Жауынгерлік «даңқ» орденінің иегері Кемер Оңғалбаев

Маңғыстау жері мен Түрікмен топырағында Оңғалбаевтар «әулетін білмейтіндер аз. Маңғыстаудағы тұңғыш Совдептің басшысы, бүкіл Закаспий облысындағы ұлы өзгерістердің жүзеге асуына белсене қатынасқан Нұрсұлтан Оңғалбаев, оның туысқандары Қоңарбай, Дауылбай, Қажы, Лeпec, Сәду, Сахи, Құрманғали Оңғалбаевтар өлкеміздің тарихында айрықша орын алатын біртуар тұлғалар. Нұрсұлтан Оразұлы Оңғалбаев Ресейде Қазан төңкерісі болған кезде Ашхабат гимназиясын бітіріп келген еді. Саяси білімі мол, көзі ашық азамат туған даласына тәуелсіздік әперерліктей өзгерістердің кезеңі туғанын анық білген еді. Кетікте жүмысшылар мен солдат депутаттарының кеңесін құруға кірісіп, елдің көзі ашық азаматтарын бас қосуға шақырды.Өзі бас болып Маңғыстауда мұсылмандар кеңесін құрды. Нұрсұлтанның басшылығымен 1917­1918 жылдары Маңғыстауда тұңғыш рет Совдеп құрылып, алпыстан астам ауыл ел басқарудағы жаңалықтарды қолдады. Нұрсұлтанның өмірлік басты бағыты ­ өзінің туған өлкесі Маңғыстауда ақ жарылған дәуір орнату, тәуелсіз Адай уезін нығайту болды. Оның осынау мақсаттарына бауырлары Сәду, Құрманғали, Сахи да көмектесті. Сәду Оңғалбаев Түрікменстан Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, Түрікменстанның Мәскеудегі Орталық үкіметі жанындағы тұрақты өкілі болды. Ал, Құрманғали Оңғалбаев 20­жылдары Мәскеуде Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік университетін үздік бітіріп, 1928­30 жылдары Ашхабат қаласындағы Халық Комиссарлары Кеңесінің Бас саяси басқармасының төрағасы, 1936­38 жылдары Ташауыз округтік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Өмірбаяндық осынау қысқа деректердің өзінен­ақ Оңғалбаевтар әулетінің осал болмағанын аңғаруға болады. Оңғалбаевтар Адайдың Жары руынан тарайтын Тоқтамыс бөлімінен. Ораздың Қонарбай, Дауылбай, Нұрсұлтан, Хажы, Лепес деген балалары болған. Жергілікті халық бұларды «Қара Жүсіп балалары» дейді. Қара Жүсіп украиннің ұлы ақыны Тарас Шевченконың жол бастаушысы, сәулетші болған. Дауылбайдың 4 бала, бір қызы болды. Олар­Сәду, Сахи, Құрманғали, Сман және Түрме. Жалпы, Оңғалбаевтар әулетінің 30­40­жылдар аралығында репрессиядан аман қалғаны Сман мен Түрме. Нұрсұлтан, Қонарбай, Хажы, Лепестер алғашқы лекте, яғни 1928­30 жылдары ұсталып, атылды, ал, Сәду, Сахи, Құрманғалилар 37­жылдың ойранында жоқ болған. Оңғалбаевтар әулетінің үшінші буыны Кемер Оңғалбаев Сахидың баласы, 1925 жылы Маңғыстауда туған. 1937 жылы Сахи ұсталғаннан кейін әйелі Әмина ұлы Кемер мен үш жасар қызы Әсемді ертіп Түрікменстанды сағалады. Кемер Оңғалбаев армияға 1943 жылы тамыз айында Красноводск қалалық әскери комиссариатынан шақырылды. 18 жастағы жігіт қысқа мерзімді әскери даярлықтан өтісімен 1943 жылдың қазан айында 4­Украина майданының 581­атқыштар полкінің құрамында соғысқа кірісті. Ойран ­ ботқасы шыққан Украина жері. Көк ­ жасыл желекке бөленген кербез дала, қарағайлары мен самырсындары сыңсыған орман, тырна көз көлдер мен жіптей ирелеңдеген жіңішке өзендер ­ Украинаның осынау әсем табиғаты оқ­дәрі дүмпуінен шұрық­тесік жаралы халде. Кемер немістермен алғаш рет бетпе­бет айқасты Пришево селосы маңында көрді. Жауды түре қуып шыққаннан кейін, полк командирі сарбаздарға алғыс жариялап, аз кем тыныстап алуға рұқсат берді. Украина жерін азат ету жолындағы қиян­кескі айқастардың бірінде Кемер жараланып қалады. Батальондық емханада бір жұмадай жатып, жарақаты жазылып үлгермей ­ ақ алғы шепке сұранады. Бұл кезде жау әскерлері Украина жерінен үдере қашып бара жатқан еді. Кемер өз полкін Баты Украина жерінде қуып жетті. 1944 жылдың 20 ақпаны күні Кемерлердің полкі Живачев қаласы түбінде жаудың тегеурінді тойтарысына тап болады. Шегініп бара жатқан жау осы қаланы мықты бекініске айналдырып алған екен. Қаланың шығыс бетіндегі окоптарға орналасқан капитан Брабко басқаратын батальон тан ала кеугімнен немістердің күшті шабуылына тойтарыс беруіне тура келеді. Батальон орналасқан шепке жаудың жаңа күшпен толысқан полкі шабуылдайды. Күш тең емес. Бірнеше сағатқа созылған қиян ­ кескі айқастан батальон қатары сиреп қалады. Кемердің взводынан да адам шығыны көп. Кемер қатардан шығып қалған жолдастарының міндетін бір өзі атқарып, окоптың ана шетінен мына шетіне жан ­ таласа жүгіріп, жауды беттетпеудің бар амалын жасап бағады. Немістер әлденеше рет шабуылға шығып, тегеурінді қарсылыққа тап болып, тұмсығы тасқа тиген жайындай кейін серпілуге мәжбүр болады. Капитан Брабко Кемердің взводына келіп, жағдайға қаныққаннан кейін, көмекке беретін қосымша күші жоқ, амалсыздан «Держись, Кемер!» деп жігер беріп кетеді. Ұрымтал түс деп үлкен күш жұмылдырып, ұрыс салған жерін ала алмай жаудың да әбден сілікпесі шығады. Түс қайта бұлардың қорғаныс шебіне арттан қосымша күш келеді. Кемердің взводындағы отыз адамнан соғысқа жарамды алты­ақ жауынгер қалған екен. Сол күні кешкісін Живачев қаласы 581­полктің үрдіс шабуылымен жаудан тазартылып, немістердің тағы бір мықты бекінісі алынады. Полк командирі жаудың үлкен күшіне төтеп берген, жаумен жанқиярлықпен айқаса білген Кемер взводындағы аман қалған алты жауынгерді Отанның ең жоғарғы наградасына лайық деп бағалайды. Батальон командирі Брабко аға сержант Кемер Оңғалбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына, басқа жауынгерлерін де жоғарғы наградаларға ұсынады. Отызыншы жылдар зобалаңында Оңғалбаевтар әулетінің басына түскен зұлматтар жаңғырығы қанқұйлы жаумен осылайша айқасып жатқан Кемердің де алдынан шығады. Соғыс жүріп жатқан сұрапыл кезеңге қарамастан әр жауынгердің ата­тегін тексеріп, қалт жібермей қадағалап отырған әскердегі саяси бөлім қызметкерлері Кемердің қайдан шыққанын, тұқым­теберегін жақсы білетін еді. Олар он жерден ерлік көрсетсе де Оңғалбаевтар тұқымына Отанның жоғары наградасын қиғысы келмейді. Сөйтіп, Кемер 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Қазақтың ержүрек жігіті бұл кезде саяси бөлімдегілердің жымысқы әрекеттерімен жұмысы да болған жоқ, ел шебінен жауды қуып, туған жерге жеңіспен оралуды мақсат тұтты. Кемер Оңғалбаевтың қолынан іс келетін жаужүрек жігіт екенін байқаған командир оны барлаушылар жасағына қосты. Бұл өте жауапты, небір жанкешті тап ­ сырмаларды орындайтын жасақ,қырағылық, тапқырлық, шыбын жанды шүберекке түйетін шынайы ерлік сияқты қасиеттердің сынға түсетін сәті енді келгендей. …Жауынгерлік тапсырма алған үш жігіт ымырт қараңғылығын жамылып, жау шебіне кірді. Немістердің негізгі күші шоғырланған жерге келіп, жанармай, транспорт, қару­жарақ мүмкіндіктерін анықтап, командирге хабарлады. Барлаушылар жау ұясынан құр кетпей, оқ ­ дәрі сақтаулы қоймаға от берді. Үш жігіт қолға түсірген «тілін» арқалап, өзіміздің әскерлер орналасқан орман шетіне жеткен сәтте жаудың оқ ­ дәрі қоймасының күлі көкке ұшып, түн қараңғылығын түре лапылдап жатыр еді. Кемердің полкі іле шабуылға шығып, жаудың мықты бекіністерінің бірін шығын шығармай басып алды. Мұндай ерлігі үшін Кемер Оңғалбаев II дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылды. 1944 жылдың тамыз айында Кемер тағы да жараланды. Украинаның ең батыс шекарасындағы Ужгород қаласында аз­кем емделген соң, Кемер тағы да майдан шебіне ұмтылды. Бұл кезде біздің әскерлер Кеңес Одағының шекарасын жаудан түгел тазартып, Европа құрылығын да фашистік басқыншылардан азат етуге кіріскен еді. Кемер Оңғалбаевты I дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтау туралы қағазға полк командирі подполковник Голуб былай деп жазған: «1945жылы 8 қаңтарда Будапешт қаласы түбіндегі Ракоши станциясын және цемент зауытын жаудан тазарту үшін К.Оңғалбаев барлауға жіберілген еді. Ол жау ұясына жеке­дара еніп, негізгі оқ ұяларын жойды және немістің бес солдатын тұтқындап, айдап әкелді. Мұның нәтижесінде полктың алға жылжуына мүмкіндік туды. 18 қаңтар күні батальон шабуылға шығар сәтте дұшпанның сақшыларын Кемер бірінші болып байқап қалды. Өзі алға жылжып, жау шебіне келген соң он неміс солдатын жер жастандырып, төртеуін айдап келеді. Нәтижесінде жаудың атыс ұяларын айналын өтіп, біздің бөлім Дунай өзеніне жетті. Жау әскерлері қоршауда қалын, атыс сыз берілуге мәжбүр болды. 20 наурыз күні шабуыл қарсаңында Кемер Оңғалбаев бастаған шағын топ барлауға шығып, жаудың негізгі атыс ұяларын анықтап берді. Сөйтіп бөлімнің алға жылжуына жол атты. Сол күні түнде Кемер жау дзоты орналасқан ұяға жақындап барады. Жауып тұрған оқ ошағына граната лақтырып, оның үнін өшірді. Дәл сол күні жаудың 8 станокты пулемет орнатылған ұяларын анықтап, дәл төбелеріне граната тастап жойып жіберді. Үш жігіт болып немістің 22 солдаты мен бір офицерін тұтқынға түсірді. Мұның нәтижесінде біздің полкіміздің аса маңызды шепті алуына жағдай туғызылды. 22 наурыз күні Балатонфекая деревнясы үшін болған айқас кезінде ауылдың шетіндегі кірпіш зауытының қоймасына орнатылған жау пулеметі біздің әскеріміздің алға жылжуына кедергі болды. Кешке қарай сол үйге Кемер жалғыз аттанды. Оқ астында жер бауырлай жылжып отырған Кемер жау ұясына жақын келеді де танкке қарсы лақтыратын гранаталарды әлгі оқ шашып тұрған терезеге доп теп тастап жіберді. Ортасына аяқ астынан ойран түскен немістер есеңгіреп қалған сәтте Кемер де атылып ішке кіреді.Сол бойда бас көтере бастаған 10 солдатты жайратып тастап, қалғандарын тұтқынға алды. Бас көтертпей оқ шашып тұрған станокты пулеметтің үні өшкен сәтте батальон да көтеріліп, кірпіш зауытының үйіне басып алды. Кемер Оңғалбаевтың осындай көзсіз ерліктері 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен наградтауға лайық. Қызыл тулы 581­Станиславск полкінің командирі, подполковник (қолы). 23.03.1945 ж». Қазақ солдаты Кемер Оңғалбаев бұдан кейінгі айқастарда да әлденеше рет ерлік көрсеткен. Бір соғыста барлауға шығып, немістердің оғы астында қалады. Жанындағы взвод командиріне оқ тиіп, ауыр жараланды. Кемер жаралы жолдасын жауға тастамай, жауып тұрған оқ астынан алып шығады. Сөйтіп жауынгер жолдасының өмірін ажал тырнағынан құтқарады. Ержүрек жауынгер Жеңісті Германия жерінде қарсы алды. Оған 1945 жылдың 29 маусымы күні I дәрежелі «Даңқ» ордені салтанатты түрде табыс етілді. Бұл салтанатқа I Украин майданының қолбасшысы маршал И.С.Конев, армия, дивизия командирлері, өз полкінің командирі генерал­майор Подшивалов қатысып, жеңімпаз жауынгерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтады. Сөйтіп, өлкеміздің даңқты перзенттері Оңғалбаевтар әулетіне Кемер есімді ер ұлан да қосылды. Кемекең бертін келе айтып отыратын: «Мен сол ұрыста атақ ­ орден алуды ойлаған да жоқпын. Соғыстағы жағдай біздің әрқайсымыздан осылайша қимыл ­ әрекет етуді талап етті. Тіпті бұл ордендердің бір­бірінен қандай айырмашылықтары бар екеніне де оншалықты мән бермейтінбіз. Менің жауынгер жолдастарымның, командирлерімнің арасында Алтын Жұлдыз таққан Батыр жігіттер де көп болды. Олар ешқашан да өзгелерден озықпыз, батырмыз деп мақтанған емес. Тар окопта бірге жатып, не көрсек те бірге көріп жүрдік. Ол кездегі адамдардың мінез ­ құлқы да, ой­өрісі де өзгеше еді ғой.» Кемер соғыстан келген соң Балия есімді қызға үйленіп, отау тікті. Түрікменстанның Красноводск қаласында, Белек бекетіндегі мұндай айдау станциясында түрлі жұмыстар атқарды. Бейбіт еңбекте де осал болған жоқ, әлденеше рет жарыс жеңімпазының белгілері мен мақтау қағаздарын алды. Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Одақтық кинематография комитеті «Шел солдат» деген атпен деректі фильм шығаруға кіріседі. Осы фильмді түсіру барысында Деректі фильмдер студиясы «Даңқ» орденінің толық иегері Кемер Оңғалбаевқа сауалдама жолдап, қанағаттанарлықтай жауаптар алады. Бұл жөнінде әйгілі майдангер ­ жазушы Константин Симонов Кемерге арнайы хат та жолдаған: «Қадірлі майдандас досым Кемер! Сені алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын, мықты денсаулық, таза ғұмыр тілеймін. Жеңіс мерекесіне арнап «Шел солдат» атты деректі телефильм түсіргенімізден өзін хабарлысын. Бұл фильм мереке қарсанында теледидар арқылы және кинозалдарда көрсетіледі. Онда Сен жайында да деректі сюжеттер бар. Қарарсың. Біздердің, сол сұрапыл жылдар жауынгерлерінің. Ұлы Отанымыздың азаттығы жолындағы ерлік қимылдарымыз ешқашан ұмытылмайды. Кемер! Өзіңе саулық, семьяңа бақыт тілеймін. Сәлеммен, Константин СИМОНОВ, КСРО Кинематографистер Одағының төрағасы. Москва. 15.04.1975 ж.» Кемер Оңғалбаев соғыстан кейін темір жолда, мұнай өндірісі саласында жұмыс істеді. Жұмыс бабымен де, Жеңіс мерекелері тұсындағы түрлі салтанаттарға қатысу үшін Мәскеуге, басқа қалаларға барып тұрған. Әйгілі жазушы, Социалистік Еңбек Ері К.Симоновпен осындай салтанаттар кезінде ме, әлде тіпті, соғыс жылдарында ма, кездесіп танысқан. Мұны жазушының Кемерге жолдаған жоғарыдағы құттықтау хатынан да байқауға болады. Кемер Оңғалбаев өмірінің ақырына дейін қоғам өмірінен, майдандас жолдастарынан қол үзбеген. Даңқты мерекелерде Түркістан әскери округының қолбасшылары генерал­полковник К.Лященко, генерал­лейтенант С.Белоножко, генерал­майор А.Дебалюк, 151­Жмеринск дивизиясының командирі гвардия генерал­майоры Подшивалов жолдаған құттықтау хаттар да К.Оңғалбаевтың жеке архивінде сақтаулы тұр.

Читайте также:  Құқық туралы жалпы түсінік

Оставить комментарий