Жан-Франсуа лиотар туралы

Жан­-Франсуа Лиотар (1924) — француз ойшылы, философияда постмодернизм шарттарын негіздеген «нарратология» концепциясының авторы. Оның шығармашылығына Кант ой машығының жаңа түрі (неокантианство), өмір философиясы, экзистенциализм, аналитикалық дәстүр, М.Фуконың «билік философиясы» және, әсіресе, тіл философиясы (Л. Витгенштейн) байсалды ықпал еткен. Негізгі жұмыстарын ол 70­80­ші жылдары жазған: («Нәпсіқұмарлық экономикасы», 1974; «Бәстесу», 1983; «Интеллигенцияның табыты», 1984 және өзгелері), олардың ішіндегі ең аты шулысы осы кітапқа кірген «Постмодернның шарты» (1979). Дәл осы жұмысында Лиотар тіл философиясына сүйеніп, батыс мәдениетіндегі білім турлерінің дербес астамшылдыққа талпыну маңызын ашады. Бұл арада біз тіп философиясының атасы Людвиг Витгенштейн туралы бірер сөз айтып кетуге тиіспіз. Соңғының ілімі бойынша, философия тілде жасалады, өзінен өзі тірлік ететін ұғымдар жоқ, тіпті, Құдай, Адамзат, Идеал ұғымдарының өзі тілдің бөлшегі ғана; олар белгілі бір тілде кездессе, өзге тілдерде кездеспеуі де мүмкін; мысалы, метафизика сөзін алғаш қолданған — Аристотель, бірақ оның кезінде әлгі соз тек «физикадан кейінгі» деген мағынаға ие болған, ал қазір біз метафизика сөзін «абстрактты ұғымдар әлемі», немесе философия мағынасында қолданамыз. Ал қазақ тілінде бұл сөз мүлде кездеспейді, орыс тіліне де грек тілінен енген. Демек, метафизика ұғымы белгілі тілдің мүмкіндігін пайдаланып, қолдан жасалған нәрсе, яғни, ондай құбылыс дүниеде жоқ, ол тек белгілі бір сөзді қате пайдаланудан туындаған нәрсе. Барлық өзге соз де осындай. Сондықтан, табиғи құбылыс ретінде ғылым да, философия да жоқ, олар тек тіл ойындары. Философтың міндеті осы ойындардың табиғатын ашып беру, сөйтіп, тұлға санасын зердеуи қателерден емдеу. Міне, Лиотар білім табиғатын пайымдауда осы тіл философиясын қолданады. Оның ойынша, білімді қолданудың басты түрі «наррация», немесе әңгімелеу тәсілі, әртүрлі тарихи кезеңде тәсілдер алуан түрлі болады. Олардың негізгі «заңдастырушы» түрін Лиотар «макронарратив» деп атайды, былайынша айтқанда, белгілі қоғамның басты идеологиясы; мұсылман елдері үшін ол — Аллаға табыну, Құранға бас ию, кешегі Кеңес Одағы үшін — коммунизм ілімі.

Читайте также:  Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетіндегі ұлттық сана мен ұлттық идеология

Сол сияқты әрбір мәдениетте өзінің макронарративы болады. Сонымен бірге, осы макронаррациялармен қатар күнбе күнгі тәжірибедегі кәдуілгі өмірдің тұтастығын қамтамасыз ететін отбасы сияқты негізгі құрылымдар деңгейіндегі «дінсіз» микронарративтер де тірлік етеді, және олар билік позициясына талпынбайды. Белгілі бағыттағы әңгімелердің бәрін Лиотар «дискурс» деп атайды. Ол ең үлкен әңгіме, немесе «метанаррация» және осы қалпында ол басқару тетіктерінің барлық қызмет түрін қолдайтын «әлеуметтік мифологияны» жасайды. Ал Лиотар бойынша «қазіргіден кейінгі» («постмодерн») ретіндегі біздің уақытымыздың ерекшелігі XX ғасырдың алапат оқиғаларынан (мысалы, Освенцимдегі жаппай адам өлтіру нәубетінен) кейін макронарративтер (басты нұсқаулар, немесе нұсқаушы идеялар) өзінің заңдастырушы күшінен айырылған. Өйткені оларға енді ешкім сенбейді. Идеологиялардың үнемі өзгере беруі ақыл билігіне, хұқық еркіндігіне және әлеуметтік прогресске деген сенімнің күйрегенін дәлелдейді. Гегельдің спекулятивты философиясында ұйысқан Ағарту дәуірінің құндылықтары мен идеалдарының дағдарысы жалпы нәрсенің тегеурінділігінен жеке тәжірибенің өзіндік дербес құндылығына кету қажеттілігін мегзейді. Сөйтіп, «Қазіргілік жобасы» ахлақты заңның тәуелсіздігіне негізделген және қажетті түрде Кант метафизикасына жүгінеді. Жеке таңдау хұқығы өзінің жүзеге асуында көптеген түрлі тілдердің, әртекті «тіл ойындарының» бірге тірлік ету практикасына әкеледі. Олардың мақсаттары («денотативты», таңбалаушы ойындар) мен стратегиялары («прескриптивты», әрекет етуші тіл ойындары) әралуан болғасын, бір біріне толық сәйкестігі беймүмкін. Әлеуметтік саясаттың мұраты ретінде көпшеленген нәрсені социумның тұтас ұжымдық денесіне зорлап унификациялау емес және, тіпті, олар арасындағы диалог мүмкіндігінің ортақ тілін іздеу де емес, осы әртектілікті сақтау, түрлі тіл ойындарының практикасын қолдау көрінеді. 80­ші жылдардағы жұмыстарында Лиотар «синхрония» және «диахрония» қатынасындағы структуралистік моделдерге сүйеніп, билік тілі терминологиясын нақты қарастыруға кіріседі. Тілді билік құралы ретінде пайдалану тұрғысынан тіл материалын өндеудің түрлі тәсілдері бар. Олар сөйлемге бірігетін ең кіші нарративты бөлшек — сөзден басталып, нақты мақсатқа бағынған дискурстың арнайы нұсқаларына шейін жетеді. Өстіп, тілді «пайдаланудың ережелері» және методологиялық процедуралары ретіндегі сөйлемдердің «режимдары» мен дискурстардың «жанрлары» пайда болады.

Читайте также:  Тарих және ақиқат

Соңғылар арқылы билік тілге оның мазмұнын сөз қолданудың түрлі тәсілдерімен иемденіп, билік етеді. Мұндай ережелердің тарих контекстіне тәуелділігіне қарамастан, әрқашанда тек қана референт, тұтынушы, бағынышты «жеңіледі». Қатынасу аймағында билік өзіне пайдалы «күштер тепе­тендігін» сақтау технологиясы ретінде жүзеге асады: ділмәрсу арқылы жасалатын билік дискурсы қатынас ортасында «орталық» позициясын иемденіп, барлық өзге дискурстық практикаларды, олардың хұқықтық мүмкіндіктерінің араласып кетпеуін қадағалап, және «тіл ойындары» аймағына жібермей, өзіне бағындыруға тырысады. Қазіргі жағдайды Лиотар ондағы «проскрипция» астамшылығының экономикалық дискурстың басымдылығына әкелетін «тіл ойынының» онтологиялық экстраполяциясы ретінде әйгілейді. Осы жағдайға қатысты оппозиция Лиотардың биліктің орталықтану практикасын оның толық түгесіленуіне дейінгі дәрежеге жеткізу талпынысындағы табандылығын әйгілейді. «Постмодернның шарты» жұмысы алғаш рет постмодернизмді бүкіл әлемдік парадигмалық құбылыс деп атаған дүние. Бұл арада «парадигма» дегеніміз тұтас білімдік­ эстетикалық жүйе. Лиотар осындай жүйелердің ауысу технологиясын зерделейді, қазіргі білімнің метанарративты мойындамайтын жаңа деңгейге көтерілгенін әйгілейді. Наррация, метаннарация туралы жоғарыда айтып кеттік. Жұмыста тағы бір көп кездесетін атау — «перформаттылық». Ол «перформатив» деген сөзден нәр алады. Бұл сөз performo — «әрекет етемін» деген латын сөзінен шыққан. Ол әрекет пен оның таңбалауы, әйгіленуі бірге қосылған тұжырымдау тәсілі. Бір нәрсені айту және сол заматта жасау. Перформатты тұжырымға «рақмет айтамын», «бұйырамын», «уәде етемін» сияқты, сөзі әрекетіне сай тіркестер жатады.

Оставить комментарий