iRef.kz

Жаратылыстық ахуал туралы

Саяси өкіметті дұрыс түсіну және оның пайда болуының қайнар көзін дұрыс анықтау үшін біз барлық адамдардың қандай жаратылыстық ахуалда екендігін қарастыруға тиіспіз, ал бүл дегеніңіз ­ олардың қарекетіне қатысты және қандай да бір басқа адамнан рұқсат сұрамастан және әлдекімнің ырқына тәуелді болмастан, табиғат заңының шегінде өздері үшін лайықты деп санайтын өзінің мүлкі мен тұлғасына билік етуге қатысты толық еркіндік ахуалы. Бұл дегеніңіз сондай­ақ теңдік ахуалы, оның тұсында барлық билік және барлық құзырлылық өзара байланысты болады, – ешкімнің басқадан көп ештеңесі болмайды. Бір тұқым мен түрдегі тіршілік иелері, дүниеге келген кезінде ешқандай алалаусыз бірдей табиғи артықшылықтар ала отырып және бірдей қабілеттерді пайдалана отырып, егер тек жаратқан әрі баршаның иесі өзінің қандай да бір ырқын ашық білдіру арқылы олардың бірін екіншісінен жоғары болмаса және оны айқын да анық тағайындау арқылы билеп­төстеуге және жоғарғы билікке ие етпесе, өз араларында қандай да бір бағынушылықсыз немесе басып­жаншусыз тең болуы керектігінен айқын ештеңе жоқ. 5. Адамдардың бұл табиғи теңдігін парасатты Гукер өзінен­өзі айқын әрі даусыз деп санайтыны соншалық, оны адамдар арасындағы өзара сүйіспеншілік парызының тұғыры етіп алады да, біздің бір­біріміз жөніндегі міндеттерімізді соған құрады, сөйтіп содан әділет пен жанашырлықтың ұлы принциптерін шығарады. Ол былай дейді: «Тап осындай жаратылыстық талпыныс адамдарды өз жақындарын өзіндей сүю өздерінің парызы екендігін түйсінуге алып келді; өйткені, тең болып табылатын заттарды түйсіну үшін баршада бір өлшем болуы қажет; егер мен әрбір адам өзіне жақсы қарауды қаншалықты қаласа, маған соншалықты шамада жақсы қарауын қаламай тұра алмасам, онда мен, барлық адамдардың жаратылысы бірдей болғандықтан, басқа адамдарда да туындайтыны күмәнсіз өзімнің осындай тілегімді белгілі бір дәрежеде қанағаттандыруға тырыспасам, оңда мен өзімнің осы тілегімді қанағаттандыруға қалай дәмелене аламын? Егер оларға осы тілекке қайшы бірдеңе ұсынылатын болса, онда бұл оларды барлық жағынан тап мендей ренжітетіндігі күмәнсіз; осылайша, егер де мен жамандық жасасам, онда мен қасірет шегуге дайын болуым керек, өйткені, маған басқа адамдардың мен оларға көрсеткеннен көбірек сүйіспеншілік көрсетуіне ешқандай да негіз жоқ; ендеше, менің жаратылысынан өзіме тең адамдар тарапынан мүмкіндігінше көбірек сүйіспеншілік тілеуім маған менің оларға қатысты да қуаты соншалық сезімде болудың жаратылыстық міндетін жүктейді; біз және бізге ұқсастар арасындағы осы теңдік қатынасынан жаратылыстық парасат өмірде қолдану үшін әрбір адамға белгілі бірнеше ереже мен өсиетті шығарған» (Шіркеу саясаты. I кітап).

Бірақ бұл дегеніңіз бостандық ахуалы болғанымен, бұл дегеніңіз ойына келгенді істеу ахуалы емес адам бұл ахуалда өзінің жеке басына және меншігіне билік етудің шектеусіз бостандығына ие болғанымен, онда өзін немесе өзінің иелігіндегі қандай да бір тіршілік иесін жойып жіберу бостандығы жоқ, бұған, әрине, ол игілікті құр сақтаудан гөрі анағүрлым ізгі мақсатта пайдалану жағдайы кірмейді. Жаратылыстық жағдайдың өзін басқаратын және әркім үшін міндетті табиғат заңы бар; және осы заң болып табылатын парасат, өзімен санасуды қалаған барлық адамдарды, барлық адамдар тең әрі тәуелсіз болғандықтан, олардың бір де біреуі басқаның өміріне, денсаулығына, бостандығына немесе меншігіне залал келтірмеуге тиіс деп үйретеді; өйткені барлық адамдарды бір ғана құдіреті күшті әрі кемеңгер жасаған жаратқан; олардың барлығы – бір жоғарғы иенің қызметшілері, дүниеге соның бұйрығымен, соның ісімен жұмсалған; олар өздерін жаратқанның меншігі және олардың тіршілік етуі өздеріне емес, жаратқанның қаншалық қалауына байланысты; және де, бірдей қабілетке ие болып отырған және ортақ иелігімізде баршамызға берілген бір ғана табиғат бар, біз өзіміздің ортамызда, тіршілік иелерінің төменгі тұқымдары біз үшін жаратылғаны секілді, біз біреуімізді екіншіміз пайдалану үшін жаратылғандай, бір­бірімізді жоюға құқық беретін бағынушылық бар деп біле алмаймыз. Біздің әрқайсымыз өзімізді сақтауға және өз орнымызды өз қалауымызбен тастап кетпеуге міндетті болғандықтан, өзіміздің өмірімізге қауіп төнбеген кезде, дәл сол себеппен адамзаттық қалған бөлігін, қолынан келгенінше, сақтауға міндетті және, қылмыскер жөнінде қазылық жасағаннан басқа кезде, басқаны өлтірмеуге, оған қастандық жасамауға, дәл сол секілді оның өмірін, бостандығын, денсаулығын, дене мүшелерін немесе меншігін сақтауға жәрдемдесетін нәрсенің бәріне қастандық жасамауға тиіс.

Адамдардың барлығын басқалардың құқығына қол сұғудан және бір­біріне нұқсан келтіруден тежеп ұстау және тыныштық пен барша адамзаттың сақталуын талап ететін табиғат заңын сақтау үшін, табиғат заңын сол күйінде жүзеге асыру әрбір адамның қолына берілген, осының салдарынан осы заңды бұзатындарды оны бұзуға жол бермейтін дәрежеде жазалау құқығы әрбір адамда бар. Егер осы жаратылыстық ахуалда бұл заңды жүзеге асыру билігіне және сол арқылы кінәсіздерді қорғап, заң бұзушыларды ауыздықтау билігіне ешкім ие болмаса, табиғат заңы, осы дүниедегі адамдарға қатысты басқа барлық заңдар сияқты, пайдасыз болып шығар еді; және егер осынау жаратылыстық ахуалда әркім басқа біреуді жасаған кез­келген жамандығы үшін жазалай алатын болса, онда әркім де солай істей алады. Өйткені әркімнің біреудің басқадан ешқандай артықшылығы және құзыры, әрине, жоқ осынау толық теңдік жағдайында, осы заңды орындау үшін біреу жасай алатын нәрсені, қажет болған жағдайда әркімнің де істей алу құқығы болуға тиіс. 8. Осылайша, жаратылыстық ахуалда бір адам екіншісінің үстінен қандай да бір билікке ие болады, алайда, дегенмен бұл билік қылмыскер оның қолына түскенде ойына келгенін істейтін, өзінің бұрқ еткен сезімдерінің немесе шексіз фантазиясының ықпалымен ойына келгенін істейтін толық немесе деспоттық билік емес, оған сабырлы ақыл мен ұждан бұйыратын деңгейде ғана, ол жасаған заң бұзуға сәйкес жазалайтын, атап айтқанда, әрі тиісті жаза әрі қатаң ескерту дәрежесіндегі билік болуы керек; өйткені тек осы екі ілік қана бір адамның екіншісіне біз жаза деп атайтын жамандықты заңды түрде жасауына негіз бола алады. Табиғат заңын бұза отырып, оны бұзушы осынысымен адамдардың өзара қауіпсіздігіне бола олардың қарекеті үшін құдайдың белгілеген өлшемі болып табылатын парасат пен ортақ теңдік ережесі бойынша емес, басқа ереже бойынша өмір сүретінін мәлімдейді; сөйтіп ол адамзат үшін қауіпті болып, адамдарды нұқсан мен зорлықтан қорғайтын дәнекерлерді әлсіретіп, үзеді мұның өзі бүкіл адамзат, табиғат заңымен көзделген оның тыныштығы мен қауіпсіздігі жөніндегі қылмыс болып табылады.

Осының пәрменімен әрбір адам өзіне тән жалпы адамзатты сақтау үшін ие болған құқығының арқасында адамдар үшін зиянды нәрселерді тежей немесе қажет болған жағдайда жойып жібере алады, сөйтіп, бұл заңды бұзған кез­келген адамға оны өзінің ісіне опынуға мәжбүр ететіндей шамада жамандық жасай алады және сонысымен оны, оның мысалымен басқаларды мұндай жауыздықтардан іркіп ұстай алады. Мұндай жағдайда және осы себеп бойынша әрбір адамның кылмыскерді жазалау және табиғат заңының орындаушысы болу құқығы бар. 9. Кейбір адамдарға мұның тым оғаш доктрина болып көрінетіндігіне күмәнім жоқ; бірақ олар мұны айыптамай тұрып, маған мынаны түсіндіріп беруін қалар едім: қандай да бір билеушінің немесе мемлекеттің олардың елінде жасаған кез­келген қылмысы үшін жат жерлікті өлім жазасына кесуіне немесе жазалауына қандай құқығы бар? Олардың заң шығару жиналысының білдірілген ырқы негізінде алған рұқсатына негізделген заңдарының жат жерліктерге жүрмейтіні күмәнсіз. Олар оған ештеңе де білдірмейді, білдірген күнде де бұл оларды тыңдауға міндетті емес. Осы мемлекеттің қол астындағы азаматтарына әмірін жүргіздіріп отырған заң шығарушы органның оларға билігі жүрмейді. Англияда, Францияда немесе Голландияда заң шығарудың жоғарғы өкіметіне ие адамдар – үндіс үшін, бүкіл басқа дүние секілді, қолында билігі жоқ адамдар. Ендеше, егер табиғат заңы бойынша, ақыл төрелігіне жүгінгенде жағдай талап ететін тұстарда, әрбір адам осы заңды бұзғаны үшін кім­ кімді де жазалау билігіне ие болмаса, онда мен қандай да бір қоғамның қазылары басқа елден келген жат жерлікті қалайша жазалай алатынын түсінбеймін, өйткені олардың ол адам жөніндегі билігі әрбір адамның басқа адам жөніндегі табиғи билігінен көп емес. 10. Заң бұзудан және парасаттың әділетті басқаруынан таюдан (мұндайда адамның азғындайтыны соншалық, ол адам табиғаты принциптерінен бас тартатынын мәлімдеп, зиянды тіршілік иесіне айналады) тұратын қылмыстан басқа, белгілі бір адамға әдеттегі нұқсан келтіру де кездеседі, осы бұзушылық салдарынан бір адамға зиян келтіріледі. Мұндай жағдайда нұқсан келтірілген адам, барлық басқа адамдардағыдай өзінде бар жазалау құқығынан басқа, өзіне зиян келтірген адамнан өтем алу ерекше құқығына не болады.

Және мұны әділ деп санайтын кез­келген басқа адам зардап шегушіге қосылып, оның қылмыскерден келтірілген залалдың орнын толтыру үшін қанша керек болса, сонша өтем алуына көмектесе алады. 11. Осынау жекелеген екі құқықтың болуынан (бірі қорқыту және сондай заң бұзудың алдын алу мақсатымен қылмыс үшін жазалау; бұл жазалау құқығына әркім ие; екінші құқық тек зардап шеккен тарапқа ғана тән өтем алу құқығы), мынадай да болып жатады, қазы ретінде өзіне берілген жалпы жазалау құқығына ие қазы, қоғам игілігі заңның орындалуын талап етпейтін кезде, қылмыстық іс­әрекет үшін жазаны көп ретте өз билігімен алып тастайды; дегенмен ол кез­келген жеке адам өзіне келтірілген нұқсан үшін алуға тиіс өтем алу талабын қанағаттандыру міндетінен босата алмайды. Залал шеккен адам оны [қанағаттандыруды] жеке өзінің атынан талап ету құқығына ие, одан сол ғана босата алады. Әрбір адам өзінде бар бүкіл адамзатты сақтау және бұл мақсатқа жету үшін қолынан келетін барлық парасатты істерді жасау құқығы бойынша жасалған қылмыс үшін оның қайта жасалуына кедергі болу мақсатымен, жазалауға билігі бар екендігі секілді, зардап шеккен адам заңды бұзған адамның меншігін немесе қызметін пайдалану билігіне өзін­өзі қорғау құқығы бойынша ие болады. Осылайша, жаратылыстық ахуалдағы әрбір адам кісі өлтірушіні өлтіре алатын болып шығады, мұны ол кісі өлтіргені үшін әрбір адамның тарапынан қандай жаза күтіп тұрғанын көрсететін мысал арқылы басқаларды ештеңемен орны толмайтын қылмыс жасаудан бой тартқызу үшін де, сондай­ақ адамзатқа Құдай берген пайымнан, ортақ ереже мен өлшемнен бас тартып, әділетсіз зорлығы және бір адамды өлтіру арқылы өзі бүкіл адамзатқа соғыс жариялаған қылмыскердің қастандығынан жұртты қауіпсіз ету үшін де істей алады, демек, адамдар бірлесе өмір сүре алмайтын, не олардан қауіпсіз бола алмайтын қанқұмар жабайы аңдардың бірі арыстан немесе жолбарыс сияқты оны құртып жіберуге болады.

«Кім адамның қанын төксе, соның қаны адам қолымен төгіледі» деген табиғаттың ұлы заңы осыған негізделген. Әркімнің мұндай кылмыскердің көзін құрту құқығына ие екендігіне сенгені соншалық, Қабыл да өзінің бауырын өлтіргеннен кейін: «Маған жолыққан кез­келген адам мені өлтіреді» депті, бұл бүкіл адамзаттың жүрегінде мәңгілік сақталып қалған. 12. Дәл осы себеп бойынша жаратылыстық ахуалдағы идам осы заңды бұдан азырақ бұзғандық үшін де жазалай алады. Бәлкім, өліммен жазалайды ма деген сұрақ қойылуы мүмкін. Менің жауабым: әрбір заң бұзушылық қылмыскерге тиімсіз болатындай, оның опынуына ілік берердей және басқаларды қорқытып, мұндай шалыс істерден тартынатындай деңгейде және сондайлық қаталдықпен жазалана алады. Жаратылыстық ахуалда жасалуы мүмкін әрбір қылмыс жаратылыстық ахуалда тап сондай дәрежеде, әрі мемлекеттегідей мөлшерде жазалана алады. Табиғат заңының бүге­шігесіне немесе содан туындайтын жазалау шараларына бойлау қазіргі міндетіме жатпаса да, мұндай заңның бар екендігі және оның парасатты тіршілік иесі мен сол заңды зерттеушіге мемлекеттердің қолданыстағы заңдары сияқты түсінікті де ап­айқын екендігі күмәнсіз; жоқ, тегінде, одан да анығырақ, өйткені адамдардың сөзбен бүркемеленген қарама­қайшы және астыртын мүдделерін көздейтін қайран қалдырар істері мен өтіріктерінен гөрі парасатты түсіну оңайырақ; шындығында өздері сол арқылы реттелуге және түсінілуге тиіс табиғат заңдарына олар қаншалықты негізделетін болса, соншалықты дәрежеде ғана әділетті елдердің азаматтық заңдары көбіне көп тап осындай ғой.

Пікір қалдыру