйесі кешегі күні де аз болған жоқ. Біз мақаламызда түрік терминдерін жақындастыру жолында келелі ой сабақтап жүрген ғалым Ы.Ақайлының тұжырымдарын басшылыққа алдық. Мәселен, ғалым түркі тілдеріне ортақ терминдердің шығу тегі бір екенін көрсетеді

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar