Жауынгерлік «даңқ» орденінің иегері Павел Яковлевич Малаев

Маңғыстауда тұратын Батырдың бірі Павел Яковлевич Малаев. П.Я.Малаев соғысты өзінің туған жері Брянск облысының Трубачевск селосында қарсы алады. 1941 жылғы 22 маусым күні таң алдында КСРО шекарасына тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс басқыншылары бейбіт елдегі тірлікті, сілтідей тұнған тыныштықты бұзды. Ер азаматтар жедеғабыл жиналып майданға аттанды. Әйелдер мен бала­шағалар елдің шығысына Қазақстан мен Орта Азияға шұбырды. 16 жасар Паша Малаев жергілікті әскери комиссарға өзін майданға жіберуді сұрап әлденеше барғанмен жауап біреу ­ «Жасың жетпейді, балақай! Сен әлі­ақ бізге қажет боласың.» Осылайша әскери комиссарға қашан қажет болар екенмін деп күбініспен күтіп жүргенде неміс басқыншылары Малаевтар тұратын шағын селоны бір күнде басып алады. Паша немістердің қатігездік әрекеттерін өз көзімен көріп, кек кернеген кеудесін қайда сыйғызарын білмей жүрген күндерінің бірінде өзін майданға жібермей қойған әскери комиссармен кездесіп қалады. Үстінде бұрыны әскери киімі жоқ, күртеше, ескі ­ құсқы шәпкі мен шаруаның етігі. Комиссар Пашаны тасалау жерге шақырып, партизан жасағынан көмектесуін, орындайтын нақты тапсырмаларын берді. Пашаның келісімін алға комиссар: «Міне, қажет болды деген осы, балақай!» деп арқасынан қаққан. Естияр бала партизандардың сенімді көмекшісі болады. Пашаның немістер жайындағы мәліметтері партизандардың соғыс қимылдарына айтарлықтай көмегі тиіп тұрды. Паша мылтық асынып, Брянск ормандарындағы алғашқы жауынгерлік тапсырмаларды орындауға да қатысады. Өзі бүге ­ шегесіне дейін білетін хуторлар мен деревнялардағы немістер көп шоғырланған жерлерді тауып талай рет ойрандап кетіп жүрді. Осылайша екі жылдай партизан жасағында болған Павел Малаев Брянск қаласы немістерден азат етілген күні 1943 жылдың 5 қыркүйегінде Кеңес Армиясы қатарына алынып, алғы шепке аттанады. Қысқа мерзімдік кіші командирлер даярлайтын курстан өткен соң 950­ атқыштар полкінің барлаушылар взводына жіберіледі. Барлаушылардың міндеті жас жауынгерге партизан жасағынан жақсы таныс. Командирлері Павел Малаевті бірден ­ ақ жауынгерлік тапсырмаға жібереді. Міндет тіл алып келу, алдағы үрдіс шабуылдар үшін маңызды мәліметтер алу. Екі жігіт болып немістердің әскери бөлімі шоғырланған жерге жетеді. Қараңғы түсуін күтіп орман шетінде біраз бой тасалап жатқан кезде жаудың негізгі күші қайда, оқ ­ дәрі қоймасы, оларды күзету тәртібі қандай ­ бәрін бақылап, алдағы әрекеттерін ой сарабынан өткізеді. Түн. Жандарын шүберекке түйген екеу немістердің әскери базасын торып, жақын маңдағы жыраға жеткені сол еді. Жанында бір солдаты бар күзет жетекшісі бермен қарай беттей берді. «іздегенге ­ сұраған», екі барлаушы демдерін ішінен алып ендігі қимылдарын көзбен ұғысты. Неміс солдатын дымын шығармастан жер жастандырды да әжетке отыруға ыңғайланған унтердің аузына шүберек тығып, жау шебінен алыстай береді… Тапсырма орындалды. Павел Малаев осы тапсырманы ойдағыдай орындап, маңызды мәлімет әкелгені үшін алғашқы жауынгерлік наградасын алған болатын. Біздің әскерлеріміз Витебск қаласын жаудан азат ету операциясы кезінде де барлау ісінің машықты маманы екенін көрсетті. Жау шебінен екі бірдей неміс офицерін қолға түсіріп, біреуіне жараланып қалған жолдасын арқалатып алып келді. Павел Малаевтің осы сапар да алып келген мәліметтері Витебск операциясын аз шығынмен сәтті аяқтауға септігін тигізді. Сол ұрыста рота командирі ауыр жарақат алып, жауап тұрған оқ астында қалады.Павел Малаев ажал сепкен жау дзотының аузынан жаралы командирін алып шығады. Жай кетпей, дзоттың ішіне граната тастап үнін өшіріп кетеді. Барлаушының осындай көзсіз ерліктерін көрген полк командирі П.Малаевті III дәрежелі «Данқ» орденіне ұсынады. «Ұрыста тұрыс жоқ». Қанқұйлы жауды өкшелей қуған біздің әскер Батыс Двина өзеніне жеткен. Өзеннен өтетін оңтайлы өткел іздеп, барлауға Павел Малаев басқарған бес жігітті жібереді. Барлаушылар өзенге жетісімен жан­жақты, жігіт бақылауға алып, жаға бойлап жақын маңдағы көпірге беттеді. Арғы бет жау жағы. Бұлар таяп келсе көпір аузында немістер жүр. Жанында жарылғыш заттар тиелген жүк машинасы. Бұлардың көпірді жарып, біздің әскердің жолын бөгеу қамында жүргені белгілі болды. Қаурыт қимылдамаса кеш қалады көпірдің күлі көкке ұшқалы түр. Бес жауынгер жедеғабыл қимылдап, немістердің есін жиғызбастан тарпа бас салады. Мұндайда кім бұрын қимылдаса, сол ұтады.Жаудың 18 солдаты мен офицері күтпеген қонақтарға қарсылық көрсетуге де мұршалары келмей, қол көтеруге мәжбүр болды. П.Малаев тобы полкке осындай ірі олжамен оралып, біздің әскердің арғы бетке аман­есен өтуін қамтамасыз ете білді. Павел Малаев осы ерлігі үшін II дәрежелі «Даңқ» орденін омырауға тақты. Әйгілі Кенигсберг қамалы. Неміс жері. Бейтаныс өлкенің барлау ісін қиындатар тұсы көп. Бұл кезде Павел Малаев старшина шені бар барлаушы, взвод командирі еді. Полк штабынан түскен бұйрық қатқыл ­ алдағы үрдіс шабуылдың сәтті өтуі үшін «тіл» қажет. Таңдау тағы да П.Малаев взводына түсті. Аса жауапты тапсырманы орындау үшін шағын топтың тізгінін өзі алды. Қала түбіндегі өндірістік аймақта орналасқан шағын хуторда неміс штабы жайғасқаны мәлім болды. Неміс солдатының киімін киіп, қасына бір жолдасын алды да П. Малаев көше бойлап штаб орналасқан үйге беттеді. Қалған барлаушылар әліптің артын бағып, иесіз қалған ат қораны паналады. Павел жолдасын штаб жанындағы сарайды жарып, немістерге үрей, әбігер туғызуға тапсырма берді де өзі есікті торыды. Есік алдында қорапты мотоцикл тұр. Ойда жоқта жарылған қос граната штаб маңындағыларды бүйі тигендей әбігерге салды. Кеңес әскері келіп қалғандай, штабты жедеғабыл көшіруге кірісті. Немістер абыр­сабыр жүрген сәтте, солдаттарға ілесіп екеуі де штабқа кіріп кетті іште бетінде қан­сөлі жоқ ірі шенді бір офицер сенделіп жүр. Қағаз карталарын буып­түйіп, қасындағыларға қысқа бұйрық беріп, кіжініп қояды. Оңтайлы келген бір сәтті пайдаланған екеуі ауызға бөлмеге тағы бір граната жарып, неміс солдаттарын жер жастандырып, офицердің демін шығармай мотоциклге жүктеді де көше бойлап зымырай жөнеледі. Гранатадан бас сауғалап қалған тірілері штаб бастығын қаштыға санап, бұларға мән берген де жоқ. Неміс әскерлерінің қалың ортасын жарып, өз шебіне олжалы оралған барлаушыларды полк командирі құшақтай сүйіп қарсы алды. Әлгі олжаға түскен офицер полк штабының бастығы болып шықты. Оның қойын қонышынан шыққан және штабтан алған қағаз ­қарталар Кенигсберг қамалын алу үшін бағалы мәліметтер берді. Взвод командирі, гвардия старшина Павел Малаев осы ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. «Даңқ» орденінің толық иегері, ержүрек барлаушы Павел Малаев бұдан кейін де талай шайқастарға қатысты, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алады. Өткен жауынгерлік жолының өшпес белгісіндей омырауында 5 орден, 5 медаль жарқырайды. Елге келіп, Брянск төңірегінде өз туыстарынан ешкімді де таба алмайды. Әкесі соғыста қаза тапқан. Шешесі мен қарындастары Қазақстанға эвакуацияланған. Қазақстан ­ кең байтақ. Қайдан табады?«Үмітсіз ­ шайтан». Іздестірсе ­ табылып қалар деген нәзік үмітін арқалаған жігіт ақыры Маңғыстаудан бір­ақ шықты. Алғашында Форт ­ Шевченкоде, Таушықта болып, кейін Ақтау қаласының іргетасын қалау, алғашқы өндірістік объектілерді салу ісіне кірісіп кетті. Осында жар тауып, жанұялы болды. Қазақ даласынан соғыс жылдарында көз жазып қалған бауырларын таба алмаса да бақытын тапты. Бала сүйді. Атом энергетика комбинатын қолымен тұрғызған қарт жауынгер осы кәсіпорыннан зейнеткерлікке шықты. Демалысқа шықса да Батыр барлаушы П.Я. Малаев қоғам өмірінен қол үзген емес. Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты шараларға қатысып тұрды. Міне, Маңғыстау жерінде тұрып жатқан тағы бір Батырымыздың ерлік баяны осындай.

Читайте также:  ФОРМООБРАЗОВАНИЕ В ДИЗАЙНЕ КАК ОСНОВА МЕТОДИКИ УЧЕБНОГО ПРОЕКТИРОВАНИЯ

Оставить комментарий