Жаяу Мұса Байжанұлы

Атақты әнші, ақын, халық композиторы Жаяу Мұса Байжановтың қазақ музыка мәдениетінен алатын орны ерекше. Ол ­ ән­өлеңдері арқылы өзіне дейін қалыптасып, дамыған ұлттық әншілік дәстүрді жалғастырумен қатар оны жаңа түр, соны көркемдік мазмұнмен байытып, қазақ музыкасына көптеген шығармашылық жаңалықтар әкелген дарынды әнші­композитор. Жаяу Мұсаның өмір шындығынан туған, көркемдік дәрежесі жоғары музыкалық образдармен сомдалған туындылары халықтың ән өнерінің шоқтығын биіктете түсті. Халық талантының тарихта аса ардақталып аталуында азаматтық, күрескерлік, ақындық қасиеттерінен асыңқырап түсіп жататыны біздіңше – музыкалық дарыны мен композиторлық тіл өткірлігі. Композитордың асқақ азаматтық рухтағы әндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына асыл қазына болып қосылды. Жаяу Мұса шығармалары шындықты жырлаудың айшықты үлгісі болып табылады. Өмірі патша әкімдерімен, бай­феодалдармен күрес­тартыста өткен халық композиторы қазақ ән өнеріндегі демократиялық бағыттың өкілі болды. Ол өз шығармаларында еңбекші елдің тағдырын, қайғы­қасіретін, үміт­арманын тебірене толғап, өмірінің соңғы күніне дейін халықтың жырын жырлап өтті. Жаяу Мұса бай­шонжарларға қарсы күресте «би­болыстың үйін жығатын» отты ән­жырларын идеялық қару етіп, өз заманының қоғамдық болмысын батыл шенеп, сынады. «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау» әндерінде ел билеушілерінің халыққа жасаған зорлық­зомбылығын әшкерелеп, оларға деген халық наразылығын бейнеледі. Жаяу Мұсаның замандас әнші­композиторлардан бір ерекшелігі ­ ол сол кездегі қазақ ауылдарындағы әлеуметтік өмірден түсінік­пайымы бар, көзі ашық, сауатты азаматтардың бірі болған адам. Тап тартысының теориясын оқып білмесе де, таптық жікті ел ішіндегі теңсіздіктен, әділетсіздіктен, халықтың ауыр тұрмыс­тірлігінен танып, ой түйе білген Мұсаның әлеуметтік көзқарасы қазақтың тұңғыш демократ­ағартушыларының прогресшіл идеяларымен ұштасып жатыр. Ол Шоқан Уәлихановтың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің демократтық­ағартушылық қызметтеріне сырттай ғана қанық болған жоқ, олардың көзқарастарын қолдап, шығармаларын жұртшылыққа таратушылардың бірі болды. Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне ән шығарып, Абайға арнап өлең жазуы кездейсоқтық емес­ті. Өз шығармаларында Пушкин, Гоголь, Глинка, Кутузовтарды жырлауы, Л.Толстой кітабы кейіпкерінің атын баласына қоюы (Мұсаның үлкен қызының аты Анна), сондай­ақ хайуанаттарды персонаж етіп ән­ өлең шығаруы, қазақ әнші­композиторларында сирек ұшырасатын жағдай ­ күнделік дәптерінің болуы ­ осының бәрі композитордың дүниетанымының көкжиегін, биік өресін айқындайды.

Жаяу Мұса творчествосының диапазоны кең, әндері жанры мен мазмұны жағынан сан қырлы. Оның әлеуметтік мәні бар «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары»; үгіт­ өсиет мазмұнды «Арап ұрыға», «Бәшерден»; сезім, көңіл күйді бейнелейтін «Шолпан», «Қыздар­ай», «Ләйлім», «Көгершін»; сатиралық, әзіл­қалжың сипатты «Құлбай бай», «Қазан қыздары» әндері жұртшылыққа кеңінен танымал. М.Байжановтың әндері басқа халық композиторларының шығармаларынан өзінің тақырыптық, мазмұндық және көркемдік ерекшеліктері арқылы дараланады. Оның әндерінің әуендік құрылымынан, интонациялық және ладтық құрылысынан қазақ әндерінде бұрын кездеспейтін соны музыкалық мәнерлік құралдарды айқын тануға болады. Композитор қаламынан қоңыржай лирикалық, кең тынысты әндермен қатар марш, вальс ырғақты шығармалар туды. Жаяу Мұса әндерінің әуендік құрылымында екі түрлі музыкалық интонациялық негіз анық байқалады. Оның бірі ана сүтінен дарыған халық музыкасының қайнар көзі болса, екіншісі вальс, марш ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсері еді. Халық музыка тарихының мақтаныштары ­Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Мұхит тәрізді Жаяу Мұса да қазақ халқының бұрыннан келе жатқан әншілік­композиторлық дәстүрін дамытуға өзіндік үлес қосты. Оның Арқаның ән дәстүрінде шығарған «Көгершін», «Сұрша қыз», «Баянауыл», «Гауһар қыз», «Толқыма» әндері қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік туындылардың қатарынан орын алды. Композитордың марш, вальс ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсерінен дүниеге келген туындылар. Жалпы, Жаяу Мұсаның өнер жолына, оның демократиялық көзқарасының қалыптасуына орыстық прогресшіл мәдениеті мен өнерінің тигізген ықпалы зор. XIX ғасырда орыстың озық ойлы өнерінің ұшқыны қазақ даласына жетіп, А.Пушкин, Л.Толстой, М.Салтыков­Щедрин шығармалары қазақ жерінен өз оқырмандарын тапты. Рояль да, скрипкада ойнау өнері халық музыканттарының құлағына шалынып, қырда орыс музыкасының үні қалықтады. Мұның өзі жаңа демократиялық бағыттағы өнердің өркен жаюына әсер етті. Жаяу Мұса орыс музыкасының озық үлгілерінен үйрене отырып, оны өз шығармаларында шебер пайдалана білді. Сөйтіп, өз туындылары арқылы халқымыздың ән өнерінің тақырыптық, мазмұндық ауқымын кеңейтіп, музыка тілін өткірлей түсті. Оның «Құлбай бай», «Тұрымтай», «Башқұлбай», «Қазан қыздары», «Ескендір», «Қыздар­ай», тағы басқа шығармалары осындай әсер, ықпалдан пайда болды. Жаяу Мұса қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ақшоқы деген жерде 1835 жылы кедей малшының отбасында дүниеге келген. Мұса жеті­сегіз жасында ауыл молдасынан хат таниды, жас кезінен өзі қатарлы балалардың арасында өнер­білімге құштарлығымен, ән­күйге әуестігімен көзге түседі. Талапты Мұса домбыра тартуды үйренеді, қолына түскен кітаптарды, қиссаларды қалт жібермей оқиды. Ол домбырамен ән салып, қиссалар айтып, ауыл қарттарының, жастарының ықылас­назарын өзіне аударады.

Ауылға жолы түскен әнші­күйшілердің өнерін көрген Мұсаның әнге деген құштарлығы арта түседі. Мұсаның бір ерекше қасиеті ­ ол естіген әнін бірден қағып алушы еді. Хат танып, көзі ашылғаннан кейін ол білімнің көзі молданың оқуында емес екенін түсінеді. Көкейінде оқып, білім алсам деген арман оянған талапты жастың есіл­дерті ауылдан қалаға кету болады. Ол күндіз­түні қалаға жету жолдарын ойластырады. Бірде Мұса көрші ауылдың Қызылжарға кіре айдайтын бір адамымен келісіп, ешкімге білдірмей үйінен қашып кетеді. «Қазан дәптеріндегі» , «Үйінен өнер іздеп кетті қаша» деген өлеңінде Мұса өнер­білім қуып, үлкен қалаға келген осы сапары туралы баяндайды. Осыған қарағанда, Мұсаны ешкім де оқуға аттандырып салмаған тәрізді. Бұл 1851­1852 жылдардың шамасы болса керек. Қызылжарда Мұса кісі есігінде отыншы­самауыршы болып жалданады. Сол кезде Қызылжар қаласы қазақ даласының мәдени орталықтарының бірі болған еді. Бұл уездік қалада XVIII ғасырдың екінші жартысында орыс мектептері, кейін бірлі­жарым орыс­қазақ мектептері, қазақ балаларына арналған интернат, ал XX ғасырдың бас кезінде бастауыш мектептер мен реалдық училище ашылды. Ұйқыда жатқандай бұйығы хал кешкен ауыл тірлігіне қарағанда қаланың өмір тынысының өзгешелігін Мұса бірден байқады. Ол мұнда қала өмірімен, мәдениетімен танысады. Кісі есігінде күн көріп жүрсе де, жас бала өнер­ білімге талпынып, орыс тілін үйренуге талаптанады. Зейінді жас алғашқы жылдың өзінде­ақ орысша сөйлеуді біршама үйреніп алады. Мұса күн­түн демей, қолынан келетін жұмыстың қандайынан болса да бас тартпай еңбектенеді. Ұсталған гармонь, скрипка сатып алып, бос уақытында осы екі аспапта ойнауды өздігінен үйренеді. Қаланың өнерпаз жастары ұйымдастырған сауық кештерінен мүмкіндігінше қалмай, барып жүреді. Естіген ән­күйлерін гармонь мен скрипкаға түсіреді. «Ауылға барсам жібермей қояр» деген оймен Мұса Қызылжарда үш­төрт жыл болады. Бұл уақыт ішінде ол өмірдің ой­шұңқырын біршама түсініп, оң мен солын танитын халге жетеді. Домбыра, сырнай, скрипка тартуда қала жастарынан кем түспейтін, он саусағынан өнер тамған Мұса таланты көпті сүйсінтеді. Ол енді сауық кештерінің көркі, бастаушыларының біріне айналады. Ауылдан алғаш келгенде дүниедегі ең үлкен қаладай көрінген Қызылжарға Мұсаның бірте­бірте көзі үйренеді. Қызылжардың ауылға қарағанда ғана қым­қуыт тірлігі бар, өмір ырғағы біркелкі, мәдени оқиғалары сирек қала екеніне оның көзі жетеді. Қаланың мәдени өмірі жан дүниесі бай Мұсаның рухани тілегін қанағаттандырмайды. Газет­журналдар арқылы Омбы қаласының өмірімен танысқан Мұса соған баруды аңсайды. 1855­1856 жылдар шамасында Мұса Омбыға келеді. Көптеген қиыншылықтардан кейін ол орыс мектебіне оқуға алынады. Көпшілік пікірі бойынша, Мұса белгілі мектепте оқымаған, орыс тілін, білгенінің бәрін өз бетімен үйренген. Алайда, Мұсаның түрлі әкімдерге бай­ шонжарлардың үстінен жолдаған архивтерден табылған арыздарының сауатты жазылуына қарағанда, оның орыс мектебінде білім алғаны рас та болуы мүмкін. Сондай­ақ орыстың сол кездегі белгілі ақын­жазушыларының туындыларын оқып, соларға еліктеп шығарма жазу өз бетімен хат танып, сауат ашқан адамның қолынан келеді дегенге жанаспайтын тәрізді. Күнкөріс табу мұнда Қызылжарға қарағанда қиынға соғады. Белгілі мамандығы жоқ Мұсаға алғашқы кезде ыңғайлы жұмыс табылмай, ол біраз қиналады.

Читайте также:  ЧТО ТАКОЕ Комплимент ?

Алайда, жасынан «тесік өкпе» болып шыныққан, алған бетінен қайтпайтын жалынды жас қиыншылықтың бәріне төзіп, оқу­ білімнен қол үзбейді. Мұса біртіндеп орысша жазу­сызуға төселе түседі. Омбыда Мұсаның өнерге, музыкаға бір табан жақын болуына көптеген мүмкіндіктер бар еді, өйткені оның мәдени өмірінің деңгейі Қызылжарға қарағанда жоғары болатын. Оқу орындары жанында хор, драма, музыка үйірмелері жұмыс істеді, музыкалық­әдеби кештер жиі болып тұрды. Омбыға әнші­музыканттар гастрольге жиі келіп тұратын. Мұса мұнда әскери гарнизонның үрмелі аспаптар оркестрі мен орыстың халық аспаптар оркестрінің концерттерін тыңдап, марш, вальс, полька, мазурка тәрізді музыка жанрларымен танысады. Мұса Омбының кітапханасында болып, Петербург, Москва, Орынбор, Ақмола қалаларынан шығатын газет­ журналдар, кітаптар мен ведомостарды оқиды, солардан бұқара тұрмысына шындық тұрғысынан қарайтын, демократиялық түйінді жазылған мақалалармен танысады. Өзі араласып, әңгімелесіп жүрген адамдардан демократиялық көзқарастары үшін Омбыға жер аударылған орыстың озық ойлы азаматтары жайында естіп, Россияның тарихи­ әлеуметтік өмірінен біраз мағлұмат алады. Мұсаның жаңа қоғам лебімен танысуы осылай басталады. * * * Омбы дәуірінде Мұса өлең жазумен қатар ән шығаруға да талаптанады. Мектеп жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің бір кешінде ол домбырада, гармоньда, скрипкада қазақ, татар, орыс әндерін тартып, өнер көрсетеді. Көпшілік сахнадан жібермей қойған соң, сол жерде қыздарға арнап өлең шығарады. Кейін сол өлеңіне ән шығарып, жастарға сынатады. Ән бірден тыңдаушылардың құлағына жағып, «Қыздар­ай» деген атпен көпшілікке тарап кетеді. Мұсаның тырнақ алды әні осылай дүниеге келеді. Бұл әннің Омбыда шығуы жөнінде, біздіңше, бірнеше болжаулар бар. Біріншіден, қыздарға көзінше суырып салып өлең шығару, ән арнау сол кездегі сауық кештерінің дәстүрлі құбылысы болатын. Екіншіден, орысша сөйлеуді жаңа үйреніп жүрген адам орыс сөздерін араластырып сөйлеуге құмар болатыны белгілі. Әннің қайырмасына Мұсаның орыс сөздерін қосуы осы себепті болса керек. Ол бұдан кейін шығарған әндерінде де орыс сөздерін орны­ орнымен жарасымды түрде қолданып отырған. Солардың ішінде «закон, люблю, сочинитель, холостой, красивый, честь, женатый» деген сөздер кездеседі. Үшіншіден, «Қыздары орыс­ қазақ маған іңкәр» деп келетін өлең жолдары әннің қалада туғанын дәлелдейді. Омбыда біраз жыл тұрғаннан кейін, Мұса еліне қайтады. Баяғыда кірешімен Қызылжарға ұрланып кеткен жалаң аяқ бала Омбыдан еліне өлеңші­әнші, қала өмірін, біраз дүниені көріп ысылған, сауатты азамат болып оралады. Ауылда ол көрген­білгендерін әңгімелеп, ән салып, жүрген жерін думанға бөлейді. Ойын­сауық, жиындарда жас біткеннің бәрін өз маңына бірден үйіріп алады. Орысша еркін сөйлей білетін, ойындағысын тартынбай айта алатын өжет, әнші­ өлеңші, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ауылдастарының құрметіне бөленеді. Бірақ ауылдың жайы, тыныс­тірлігі Мұсаны қатты ойландырады. Қазақ ауылдарындағы теңсіздік, кедей­кепшіктің ауыр тұрмысы, дау­жанжал, ұрлық­барымта, ел билеуге, болыстыққа таласу, зорлық­зомбылық сияқты көріністердің куәсы болған Мұса осындай кертартпа қылықтармен өз әлінше күреспекке бел байлайды.

Әкесі Байжанның пәлен жыл жиналып жүріп сатып алған жалғыз торысын мініп, Баянауыл округін аралап кетеді. Ол ауыл­ ауылды аралап, өнер көрсетіп қана қоймай, болыс, билердің басқалар тіс жарып айтуға бата алмайтын түрлі қылықтарын батыл айыптап, «ел жақсыларын» сынайды. Бұл сияқты қара тізімнің ішіне ол Мұса Шормановты да енгізіп жібереді. Бүкіл округке өзінің осы ойын іркілмей айтып жүреді. Мұсаның бұл әңгімелері Шорман балаларының да құлағына жетеді. «Жаман Байжанның күні кеше қаңғып кеткен баласы Қызылжар, Омбыдан оқып келіп, сырнайлатып, әндетіп, айналасына «жын­шайтандарды» жинап, елдің игі жақсыларының беделін түсірерлік сөздер айтып жүр», ­ дегенді естігенде Мұстапа Шорманов: «Жаман неменің бір­ екі ауыз орысшаға семіруін қара, көрген күнін өзіне көп етейін», ­ деп ашуланып, бұрқан­талқан болады. Мұсаның көпті аузына қаратып, ауыл арасында беделінің өскенін жақтырмайды. Бір күні Жаяу Мұса ауылдарының тұсынан өтіп бара жатқанда, Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, өзін көк ала қойдай етіп сабап жібереді. Бірақ Мұса Шормановтар тұқымының мұндай зорлығынан жасқанып жасымайды. Атын қайтарып ала алмайды. Өйткені үстемдігі, билігі жүріп тұрғанда, аузы алты қарыс Шормановтар ешкімге де теңдік берген емес. Мұса ат орнына қолына таяғын алып, жаяу­ақ ел аралап, ән шырқап жүре береді. Шормановтар оның атын тартып алып, Жаяу Мұса атандырғанымен, қанша қудалағандарымен ақын жанын жасытып, асқақ әніне тұсау сала алмайды. Шорман тұқымының зорлық­зомбылығына деген ыза­кектің әсерінен композитордың «Ақ сиса» әні дүниеге келеді. Бұл ән халықтың ел билеуші үстем тапқа шығарған үкіміндей болып, жұртшылыққа тез тарап кетеді. «Ақ сиса» әні ­ композитордың күрделі шығармаларының бірі. Бұл ­ теңсіздікке, зорлықшыл, қиянатшыл үстем таптардың іс­әрекеттеріне деген наразылық пен ыза­кектің уытты үнін көрсететін әлеуметтік мәні зор ән. Батыл, оптимистік рухтан туған бұл ән дұшпанға деген бітіспес кектің ғана емес, шындық пен әділеттіліктің жаршысындай естіледі. Бір ғана «Ақ сисаның» үнінен Жаяу Мұсаның ақындық­композиторлық, азаматтық тұлғасын толық танимыз. Бұл ән ­ өзінің өткір сарыны, батыл да, өктем табиғатымен, дұшпанына деген қаталдық, мейірімсіздікті білдіріп қоймай, шыншылдық, демократиялық принципті жырлайтын жаңалықтың жаршысындай естіледі. «Бұтағынан орыс симфонизмі тараған «Камаринская» ­ бір емен деп орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковский айтқандай, бір «Ақ сисаның» үнінде Жаяу Мұсаның музыкалық келбеті түгелдей көрініп тұр. «Ақ сиса» жаңғырығы Жаяу Мұсаның басқа да әндерінде ұшырасып, музыкалық шығармашылықтың ұзын­ырғасында лейтмотив есебінде жұмсалады. Жаяу Мұса Шормановтардың бұл қылығын әнімен көпке әшкерелеп қана коймай, бұрынғы жинап жүрген деректерімен қоса Омбының генерал­губернаторына олардың үстінен арыз жазады. Ол әділдік жолын осылай іздеп табамын, шындыққа жетемін деп ойлайды. Өйткені ауылдағы әділетсіздіктің бәрін көзімен көріп, біліп отырғанымен саяси сауатының таяз болуынан оның түп тамырының қайда жатқанын байыптай алмайды. Шормановтар да қол қусырып, қарап жатпайды.

Читайте также:  Студент жастарға дене шынықтыру шараларын қолданудың жолдары

Қолы ұзын олар Мұса тәрізді арызды почтамен жіберіп, істің ақырын күтіп отырмай, Омбыға кісі шаптырып, пара беріп, жоғарғы әкімдердің аузын алады. Соның салдарынан Мұсаның шағымы аяқсыз қалады. Мұстапа: «Жаяу Мұса патша өкіметіне қарсы шығып, қазақтар арасында оған қарсы наразылық күшейту мақсатымен үгіт жұмыстарын жүргізіп жүр», ­ деген үкім шығартып, оны бірнеше жылға Тобылға (Тобольск) жер аудартады. Бұл оқиға 1860­1862 жылдарда болады. «Қазан дәптеріндегі»: «Мекенжай оның жүрген Омбы болды, Тобылды тауық жылы барып көрді», ­ деген өлеңі осы мезгілге сәйкес келеді. Осы айтылғандармен бірге Мұса Байжановтың жер аударылуына тағы бір мынадай жағдай себеп болса керек: «Жаяу Мұса Құдайбергенов деген көңіл жетер адамның аулында қонақ болып отырғанда, II Александр патшаның суретін көреді. Патша десе төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды. Мұндай сәтті кезеңді пайдаланған бай, болыстар: «Мұса Байжанов опасыздық іс жасады, патшаның арын аяққа басты», ­ деп, бұл оқиғаны дереу Дала генерал­губернаторына жеткізеді. Мұны естігенде ол ызадан жарылып кете жаздайды. Генерал­губернатор өзінің ел тонаушы жендеттеріне Байжановты Баянауыл Омбыға дереу және қайткенде де жаяу жеткізуге бұйрық береді. Патша өкіметінің солдаттары жолда әбден сілесі қатып шаршаған Жаяу Мұсаны генерал­губернатордың алдына алып келеді. Омбының облыстық әкімшілігі Мұса Байжановтың наразылық шағымдарын құлақтарына да ілмей, құдіретті патшаның қадірін кетіргені үшін оны он жылға каторгаға жіберуге үкім шығарады». Жаяу Мұса екі жылдай Тобыл түрмесінде жатады. Даланың еркін ұшқан құсы тар қапаста қиындыққа душар болады. Бірақ жастайынан өмірдің небір тауқыметін тартып, шыңдалған Мұса басына түскен қиындыққа мойып, еңсесін түсірмейді. Каторгадағы істің мән­жайын түсінетін адамдармен ақылдасып, бостандыққа шығуды ойластырады. Айдауда жүрген орыстың көзі ашық азаматтарының ақыл­кеңесі бойынша, «Мені әскер қатарына алсаңыз екен», ­ деп арыз жазып (біреулер генерал­губернаторға, ал екіншілері патшаның өзіне дейді), солдатқа барып, кесімді мерзімін өтеуге сұранады. Қалай дегенмен де, Мұсаның өтініші қабылданады. Тобылда болған жылдарында композитор «Сүйіндік» әнін шығарады. Алыста жүріп, ел­ жұртын аңсаған Мұса «Сүйіндік» әнінде туған жеріне деген сағыныш сезімін, перзенттік махаббатын бейнелейді. «Сүйіндік, айналайын аруағыңнан, болмайды өз еліңде жүргенде арман», ­ деп өз тағдырына налиды. Адамның ішкі сезім сырын суреттейтін әннің табиғатында, музыкалық құрылымында да ерекшелік бар. Композитордың өзегін өртеген сағыныш­мұңы әнде мажорлы­минорлы екі түрлі әуен сазы арқылы берілген. Мұсаның «Тұтқын зары» деп аталатын әні де осы кезде шығарылған болуы керек. Мұса әскерге алынып, Тобылдан шыққаннан кейін, Орынбор арқылы Қазанға келеді. Өзінің «Қазан дәптеріндегі» жазуы бойынша ол бұл қалада бір ай болады.

Орынбор арқылы Қазанда бір ай жатып, Отарбаға Нижнийде мінеді енді, ­ деп жазады автор осы сапары жайында. Мұса осы уақыт ішінде Қазан қаласының өмірімен біршама танысқан болуы керек. Композитордың «Қазан қыздары» әні осы сапарының жемісі болуы мүмкін. Композитор мұнда татар халқының өнер­білімге ерте жеткенін үлгі етеді. Сонымен бірге қыздарға әзіл­ қалжың айтуды да естен шығармайды. Ал, ән өлеңіндегі «Алты ай тұрып Қазанда» деген жолдарына қарағанда, «Қазан қыздары» кейініректе дүниеге келген тәрізді. Бұл Жаяу Мұсаның 1880 жылдары Қазанға қолжазбасын жарыққа шығаруға арнайы барған сапарында туған шығармасы болуы да ықтимал. Өйткені композитордың «Қазан дәптеріндегі» өлеңдерінен мынадай жолдарды кездестіреміз: Анықтап қоян жылы жаздым мұны, Тарихты мың сегіз жүз де сексен жылы. «Қазан қыздары» әнінің әуенінде татар халқының музыкасына тән белгілер, интонациялық сарын кездеспейді. Бұл ­ Мұсаның өзі болған жерін есте қалдыру мақсатында шығарған, өзіндік композиторлық қолтаңбасынан туған ән. Мұса Байжанов бұдан кейін әскер бөлімімен бірге Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Оның «Тылында литва, поляктардың соғысын гвардиямен жүріп көрген» деген өлеңі осы жорық жылдарында шығарылған. Сөйтіп, Жаяу Мұса Ресейдің және Шығыс Еуропаның көптеген қалаларында болып, ел көріп, жер таниды. Кейіннен Мұса Қоқан хандығын басуға жіберілген полковник М.Черняевтің отрядына ауыстырылады. Ол Черняев әскерімен бірге Верныйға (қазіргі Алматы қаласы) келіп қыстайды. Алатауды көріп, Жаяу Мұса өзінің Баянтауын сағынады. Ол туған жеріне арнап, «Баянауыл» әнін шығарады. Ән салмақты, ойлы, байсалды, сазды. Басталуы мен қайырмасының әуені бір­біріне сабақтас өрбиді, біртіндеп дамып, биіктей береді, диапазондық жағы ықшам. Автордың: «Жаман­жақсы болса да, туып өскен ауыл­ай», ­деп сағыныш сазын музыка тілімен өрнектейтін тұсы жылы, әсерлі шыққан. Черняев әскері Әулиеатаға (Жамбыл қаласы), одан кейін Шымкентке барады. Осы аймақты Қоқан хандығының езгісінен босатады. Жаяу Мұса осы оқиғаға байланысты өлеңінде: «Сарыата, Әулиеата қараған соң, Шымкентті көп талады, бек шулата», ­ деп қаланы алу үшін болған шайқасты, халық басына түскен ауыртпалықты суреттейді. Сондай­ақ осы өлеңінде: «Надандық сол қылықтар бәрі қате», ­ деп қанды жорықты көзімен көріп, араласып жүргеніне өкінеді. Черняевтің отрядында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың да болғаны тарихтан белгілі. Соған қарағанда, Жаяу Мұсаның Шоқанмен кездесуі де мүмкін. Халық аузындағы деректер бойынша, Жаяу Мұса өзінің Шоқанмен бірге болған күндерін өле­ өлгенше айтып отырады екен. Шымкенттен еліне қайтып келе жатқан сапарында Жаяу Мұса «Шолпан» әнін шығарады. «Шолпан» ­ көтеріңкі леппен айтылатын ойнақы әуенді ән. Композитор мұнда ән арнаған қыз бейнесін жаңа туған Шолпан жұлдызына теңеп, айтар ойын музыкалық образ арқылы шебер бере білген. «Шолпан» әнінің үш варианты бар. Бірінші түрі Қосымжан Бабақовтың, екіншісі 1963 жылы Сымақ Айдарбековтың орындауынан жазылып алынды.

Читайте также:  Неміс өнері ( Қайта Өркендеу дәуірі)

Ал, әннің үшінші варианты А.Затаевичтің жарияланбаған қолжазба қорынан табылды. Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, көпті көрген Мұса еліне келгеннен соң, бірнеше таңдаулы әндердің авторы болады. Оның «Тұрымтай», «Ескендір» әндері осы кезеңде шығарылған. Аталған шығармалардың әуенімен композитордың жорық жылдарында құлағына әбден сіңісті болып кеткен марш ырғағы айқын байқалады. Жаяу Мұсаның сексенінші жылдар ішінде шығарған «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндерінде өзінің басынан өткізген қайғы­қасіретінің ізі жатыр. Бұл әндердің музыкалық бейнелеу, мәнерлік құралдары әр алуан. Композитор басына түскен өмір ауыртпалығын, бай­шонжарлардан көрген қорлық­жәбірін, қуғын­сүргінде өткен тағдырын бірде жабығыңқы, мұңды сарында бейнелесе, бірде жігерлі, өктем әуенмен ұқтырады. Аталған әндердің бір ғана варианттары бар. Басқа халық композиторларының шығармалары тәрізді Жаяу Мұса әндерінің варианттары әлі де зерттеп, нақтылай түсуді қажет етеді. Мәселен, композитордың кейбір әндерінің шығуы жөнінде әркім әртүрлі топшылап жүр. Мұсаның «Баянауыл» әнінің төңірегінде де осындай таласты пікірлер бар. Сондықтан қолда бар деректерге сүйене отырып, аталған ән жөніндегі пікірімізді келтіре кетуді жөн көрдік. Халық аузында «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деп басталатын «Баянауыл» әні бар. Бұл ән 1934 жылы «Айман­ Шолпан» операсына Айманның ариясы болып енді. Осы кезде қағаз бетіне түскен «Баянауыл» әнінің де бес түрі белгілі. Оның үшеуі А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән­күйі» жинақтарында жарияланған болатын. Адамның есімі тәрізді ән­күйде де халықтың бір атқа бірнешеуін телуі жиі ұшырасады. Мысалы, «Терісқақпай», «Балбырауын», «Қараторғай», «Жайма қоңыр», «Қарға» тәрізді ән­күйлер Қазақстанның әр түкпірінде кездеседі. Бірақ солардың көпшілігінің музыкалық мазмұндары мен формалары, шыққан оқиғалары ұқсас бола бермейді. Сол себепті де, қазақта жалғыз­ақ «Баянауыл» әні бар деген нақты тұжырымға келу біз үшін ғылыми дәлелмен еш байланысты жоқ болжау ғана болар еді. Біздіңше, халық әні «Баянауыл» мен Жаяу Мұсаның осы аттас әні бір­бірімен еш туыстығы жоқ, дербес шығармалар. Сондай­ ақ, әр композитордың өз үні, өз суреткерлік шеберлігіне тән шығармашылық қолтаңбасы болатынын ескерсек, Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әні музыкалық құрылысы жағынан оның қаламынан туған төл шығармасы екеніне дау туғызбайды. «Баянауыл» әні композитордың жырақта жүргенде туған аулын, оның сұлу табиғатын сағынып­аңсаудан туған әні екенін жоғарыда баяндадық. Композитор шығармаларының ішінде әсем әуенімен, шабытты сазымен ерекше дараланатыны «Көгершін» әні.

Жаяу Мұса бұл әнді жақсы көретін құстарының бірі ­ көгершінге арнаған. Әннің шарықтаған әуені көкте самғап ұшып бара жатқан бейбіт құстың бейнесін елестетеді. Құстарға деген сүйіспеншілігін автор «Көгершіннен» басқа «Қаршыға, бүркіт», «Тұрымтай», «Бозторғай» тәрізді әндерінде де бейнеледі. «Көгершін» әні ­ көңілді лирикада шығарылған күрделі туынды, халық композиторлары шығармаларының ішінде таңдаулыларының бірі. «Жаяу Мұсаның халық әншілерінің дәстүрінен үйреніп, үлгі алғандығын оның «Хаулау», «Сұрша қыз» әндері дәлелдейді. Мұса әнінің көпшілігі өзіміз білетін Арқаның ән дәстүрінде шығарылған. Еркелеген «Көгершін», өр кеуделі «Хаулау», сағыздай созылған «Гауһар қыз», туған Жер­ананы балалық махаббатпен суреттеген «Баянауыл», алдағы үмітке созған қолдың бейнесіндей жарқын «Сұрша қыз»… Бұл әндер Біржанның, Ақанның, Құлтуманың, Ыбырайдың, Естайдың өзімізге белгілі шырқаған, керілген шебер орындаушыны тілейтін шынайы туындыларымен қатар түседі. Мұнда Мұса қазақтың өзіне дейінгі ән шығару дәстүрін әбден меңгеріп барып, творчестволық құлаш ұрған адам екені көрінеді», ­ деп жазды академик Ахмет Жұбанов Мұса туралы. Жаяу Мұса көп жылдар бойы елінен тыс жерде болуына және кедейлігіне байланысты кешігіңкіреп барып үйленеді. 1875 жылдары Жаяу Мұса Ақмола уезіне қарасты Есіл бойын мекендейтін Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен танысады. Әрине, Мұсаның бұрынғы кезі болса, Құлбай оған қызын бермек түгілі, аулының маңайына жолатпаған болар еді. Бірақ қанша айтыс­тартыста жықпа­ жығылма бола жүріп, өзінің көптің бірі емес екенін танытқан Мұсадан қалай дегенмен де Құлбай сияқты байлардың бірқатары іштей сескенеді. Аулының маңынан жай қазақ жүре алмайтын Шормановтармен олардың озбырлықтарын халыққа ән­өлеңімен әшкерелеу арқылы алысса да, осының өзі Мұсаның ел арасындағы мерей­мәртебесін биіктете түседі. Черняев жорығынан оралғаннан кейін Мұса «Дәптеріне»: «Сонан соң Қаржас еліне болдым сыйлы»,­ деп бекер жазбаған. Құлбай байдың аулына Мұса бір топ жолдастарын ертіп барады. Ол Құлбайды әнімен, өнерімен жеңеді. Қазақ салтымен той­думанын өткізіп, қалыңдығын алып еліне қайтады. Осы сапарда «Құлбай бай» әнін шығарады. Бұл әнінде композитор дәулеті мен байлығына мастанған бай аулының тыныс­тіршілігін күлкі, әжуа етеді. Әнді шығаруда өзімен бірге ілесіп барған жора­жолдастарының да ықпалы болса керек. Юмор мен сатираны әуенмен, музыкамен ұқтырып, бейнелеп бере білу қиын дүние. Соған қарамастан, композитордың бұл туындысында шындық нақтылы, дәл бояумен суреттелген. Жаяу Мұсаның «Құлбай бай» және осы сипаттағы басқа да әндері оның композиторлық қызметіндегі тақырыптық жаңалық болып саналады.

Оставить комментарий