Жазба қайнарларының дерегін сынау

Сонымен, жазудың жалған сипатын анықтаған соң, ең алдымен, орфографияны реформалау керек деп ойлау қате. Тілге қолымызды жеткізетін жазба формаға сақтанып қарауға мүмкіндік беруі — фонологияның біз үшін жасаған шынайы қызметі болып табылады. Жазу арқылы алынатын кез келген деректерді дұрыс түсіндіргенде ғана олар құнды болмақ. Әр жағдайда зерттелетін тілдің фонологиялық жүйесін, яғни онда қолданылатын дыбыстардың кестесін анықтау қажет; өйткені әрбір тіл айқын жіктелетін фонемаларының шектеулі санын пайдаланады. Лингвисті қызықтыратын жалғыз нақтылық та осындай жүйе. Ал графикалық таңбалар — дәлдігі тексеруден өтуі тиіс оның бейнелері болып саналады. Мұндай тексерудің қиындығы тілге және жағдайларға байланысты әртүрлі болады.

Өткеннің үлесіндегі тіл туралы әңгіме болғанда, біз жаңама деректерге арқа сүйеуге мәжбүр боламыз; бұл жағдайда фонологиялық жүйені анықтау үшін, қандай құралды қолдануға болар еді?

1. Ең әуелі сыртқы деректер және бірінші кезекте өз заманында дыбыстар мен айтылымды сипаттаған замандастардың куәлігі. Айталық, XVI және XVII ғғ. француз грамматистері, әсіресе шетелдіктерді француз тілінің айтылымымен таныстырғысы келгендер біз үшін көптеген қызықты дерек қалдырған. Бірақ бұл қайнар деректеріне сенуге болмайды, өйткені олардың авторлары фонологиялық тәсілді мүлдем білмеген. Олар өз сипаттауларында ғылыми дәлдігі жоқ кездейсоқ терминдерді пайдаланған. Сондай­ақ олардың деректері ерекше түсініктемені де қажет етеді. Дыбыстарға берілетін атаулары көбінесе түсініксіз болып келеді: айталық, грек грамматистері b, d, g ұяң шұғыл дауыссыздарды «орташа» (mѐsai), ал р, t, k қатаң шұғыл дауыссыздарды «таз», «жалаңаш» (psīlaì, яғни, ауыспалы мағынада «қою лептілігі жоқ»), оны римдіктер «жіңішке» (tenuēs) деп аударған. 2. Сенімді нәтижелерге жоғарыда көрсетілгендермен қатар, ішкі деректерді қоса пайдаланғанда қол жеткізуге болады. Ішкі деректерді біз екіге бөліп қараймыз: а) фонетикалық өзгерістердің тұрақтылығына қатысты деректер. Белгілі бір әріптің мәнін анықтағанда, оның бейнелейтін дыбысының кезінде қандай болғанын көрсету лазым. Оның қазіргі кездегі мәні даму нәтижесінде қалыптасты, соған қарап, бірден кейбір болжамдарды жоққа шығаруға болады. Айталық, біз ç арқылы дыбыс таңбасын жазып жүрген санскрит таңбасының толық мәнін білмейміз, бірақ оның жеткізіп тұрған дыбысы үндіеуропалық таңдайлық к­дан тарағандықтан, болжамдардың саны едәуір азаяды.

Читайте также:  Қабылан хан туралы

Егер де бастапқы нүктемен қоса, сол дәуірдегі сол тілдің ұқсас дыбыстарының қатар жүретін эволюциясы белгілі болса, онда аналогия (ұқсату) арқылы тұжырым жасап, тиісті сәйкесімді шығаруға болады. [Айталық, Авеста мәтіндерінің жазуында үндіеуропалық tr­ға сәйкес келетін дыбыстық қатар сөз басында рr және сөз ортасында dr арқылы белгіленген; ал үндіеуропалық рr­ға сәйкес келетін дыбыстық қатар барлық жерде бірдей fr арқылы белгіленген. Осы екі эволюция қатар жүруі тиіс еді; бұдан dr тура рг сияқты айтылуы тиіс деген шығады, өйткені f шұғыл ұяң емес, лепті қатаң дыбыс].

Әрине, егер бастапқы және соңғы нүктесі белгілі аралық айтылымды анықтау қажет болса, мәселе оңай шешілген болар еді. Француздық au тіркесі (мысалы, sauter «секіру» сөзінде), орта ғасырларда дифтонг болғаны даусыз, өйткені ол ертедегі аl мен қазіргі француздық о арасындағы орында тұр; және, егер басқа жолмен au дифтонгі ол кезде болғаны анықталып жатса, онда алдыңғы кезеңде де оның болғаны күмән тудырмайды. Біз, wazer «су» деген жоғарғы көне неміс сөзіндегі z нені білдіріп тұрғанын нақты білмейміз, бірақ болжалды нүктелер бар, бірі — одан да көне water, екіншісі — қазіргі формасы Wasser. Демек, z t мен s ортасындағы аралық дыбыс болып шығады; бізге тек қана s­мен немесе тек қана t­мен жақындастыратын кез келген болжамды қабылдамауға болады; мысалы, бұл әріп таңдайлық дыбысты бейнелеген деген ой қате болады, өйткені екі тіс артикуляциясының арасында тек тіс артикуляциясын болжауға болады. ә) Әртүрлі сипаты болуы мүмкін жаңама деректер.

Жазудың әртүрлі болуынан бастайық. Жоғарғы көне неміс тілінің белгілі бір дәуірінде wazer «су», zehan «он», ezan «жеу» деп жазған, бірақ ешқашанда wacer, cehan және т.б. деп жазбаған. Егер, екінші қырынан келгенде, esan және essan, waser және wasser және т.б. кездессе, онда z әрпі s —ға жақын, бірақ сол кезеңдегі с —дан ерекше дыбысталған деуге болар еді. Егер болашақта wacer және т.с.с. тәріздес формалар кездесе бастаса, ол ертеде әртүрлі фонемалардың кейін теңескенін дәлелдейді.

Читайте также:  Шотан батыр

Поэзия мәтіні айтылымды зерттеуде құнды материал болып табылады; өлең құрау жүйесі буындар санымен, олардың мөлшерімен (ұзақтығы), бірдей дыбыстардың қайталануымен (аллитерация, ассонанс, ұйқас) байланысты; поэзия мәтіндері фонологияға қатысты мәселелер үшін құнды дерек бола алады. Грек тілінде кейбір созылыңқы дыбыстар графика арқылы ажыратылады (мысалы, ω графемасымен бейнелетін ō), ал басқалары олай емес, сондықтан а, і немесе u санын ақындар біледі. Көне француз тіліндегі ұйқасқа қарап, gras «семіз» және faz (лат. faciō «жасаймын») сөздеріндегі кейінгі дауыссыздардың қай ғасырға дейін әртүрлі болғанын және қай кезеңнен бастап олар бір­біріне жақындай бастап, теңескенін білуге болады. Ұйқас пен ассонанс та көне француз тіліндегі латынның а­сынан тарайтын барлық е (мысалы, рéге «әке» patrem—нан, tel «осындай» talem —нан, mer «теңіз» mare­дан) басқа е­мен салыстырғанда, мүлдем ерекше дыбысталғанын көрсетеді. Мұндай сөздер elle «ол» (лат. illа), vert «жасыл» (лат. viridem), belle «сұлу» (лат. bella) және т.б. сияқты сөздермен еш ұйқаспайды да және ассонансқа түспейді.

Қорыта келе, шетел тілдерінен енген сөздердің жазылуы, каламбурлар, екіұшты сөздер т.б. туралы да айта кетейік. Аталған ақпарат көздерінің барлығы бізге белгілі бір дәрежеде өткен дәуірдің фонологиялық жүйесін тануға және жазба ескерткіштердің куәліктерін сыннан өткізе қабылдауға мүмкіндік береді. Тірі тілге қатысты болатын жалғыз пайдалы тәсілге, ең әуелі, тікелей бақылауда көрінген күйінде дыбыстардың жүйесін анықтау жатады; екіншіден, оны дыбыстарды бейнелеу үшін (дәл болмаса да) қолданылатын таңбалар жүйесімен салыстыру. Грамматистердің көпшілігі біз сынаған ескі әдісті әлі де қолданып келеді, олар сипатталатын тілдегі әрбір әріптің қалай айтылатынын көрсетумен шектеледі. Бірақ мұндай жолмен сол тілдің фонологиялық жүйесінің айқын сипатын жасау мүмкін болмайды. Дегенмен де, аталған салада айтарлықтай жетістіктердің болуы және жазу, орфография мәселелерінде біздің пікіріміздің өзгеруіне фонологтардың үлес қосқаны дау тудырмайды.

Читайте также:  ҚазҰУ-да журналистика бойынша республикалық олимпиада өтіп жатыр

Оставить комментарий