ЖАПОН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Мақал-мәтел дегеніміз халықтың өмір тәжірибесінен шыққан айқын ойды үлгі-насихат, өнеге-өсиет ретінде көркем бейнелеп жеткізетін нақыл сөз. Мақал- мәтелдерден әр халықтың тарихы, өмірі, қоғамдық тұрмысы көрініс табады. Мақал-мәтел бір дәуірдің ғана жемісі емес. Олар халықтың өткенімен тығыз байланыста болады. Мақал-мәтелдер өздерінің ішкі мазмұны, мағынасы жағынан әрбір дәуірдегі түрлі тарихи оқиғаларды, халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Сондықтан да, мақал-мәтелдер ұлттық сипаттағы тақырыптарға және мағына жағынан бай болып келеді /1/. Жапон халқының өмірінен мақал- мәтелдер ерекше орын алады. Жапонияның, оның халқының ұлттық ерекшелігін, әдет-ғұрпын және тұрмысын білгісі келген әр адам бұл таныстықты жапон мақал-мәтелдерінен бастағаны дұрыс. Себебі, жапон ұлттық мақал- мәтелдері осы дарынды, еңбекқор халықтың ұлттық бейнесін барынша анық қалыптастырып, жапон тілінің поэтикалық сұлулығын сезінуге көмектеседі. Жапон мақал-мәтелдерінде жер бетінде өмір сүретін басқа халықтар арасынан өзіне тән сипатымен ерекшеленетін осы халықтың өмірлік ұстанымы мен көзқарасы, көңіл-күйі, қуанышы мен қайғысы, сүйініші мен жұбанышы кеңінен көрініс табады. Халық ауыз әдебиетінің осы «шағын» жанрында өз басынан өткен өмір тәжірибесінен тиісті қорытынды шығарып, оны әдеби көркем тілменен жеткізе білген. Жапония халқы өзінің ұлттық құрамы, тілі, мәдениеті және ділі тұрғысынан бір текті болып келеді /2/, бұл елді мекендейтін халықтың тоқсан тоғыз пайызы жапон ұлтының өкілдері екені белгілі. Жапония – бірнеше ғасырлар бойы шет мемлекеттер үшін жабық болған аралдық мемлекет. Бұл елдің аумағында қолданылатын басты және бірден бір тіл – ол жапон тілі. Хоккайдо, Кюсю аралдарының немесе Осака қаласы тұрғындарының тіліне тән өзіндік диалектілер болғанмен, олардың жалпыға ортақ нормативті жапон тілінен аса айырмашылығы жоқ. Сондықтан, бұл диалектілер жергілікті халықтың өзара қарым-қатынасында еш кедергі тудырмайды. Жапонияның барлық мектептерінде 「国語」«Ана тілі» пәні оқылады, ал оның негізін әдеби тілдің токиолық үлгісі құрайды /3/. Жапон өркениетіне алғаш кез болған шетелдік адам жапондықтармен неғұрлым жақын танысып, олардың тұрмысына тереңірек көз салған сайын, соғұрлым олардың басқа халықтардан өзгеше, өзіндік ұлттық келбеті, рухани бейнесі бар екенін айқын аңғара бастайды. Шетелдіктердің назарын жиі аудартатын бір ерекшелік – Жапонияның бүкіл аумағында, яғни, түрлі аралдарында өмір сүретін барлық халықтың өзін қоршаған орта мен қоғам жайлы түсінігі, көзқарасы және әдеттерінің бірдей болып келетіндігі. Жапонияда әртүрлі іс-сапармен болған кез-келген шетелдік адам бұл ел тұрғындарының бойындағы әдептілік, кішіпейілділік сияқты қасиеттерге ерекше көңіл бөледі. Жапондықтар «Әдептілік – жетістік кепілі», «Сыпайылық – барлық есіктерді ашар» деген мақалдарды берік ұстанады. Жапондықтардың сыпайылығы – халықтың шын мәнінде жоғары тәрбие мен білімінің дәлелі. Оларға дауыс көтеру, жанжалдасу сияқты қылықтар мүлде жат. Жапондықтар өз ойларын аса кішіпейілділікпен, қайталап кешірім сұрау арқылы білдіреді және кездескенде үнемі күлімсіреп қарсы алады. Осыған қатысты халық тілінде келесі мақал-мәтелдер тараған: «Күлімсіреу – ешкімге зиян келтірмес», «Күлімсіреген адамға оқ та атылмас», т.б. Жапондықтар өз басына түскен қиындықтың немесе тап болған ауыртпалықтың салмағын айналасындағы басқа адамдарға түсірмеуге тырысады. Олардың тәрбиесінің ерекшелігі осында: өз қайғылары арқылы басқаларға кедергі жасағылары келмейді. Сол себептен күлімсіреу – олар үшін аса кеңпейілділіктің, тілектестіктің көрінісі мен белгісі болып табылады. Жапония – білім беру деңгейі өте жоғары ел, бұл елде сауатсыз адамдар жоқ деп айтуға да болады. Жапондықтар 「聞くは一時の恥聞かぬは一生の恥」/5/ «Түзелуден ұялма, білімсіз болудан ұял», «Білімсіз адам бөрене секілді», «Сауаты жоқтың ақылы да жоқ» деп санайды. Олар білім алу тұрақты және үздіксіз болуы керек деп кеңес береді: «Білім алу өрге арба сүйрегенмен тең, жібере салсаң, төмен кетер». Жапондықтарға ортақтасу, ұйымшылдық сезімдері тән. Олар халықтың дана сөздеріне сай өмір сүреді:「人の踊るときは踊れ」/5/ «Біреулер қуанса, бірге қуан», «Басқалардың қайғысына сен де ортақтас», 「人は人中、田は田中」 /4/ «Дала – далалар, адам – адамдар арасында өзін жақсы сезінер, себебі, көпке қарсы жалғыз тұра алмассың» т.б. Адам тұлғасы оның күнделікті әдеттерінен, қылықтарынан және істеген әрекеттерінен көрініс табады. Жапон мақалында 「馬には乗ってみよ、人には添うてみよ」/5/ «Жылқы – жүргенде, адам – сөйлескенде танылар» делініп, адал, парасатты және кеңпейілді болуға шақырылады: 「虎は死して皮をとどめ、人は死して名を残す」/5/ «Жолбарыс – терісін, адам – жақсы атын сақтауға тырысады», 「富は屋を潤し徳は身を潤す」/5/«Байлық – үйді, ізгілік – адамды көркейтеді». Жапондықтардың тұрмыстық ұстанымы бойынша, үй ішінің, отбасының сәнін келтіретін – бала-шаға, олар бұл жөнінде: 「子供に過ぎたる宝なし」/5/ «Дүниедегі ең басты байлық — балалар» дейді. Жапондықтардың бойынан табылатын тағы бір қасиет – олардың балажан болып келуі. 「親の心子知らず」/5/ «Ата-ана ойы – балада», «Ата-ана мейірімділігі теңіздей шексіз». Дегенмен, қыз баланың дүниеге келуі оларды аса қуантпайды, сондықтан 「娘三人あれば身代が潰れる」/5/ «Үш қызың бой жетсе – үйіңдегі бар байлығың кетер» деген мақал тараған. Ал ұл баланы тәрбиелеп, өсіру – қарттық шақты қамтамасыз ету деген сөз. Жапондықтар өз балаларын үлкендерді, әсіресе ата-ананы сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелейді. «Адамгершіліктің ең жоғары көрінісі – балалық борышты өтеу», — дейді жапон мақалы.

Читайте также:  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР ТУРАЛЫ

Оставить комментарий