Жан Бодриар туралы

Жан Бодриар (1929) — француз философы, социолог, мәдениеттанушы. Негізгі шығармалары: «Объекттер жүйесі» (1968), «Өндіріс айнасы» (1973), «Символикалық айырбас және өлім» (1976), «Симулякрлар мен симуляция» (1981), «Бұлтартпас жол­жобалар» (1983), Қастандық мөлдірлігі» (1990) және өзгелері. Өзінің шығармашылық қызметін Лаканның структуралық­лингвистикалық психоанализіне және Соссюрдың лингвистикасына бойлау арқылы марксизмды қайта саралаудан бастаған. Нәтижесінде Бодриар саяси экономиканы сыни толықтырудан таңба, символикалық объекттер және коммуникациялар теориясын жаңаша жасауға көшті де, ақырында көптеген тарихи материалдар тартып, өз теориясын жасады. «Таңба саяси экономиясы» сынының Маркстікінен өзгешелігі, ол бағаның тауарлық формасын емес, оның таңбалық табиғатын зерделейді, онда пайда принципіне негізделген тұтыну бағасының функционалды логикасы, айырбас бағасының экономикалық логикасы (эквиваленттілік принципі), таңба бағасының дифференциалды логикасы (айырмашылық принципі) және символикалық айырбас логикасы (амбиваленттілік, немесе, қоснұсқалылық, принципі) дараланады. Мосс және Батайдың экономикалық концепциясына сүйеніп Бодриар символикалық айырбас логикасының мәнділігін айырықша атайды, өйткені, дәл соның бұзылуы объекттердің абстрактты рационализациясына» және олардың тауарға немесе таңбаға айналуына себеп болады. Бұл процесс жоспарлы редукцияға, айырбас объекттерінің сапалы көптүрлілігін өзінде тұтынушы, айырбас және таңба формаларын ұштастырған және объекттердің өзін тауарға айналдыратын бір формаға айналдыруға әкеледі.

Осыдан, Бодриар бойынша, европалық өркениетінің тағдырын күрт өзгерткен жүріс туындайды: тауар мен таңба бір­біріне теңестіріліп, бірін­бірі ауыстырады, сөйтіп олар мағыналардың дәстүрлі бақылау тетіктерін, ал содан соң «символикалық өндіріс» технологиясы ретіндегі мәдениет негізінде жатқан бүкіл таңбалау процессін жояды. Таңбалардың осындай өзгеріске түсуі Қайта Өрлеу дәуірінде болды, соның нәтижесінде айырбастың әмбебап тілі бағаның әмбебап эквиваленті ретіндегі ақшаға тең және нақты материализацияға байланысты тәуелділік алатын абстрактты таңбаға айналды. Осыған байланысты индустриядан бұрынғы қоғамдарда билік еткен және таңбаның «қайтарымын» тек қана материалды эквивалентпен өзара әрекеттен емес, сонымен бірге, осы таңбаның мәнісінен, оның мағыналық мазмұнынан іздейтін коммуникациялардың барлық түрлерінің символикалық құрылымы бұзылады. Таңба объекттерден тәуелсіз өзінің өзіндік мағыналар аймағында тәуелсіздікке жетеді және тарихи экстраполяцияда қосалқы бағаның шынайы билігін иемденуде таңбалаушының таңбаланушыдан үзілуін және алыстауын пайдаланатын капитализмның туындауына және дамуына ықпал етеді. Билік тек қана объекттерді тура иелену емес, ол оларға экономикалық бағасына тең кез келген ахлақтық құндылық жүктеу, ал содан соң жаппай экономикалық, саяси, идеологиялық бақылау ретіндегі мағына беру және номинациялау жүйесін жасау мүмкіндігі. Былайынша айтқанда, социумдар өледі, бірақ, символдар мәңгі. Капитализм заманында олар өздері таңбалаған затынан бөлініп, жеке өмір сүре бастайды. Мысалы, қазір демократиядан көп елдерде тек аты ғана қалған, әйтсе де, революциалардың Отаны Франция да, өзге елдерге демократияны күштеп енгізуші Америка Құрама Штаттары да, «қызғалдақтар» революциясын жасаған Қырғызстан да демократиялық деп атала береді.

Читайте также:  Жасырын және ашық қарекеттер

Ал, мүмкін, таза түрде ол тек Көне Грецияда ғана болған шығар. Демек, демократия ұғымы қазір симулякрға айналған. Ал симулякр дегеніміз мағынасынан айырылған символ. Қазіргі адамзаттың (имулякрлану тарихын былай көрсетуге болады: «әлеуметтілікке ұқсау» (Қайта Өрлеу дәуірінен өндірістік революцияға дейін), «әлеуметтілікті өндіру» (капиталимның дамыған дәуірі) және «әлеуметтілікті симуляциялау» (қазіргі кезең). Қазір баға заңының өзгеріске і үсуі де таңбаның түрлі кезеңінде «шарттылық түзілімінен» «симуляциялық түзіліміне», терең шынайылықтан — оның азған түріне көшуіне байланысты «табиғидан», «тауарлық» және «структуралыққа» ауысып, өзін түгескен. Таңбалар оларды әлеуметтік бақылау құралы ретінде үнемі пайдалана берудің нәтижесінде XX ғасырдың аяғында өз референттерінен мүлде үзіліп болып жатқан оқиғалар мен дәйектерге сәйкес емес мағыналарды өндіретін және тарататын симулякрларға айналады. Осыған байланысты олар бірмәнділіктен айырылады. Қазіргі әлем, Бодриар бойынша, өздерін өздері ендіретін, өз болмысының шарттылығында айналатын және тек өз шынайылығымен уәждайтын симулякрлардың өндірістік моделдерінің әлемі. Барлық өзге шынайылық, тіпті, тарихиға шейін біз үшін бұқаралық ақпарат құралдарына енгізілген болып көрінеді және асқан ағындылыққа, асқан өткізгіштікке (сверхпроводимость), сіңісуге (контаминация) және кекірейе толысуға ие. «Құмарту», немесе «азғыру» баспалдақтарынан өтіп, біз «гиперреалды» симуляция әлеміне енеміз, онда «шынайылық емес» деп өз­өзіне ұқсас шынайылықты айтады, онда барлық оқиғалар бір кезде болып үлгірген нәрсені қайталайды, ал қозғалыс барған сайын бұлдырлыққа толы және «бұлтартпас жол­жобалар» («фатальные стратегии») сейілудің фракталды формасына көшеді. Бодриар барлығы болып біткен және «қазіргіліктің буырқанған сәтін» әйгілейтін қазіргі батыс мәдениетінің ахуалын «оргиядан кейінгі» деп атайды.

Бұл арада «оргия» дегеніміз масаңдану мен азғындық араласқан елірген той­томалақ. Соңғы жиырма жыл шамасында Бодриар постиндустриалды қоғамға диагноз қойды. Оның ойынша, ғасырдың аяғын үнемдеп, бірден екі мыңыншы жылға көшкен жөн, өйткені жиырма бірінші ғасыр іс жүзінде бітіп болған, ал тарихтың ассимпотикалық траекториясы ақырға, оған ешқашанда жетпей қарсы бағытта алыстай беретін болса да, шексіз жақындауға кесілген. Бодриардың біз ұсынып отырған шығармасы 1983 жылы жазылған. Қиындық атауын аударудың өзінен басталады. Шығарма орысша «Фатальные стратегии» деп аталады. Бұл шығармасында Бодриар шынында да қазіргі заманға диагноз қоюшы ретінде көрінеді. Бірақ, бұл пайғамбарлық та, көріпкелділік те емес, заңдылықтарды сыйлап, солардың соңынан еру. «Фатум» ұрым мәдениетінің ұғымы, ол тағдырдан гөрі бұлтартпайтын заңдылыққа ұқсас. Фатумға құдайлардың өзі бағынған. Бодриар қазіргі әлемді жалғанданған деп түсініп, симулякрға айналған дүниені әшкерелеумен болады. Француз ойшылының терминологиялық жүйесі жәй сөздерге философиялық мағына берумен ерекшеленеді. Олардың қатарында: экстаз бен инерция, террор, непристойность, заложник, принцип Зла, трансполитика. Біз экстазды — еліру, инерцияны — баяулау, заложникті — аманат, непристойностьті — абыройсыздық деп аудардық. Кейбір автор үшін өте маңызды және қазақ баламасында онша дәл болмайтын терминдерді сол күйінше қалдырдық, мысалы, объект, субъект, террор, порно. Бір ғажабы, Зло деген сөзді қазақшаға аудару қиын болды. Бұл сөздің дербес ұғымы ана тілімізде жоқ болып шықты. Мысалы, «зұлымдық» десеңіз ол орысша «коварство» болады. Сондықтан біз «қастандық» деп аудардық. Қазақша баламасында «зло» объективты құбылыстан гөрі субъективты ұстанымға жақын. Тағы бір тікелей берілген терминнің бірі «зондаж», оның мағынасы — белгілі сауалдар жүйесі арқылы қоғамдық пікірді аңдау. «Ожирение» сөзі «кекірелеу» деп аударылды. Себебі, мәселе семіздікте емес, май басып, лықа толысуда. Шантаж сөзін кейде бопса деп аудардық, кейде өз қалпында қалдырдық. «Непристойность» деген терминді аударғанда да біраз ойлануға тура келді. Бодриардың айтуынша, иллюзияның көріну тәсілі — сахна (scene), ал шынайылықтың көріну тәсілі — сахнасыздық (obscene), орысша «обсценное» және «непристойное» деген мағыналас сөздер. Бұл атаудың осы ерекшелігін ескеру керек болды. Осыған байланысты біз әлгі сөзді «ұятсыздық» демей, «абыройсыздық» деп аудардық. Өйткені, Бодриардың сахна деп отырғаны ол — қоғамдық сана, сол сияқты абырой құбылысы да тек қоғам қолдағанда ғана пайда болады. Мұнан өзге терминдерге түсініктемелер мәтін бойынша кездесе береді.

Читайте также:  НАУРЫЗБАЙ БАТЫР ҚҰТПАНБЕТҰЛЫ

Оставить комментарий