ЖАПОН ТІЛІНДЕГІ «ҚАРЫН» СОМАТИЗМІМЕН ҚОЛДАНЫЛАТЫН ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ БІРЛІКТЕР СЕМАНТИКАСЫ

Тіл мен мәдениет арасындағы байланыс жөніндегі мәселе аса күрделі де маңызды тақырыптардың біріне жатады. Бұл мәселеге он сегізінші ғасырдан бастап-ақ әлемнің көптеген ғалымдары өз еңбектерін арнады. Қазіргі таңда тіл мамандарының көпшілігі тіл (әрбір индивидтің және жалпы қоғамның дүниетанымын білдіретін сананың формасы) әрдайым мәдениеттің әсерінде болады деген көзқарасты дұрыс көреді. Жапон тілі де ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің ықпалында қалыптасып келді. Ұлттық дүниетанымның жапон тіліне әкелген әсерін анықтау үшін фразеологиялық бірліктер мәселесін қозғаудың маңызы зор. Ұлттық-мәдени эталондар, стереотиптер, мифологемаларға баратын бірден-бір жол фразеологиялық бірліктермен тығыз байланысты. Сондықтан да кейбір ғалымдардың (В.Н.Телия, Д.О.Добровольский) дүниенің фразеологиялық бейнесі халықтың ұлттық- мәдени ерекше таным жолын зерттеуге мүмкіндік береді деген пікірлері белгілі. Дүниенің фразеологиялық бейнесі түсінігі ғасырлар бойы халықтардың шығармашылығы процесі барысында дүние туралы жинақталған білімдер жүйесі дегенге саяды. Әрбір фразеологиялық бірлік қоршаған орта реалийлерін сипаттау жүйесінің бір бейнелі элементі. Фразеологиялық мағына – динамикалық құбылыс, ол ұлт үшін аса маңызды абстрактілі мағынаға әкеледі. Фразеологиялық мағынаның спецификалық табиғаты оның лексикалық мағынадан өзгешелігімен емес, әрбір ұлттың дүниені тану, белгілеудің эмоционалды-экспрессивті, антропоморфты аясымен сипатталады. Бұл жолда фразеологизмдердің ең басты ерекшелігі оның бейнелілігінде жатыр. Бұл заңды да. Өйткені халықтың ұлттық- мәдени ерекшелігінің фрагменті – кез келген фразеологиялық бірліктің астарында сол тұрақты тіркестің тууына уәж болған бейне немесе сурет жатыр. Сондықтан да ұлттың мәдени ерекшеліктері тілдің фразеологиялық қабатында жақсы әрі айқын, яғни мағынасы сол байырғы қалпында сақталады. Бұл әрбір фразеологиялық бірлік мағынасының біртұтас бөлек дүние, ал оның компоненттері семантикалық өзгеріске оңай ұшырайтынымен түсіндіріледі /1/. Тілдің фразеологиялық қабатының көлемді бөлігін соматикалық тұрақты тіркестер құрайды. Ең алдымен, «соматикалық» фразеологиялық бірліктер дегеніміз не екенін анықтап алу қажет. Тілдегі құрамында бір компоненті адам денесінің мүшесі атауы болып келетін тұрақты тіркесті соматикалық фразеологизм деп атайды. «Сома» грек тілінен аударғанда «дене» деген мағына береді. Мысалы: аузына тас салды, жүрегі бүлк етті, қол ұшын берді, аяқ баспады, басы-көзіне қарамады т.б. Қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдерді жапон тіліндегі тұрақты сөз тіркестермен салыстыра отырып, екі тілде де адамзат ойлауының әмбебаптығынан туындайтын, қолданыс жиілігі жоғары бір топ фразеологизмдер кездесетіндігін байқадық. Мысалы: көз, қол, бас, бет, мұрын, аяқ, жүрек, іш соматизмдерінен жасалған тұрақты тіркестердің қолданыс жиілігі басқаларына қарағанда жоғары болып келеді. Тіл-тілдегі әмбебап концептілерді анықтаумен қатар, әрбір халыққа тән салт- дәстүр, наным-сенім, өмір сүру салты т.б. ерекшеліктеріне сәйкес туындап, жинақталатын тілдің фразеологиялық қабатын зерттеу маңызды мәселелердің бірі. Мысалы, кейбір қазақ соматикалық фразеологизмдерінің басқа тілдерде эквиваленттері жоқ. Өйткені әрбір халық объективті дүние заттары мен құбылыстарын өзінше таниды. Мысалы, «жүрегі тас төбесіне шықты» тұрақты тіркесінің мағынасы орыс тіліне «сердце в пятки ушло» фразеологизмімен берілсе, жапон тілінде оларға «бауырын суыту» деген тіркес мағыналас болады. Ал «бармағынан бал тамған» деген тұрақты тіркестің басқа тілде эквиваленттері тіпті жоқ деуге де болады. Жапон тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің классификациясына назар аударатын болсақ, олардың келесідей ерекшеліктерін байқаймыз. Жапон тілінің Коджиэн түсіндірме сөздігінде берілген соматикалық фразеологизмдердің жалпы саны төмендегідей: 目 (мэ) «көз» — 121 фразеологизм, 手 (тэ) «қол» — 97, 口 (кучи) «ауыз» — 78, 胸 (мунэ) «кеуде» — 51, 腹(хара) «қарын» — 44, 耳(мими) «құлақ» — 32, 頭 (атама) «бас» — 31, 足(аши) «аяқ» — 30, 鼻 (хана) «мұрын» — 24 /2/. Дене мүшелеріне қатысты қолданылатын фразеологизмдердің саны жағынан бірінші орында «көз» сөзі тұр. Адам айналадағы дүние жөніндегі ақпараттың сексен пайызға жуығын көру мүшесі – көз арқылы қабылдайтыны мәлім. Содан соң «қол» және «ауыз» концептілері келеді. Бұлардан кейін берілген кестеде «кеуде», «іш» сөздерімен бірге жүретін тұрақты сөз тіркестері орын алады. Мұның барлығы «тағамды көзбен көру, қолмен алу, ауызға салу, оның кеудені өтіп барып ішке түсуі» сияқты тамақ қабылдау үрдісіне ұқсайды. Алайда бұл кестенің жұмбағы мұндай жеңілдікпен шешіліп қоймайды. Жапон тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің саны бойынша жоғарыда берілген тізбек негізінде орналасуын күншығыс елінің мәдениеті мен жапон халқының дүниетанымдық ерекшеліктері негізінде түсіндіруге болады. Жапон мәдениеті айналадағы дүниені одан тыс тұрған бойы тануға емес, керісінше оған ену, онымен өзара сіңісу, әрі оны зерделеу арқылы ұғынуға негізделеді. Осылай айналадағы дүниені танудың басты құралына көру мүшесі — «көз» айналады. Сондықтан шығыс мәдениетінің символикалық жүйесінде «көз» концептісі ең маңызды орын алады. Сонымен қатар, жапон тіліндегі соматикалық фразеологиялық бірліктердің арасында біріншіден, мысалдардың мән-мазмұны жөнінен де, екіншіден, саны жағынан да, 腹 (хара) «қарын» соматизмі аса маңызды орын алады. Осы мәселені қарастыру жапон халқының ұлттық дүниетаным ерекшеліктерімен танысуға жаңа мүмкіндіктер ашады деген сеніммен осы ғылыми зерттеу жұмысымызды «іш», «қарын» соматизмдерінің семантикасы тақырыбына арнаймыз. Жапон және қытай эзотерикалық ілімдерінде іш адам денесіндегі физикалық және энергетикалық орталық, әрі тіршілік энергиясы шоғырланған мүше болып саналады. Өйткені, онда ежелгі Қытайдан келген жапонша «Фу:суй» немесе қытайша «Фэншуй» іліміне сәйкес, адамның ішінде «Ци» атты «ортаңғы күш» орналасады. Ресейдің медицина ғалымы Игорь Богатырев өзінің «Фэншуй әдістері бойынша сауығу» атты кітабында Ци энергиясы жөнінде былай дейді: «Ци – дүниенің энергиясы, айдаһардың ғарыштық тынысы. Онсыз еш нәрсе тіршілік ете алмайды. Ол адамға өмір мен денсаулық әкеледі. Ци бүкіл ғаламға таралған. Ол әр уақытта, әрі бүкіл жерде және барлық нәрседе болады. Ол адамның энергетикалық каналдары – меридиандар арқылы жылжи отрырып, біздің денемізді толтырады» /3, 18/ . «Тіршілік орталығы» жөнінде толығырақ мәлімет алу үшін жапон елінің тарихына назар аударған абзал. «Фэншуй» іліміндегі «ортаңғы күш» идеясының тамыры буддизм философиясында жатыр. Хейан дәуірінің соңғы бөлігінде жапон жауынгерлері – самурайлардың арасында өзін-өзі өлтіру салты («харакири» немесе «сэппуку») қалыптасқаны белгілі. Бұл рәсім бойынша өз қожайындарынан айырылған немесе басқа да заман қыспағына түскен жауынгерлер өздерінің өмірлерін өз еріктерімен қиып отырған. «Сэппуку» рәсімі жапон жауынгерлерінің атақты «бушидо» кодексінен өз бастауын алады. «Бушидо» кодексі буддизмге, оның ішінде «дзэн» сектасының ұстанымдарына негізделеді. Жапон жауынгерлерінің идеологиясына сәйкес, «харакири» самурайлардың еркі мен рухының күштілігін, салқынқандылығын, өлім алдындағы батылдығының белгісі іспеттес болды. Ішті жару үшін жапон жауынгеріне асқан қайраттылық пен сабырлық қажет болды. Себебі, адамның іші – көптеген жүйке жасушалары орналасқан аса сезімтал дене мүшесі. Өздерін күншығыс елінің ең қайсарлы да жігерлі адамдары санаған самурайлар өлімнің дәл осындай түрін дұрыс деп білген. «Харакири» ұғымын сөзбе-сөз аударғанда, «ішті кесу» деген мағынаны береді. Олай аталғаны – самурайлар осы «сэппуку» рәсімін ішінің дәл ортасына қылыш кіргізу әдісі негізінде жүзеге асыратын еді. Рәсімнің мұндай жолмен іске асырылуының себебін дзэн ілімінің қағидаларымен түсіндіруге болады. Дзэн философиясы бойынша, адамның негізгі тіршілік энергиясы оның ішінде жинақталған. Оның себебін буддистер келесідей түсіндіреді: іш бас, екі қол, кеудеден тұратын адам денесінің жоғарғы бөлігі мен екі аяқтан тұратын оның төменгі бөлігінің аралығында, яғни дененің дәл ортасында орналасады. «Ортаңғы күш» идеясы бойынша, осы «тіршілік көзінен» адам денесінің барлық мүшелеріне энергия таралады. Яғни, дәстүрлі батыс философияларында сияқты тіршілік орталығы болып адамның жүрегі емес, оның іші саналады. Демек, жапон халқы адамның іші сияқты дене мүшесін эмоционалдық тіршіліктің ішкі қайнар көзі ретінде қарастырады. Ал «харакири» салты арқылы жауынгер өзінің ішкі жан дүниесін ашады, шынайы ниеттері мен ұмтылыстарын білдіреді. Мұндай астарлы мағынаға ие рәсімнің тарихына үңілу арқылы іш сияқты дене мүшесінің жапон халқының дүниетанымында, мәдениетінде, ұлттық құндылықтар жүйесінде алатын аса маңызды орнын көруге болады.

Читайте также:  ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ МОДАЛЬ СӨЗДЕР

Оставить комментарий