Жасушаның органикалық заттары: полимерлер мен мономерлер

Тірі ағза құрамында бейорганикалық зат — су бәрінен көп болғанымен, олардың: зат алмасу мен айналымын, өсу, көбею, тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік, тітіркенгіштік пен өзін-өзі реттеу және т.б. қасиеттерін органикалық заттар қамтамасыз етеді.

Органикалық заттар — тіршіліктің химиялық негізі. Барлық тірі ағзалар органикалық заттардан тұрады. Құрамында органикалық заттар болмайтын бірде-бір тірі жасуша жоқ. Табиғатта тек тірі ағзалардың құрамында кездесетіндіктен, олар органикалық заттар деп аталады. Егер де органикалық заттар топырақ құрамында немесе көмір, мұнай, батпақ не көл лайы түрінде кездессе, онда олар тірі ағзалардың тіршілік әрекетінің нәтижесінде жинақталған.

Негізгі органикалық заттарға көмірсулар, нәруыздар, майлар мен нуклеин қышқылдары жатады. Сонымен, дәрумендер, гормондар және кейбір басқа заттар да органикалық заттар болып табылады. Бірақ бұлар жасушаның құрылыс заттары емес.

Полимерлер мен мономерлер. Органикалық заттардың құрамы күрделі, яғни бірнеше элементтен тұрады. Барлық органикалық заттардың құрамына көміртек, сутек пен оттек кіреді. Нәруыздардың құрамында міндетті түрде азот болады. Сонымен қатар нуклеин қышқылдарының құрамында фосфор бар.

Құрылысына қарай органикалық заттар едәуір қарапайым және едәуір күрделі заттарға бөлінуі мүмкін. Егер олар бір қарапайым молекуладан тұратын болса, қарапайым деп аталады. Бірақ органикалық заттар көбінесе химиялық байланыспен тізбекке қосылған қарапайым молекулалардың үлкен санынан тұруы мүмкін. Олар — полимерлер. Полимерлер — бұл мономер (грек. монос — бір + мерос — бөлік) буындары-нан тұратын молекулалардың ұзын тізбегі.

Полимердің көрнекті мысалына моншақ немесе шынжыр жатады. Бұл жағдайда мономер — бір моншақ немесе тізбектің бір буыны. Бірақ  моншақта  немесе  шынжырда  мономерлер  механикалық  түрде байланысқан — бір жіпке өткізілген немесе өзара дәнекерленген. Ал полимерлер құрамындағы мономерлер әрқашан белгілі бір химиялық байланыспен байланысады.

Полимерлердің қасиеттері. Полимерлердің маңызды қасиеттерінің бірі — мономерлерге ыдырап, қайтадан полимерлерге бірігуі. Адамның және жануардың асқорыту жүйесінде асқорыту ферменттерінің әсерінен полимерлер мономерлерге дейін ыдырайды. Сосын ішекте мономерлер қанға сіңіп, ағзаның барлық жасушасына тасымалданады. Әрбір жасушада түскен мономерден дәл осы ағзаға қажет полимерлер қайта синтезделуі мүмкін.

Читайте также:  Құрлықтық моллюскілер (ұлулар)

Ретті және ретсіз полимерлер. Егер полимерлерде барлық мономерлер бірдей болса немесе олардың реті қатаң қайталанатын болса, оларды ретті полимерлер деп атайды. Олар түсі бірдей моншақтардың қайталанып отыруына ұқсайды. Мысалы, қызыл, сары, жасыл, қызыл, сары, жасыл және барлық тізбек осындай болады. Ретті полимерлерге мысал ретінде крахмал мен целлюлоза сияқты ерімейтін көмірсуларды келтіруге болады.

Ретсіз полимерлерге мономерлердің реті мен мөлшері әртүрлі болатын полимерлер жатады. Олар түрлі түсті, кез келген ретпен жиналған моншақтардан тұрады. Жасушадағы маңызды ретсіз полимерлерге нәруыздар мен нуклеин қышқылдары жатады.

Оставить комментарий