Жазба әдебиетінің қалыптасуы

Қытайдағы қазақтардың жазба әдебиеті 19 ғасырдың аяғымен 20 ғасырдың алғашқы жартысында қалыптаса бастады. Халқымыздың бай ауыз әдебиетін негіз еткен жазба әдебиетке поэзия жетекші жанр болып қала берді. Өлеңдері мен хисса­дастандары Қазан­Уфа баспаларында басылып, елге таныла бастаған Ақыт Үлімжіұлы мен Жүсіпбек Шайқысыламұлы қатарлы ақындар жазба әдебиетінің алғашқы қарлығаштары болды. Ал, шығармалары баспа бетін көрмесе де қағазға түсіріліп қолдан­ қолға өтіп елге танымал бола бастаған ақындар қатары молайды. Олар: Әріпжан Жанұзақұлы (1878­1946), Шылбы Көбекұлы (1860­ 1936), Асылқан Мыңжасарұлы (1893­1918), Кодек Маралбайұлы (1888­1937), Отарбай Дүйсенбіұлы (1834­1931), Кәрібай Таңатарұлы (1873­1924), Арғынбек Апашбайұлы (1883­1946), Асқар Таңатарұлы (1906­1994), Күтбай ақын (1876­1936), Сұлтан Мәжитұлы (1911­1982) т.б. ақындар еді. Аталған ақындардың ауызша және жазбаша шығарған өлең­ дастандарының біразы Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында жарық көре бастаған газет­жорналдарда жарияланып оқырмандармен бет көрісті. Сондықтан бұл ақындар шығармалары Қытайдағы қазақтардың ауыз әдебиеті негізінде қалыптаса бастаған жазба әдебиет үлгісі қатарында қарастырылады. Қытайдағы қазақтар әдебиетін дәуірлеудің де өзіндік тарихи, саяси, мәдени ерекшеліктері бар екені ескерілуі керек. Мәселен қытайдағы қазақтар әдебиетінің қазіргі заманғы әдебиеті 19­ғасырдың соңымен 20­ғасырдың алғашқы жартысын (1949­жылға дейінгі) қамтыса, осы заманғы әдебиеті 1949­жылдан бүгінге дейін дәуірді назарда ұстайды. Біз бұл дәуірді өз ішінен мынадай үш кезеңге бөліп қарастыру керек деп қараймыз: Бірінші 1949­1958 жыл аралығы. Бұл кезеңде Шинжияңдағы ұйғыр­қазақ әдебиеті шын мәнінде гүлденіп дамыды. Екінші кезең 1958­1976 жылдар аралығындағы тоқырап, күйреу кезеңі ретінде тарихта қалды. Бұл кезең ­ бүкіл қытайды дүрліктірген “Оңшыл­ ұлтшылдыққа қарсы күрес” науқаны және он жылға созылған “Мәдениет зор төңкерісі” деп аталған сойқанды науқандар жүргізіліп ұлт мәдениеті мен ұлт зиялыларына аяусыз соққы берілген қаралы кезең болатын. Ал үшінші кезеңге, 1976 жылғы диктатор Мао Зыдуң өліп оның орнына реформатор Дың Шау Пиң билік басына келген 1978 жылдан бергі қайта өрлеу кезеңі жатады. Осы соңғы отыз жылға таяу уақыт ішінде жиырма жылдық қуғын­сүргіннен елге аман­сау оралған аға буын қаламгерлер шығармашылықпен жаппай айналысып, өнімді еңбек етті. Аға буын өкілдерінің игі ықпалымен ұстаздығын бағдар тұтқан кейінгі жас толқын да тез марқайып әдебиеттің барлық жанрларында өздерін көрсете бастады. Қытайдағы қазақ жазушылары қаламынан соңғы отыз жылда жүзден аса роман, алты жүздей әңгіме повесттер, 250 өлең дастандар, 150 сын зерттеулер туған екен. 1979 жылы Жақып Мырзаханның “Арман асуында” атты көлемді романнан басталған романшылдық белгілі дәрежеде өз жемісін берді деуге болады. Әзірге толық жарияланып үлгірмесе де Қаржығұмар Шабданның тұтас ғасыр жүгін арқалаған алты томдық “Қылмыс” романдар легі, Сұлтан Жанболаттың үш томдық “Үйсін хикаялары” (Елжау күнби, Саншора күнби, Оңғай күнби) тарихи роман трилогиясы, Батырхан Құсбегиннің “Жан” атты төрт томдық романдары қазақ әдебиетіне олжа салған табысты шығармалар деуге болады. Бұл күндері бүкіл қытайға танымал болған прозашылардан Рахметолла Әпше, Оразқан Ахмет, Жұмабай Біләл, Ғаппар Біләл, Оразбек Әбділ, Мағаз Раздан, Шәміс Құмар, Әкпар Мәжит, фантаст жазушы Болат Кәрібай және Шаймұрат Замза қатарлылар бар. Бұл авторлардың шығармалары негізінен екі бағытта немесе екі шығармашылық ұстанымда жазылған деп қарауға болады: Бірінші тарихи тақырыпты негіз еткен реалистік ­ халықтық тұғырдағы шығармалар, ал екіншісі социалистік реализм мен әдебиеттің партиялылығы мен таптық күрес рамкасынан шыға алмаған әрі­сәрі күйдегі шығармалар. Сондай­ақ бүгінгі әлемдік әдеби шығармашылық үрдіске талпынған жаңа бағытты ұстанушы талантты қаламгерлер қаламынан туындаған жаңашыл әдебиет те күш алып, өркен жайып келеді. Қалай болғанда да, Қытай қазақтарының осы заманғы әдебиеті негізінен Қазақстандағы үлкен қазақ әдебиетінің құнарлы қойнауынан нәр алып, өркендеп келе жатқан мәуелі байтеректің жемісті бір бұтағы екені анық. Тұтастай алғанда Қытайдағы қазақтар жазба әдебиетінің негізін қалап, тұғырын биіктеткен ақындардың көш бастаушы, ең көрнекті тұлғалары ­ Ақыт Үлімжіұлы (1868­1940) мен Таңжарық Жолдыұлы (1903­1947) екендігі әдебиет тарихында айқындалып ылайықты бағасын алып отыр.

Читайте также:  Ежелгі Рим өнері

Оставить комментарий