ЖЕЛТОҚСАН ҚОЗҒАЛЫСЫ: ТАРИХТАҒЫ ОРНЫ МЕН САБАҚТАРЫ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 15 жылдығына Ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда қазіргі уақытта кең қолданылып жүрген «Желтоқсан оқиғалары» деген кеңестік идеология қойнауында өмірге келген ұғым бұл құбылыстың шынайы мазмұнын аша алмайды. «Оқиға» деген сөз бір мезгіл, бір сәтте өмірде орын алған іс, құбылыс дегенді білдіреді 1 . 1986 жылғы 17­18 желтоқсан күндері Алматы қаласында, сондай­ақ облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде болып өткен фактілер, әрине, бір сәттік, кездейсоқ құбылыс емес екендігі анық. Желтоқсан оқиғалары қазақ тарихында бұдан да бұрын орын алған тамырлы, өзара сабақтас оқиғалардың логикалық жалғасы, кезекті табиғи көрінісі. Анығырақ айтқанда, ол ­ қазақ халқының империялық, отарлық езгіге қарсы азаттық үшін күресінің, мемлекеттік тәуелсіздікке деген тынымсыз ұмтылысының табиғи жалғасы. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біз әңгіме етіп отырған тарихи құбылыстың «Желтоқсан оқиғалары» емес «Желтоқсан қозғалысы» аталғаны, әрине, орынды болмақ. Сондай­ақ ол бір қалалық немесе аймақтық та құбылыс емес, жалпыұлттық қозғалыс. Оның мынадай себептері бар. Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру тек астана қала — Алматымен ғана шектеліп қалған жоқ, басқа да облыс орталықтарында, аймақтарда көрініс тапты. Желтоқсанның 17­25­күндері Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық сияқты қалаларда, Шамалған, Сарыөзек сияқты елді мекендерде болып өткен толқулар наразылықтың жалпықазақстандық сипат алғанын айғақтайды. Алматыдағы 17 желтоқсан күнгі толқуларға 25­30 мың адам қатынасқан. Сол күнгі кешінде және түнде шеруге шыққандарға қарсы қолданылған қанды жазалау шараларына қарамастан, ертеңіне Брежнев алаңына тағы да сонша адамдардың жиналуы әбден мүмкін еді. Әскер күштері мен милиция алаңды қоршап алып, оған ешкімді жібермеді. Алматыдан тыс жерлерде болған шерулерге қатынасқандардың саны 2 500 адам. Бұл саналы түрде басыңқы көрсетілген сан болуы да ықтимал. Әрине, қозғалыстың белгілі бір орталық басқару штабы болған жоқ, кеңестік қатаң бақылау жағдайында оның болуы да мүмкін емес­тін. Анығы сол, ондай штаб қозғалысқа өз еркімен қатысқан әрбір азаматтың жүрегінде болды. Қозғалыстың ауқымын оны басуға тартылған күштердің саны мен қуатынан да байқауға болады. Американдық Хельсинки тобы демонстранттарға қарсы 50 мың әскер адамдары және 20 мың милиционерлер тартылғанын айтады. Академик М.Қозыбаевтың есебі бойынша әскер күшінің саны 40 мың қару төңірегінде 2 . Әскер күшіне қосымша жастарды басуға 10­нан 15 мыңға дейін қаруланған ерікті жасақшылар көшеге шыққан. Бұған қосымша 15 БТР және 20 өрт сөндіруші машиналар бөлінген 3 . Бұл келтірілген цифрлық фактілерден байқалатыны сол шеруді басуға шыққан қарулы қолдың саны шерушілерден екі есе асып түскен еді, ал екі жақтың қарулану деңгейі, әрине, ешқандай да салыстыруға келмейтіндігі өзінен­өзі түсінікті. Бейбіт шеруге шыққан жастардың қарулы әскер күштерімен қақтығысқа түсу қаперінде болмағаны, әрине, айдай анық. Желтоқсан оқиғалары тұсындағы империялық Орталықтың әрекеті 1916 жылғы патшалық биліктің Қазақстандағы көтеріліс ошақтарын жаншып­басуға бағытталған әрекетін еске салатын еді. Мәселен, біріншіден, қозғалысты тез арада басып тастауға Фрунзе, Ташкент, Челябинск, Новосибирск, Уфа, Свердловск, Тбилиси сияқты қалалардан арнайы дайындықтан өткен, сондай­ақ ең негізгісі жергілікті халықпен және жағдаймен таныс емес әскер құрамалары жіберілді. 1916 жылы қазақ елінің қарсылығын басу үшін таңдаулы әскер қолдары Қазаннан, Перімнен, Орынбордан алдырылған болатын. Екіншіден, 1916 жылғы көтеріліс қарсаңында және тұсында патшалық билік Қазақстанға келіп қоныстанған орыс және басқа еуропалық шаруаларды саналы түрде қаруландыру шараларын іске асырды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының көрсетуіне қарағанда, көтеріліс күндері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, қалалық және облыстық комитеттерінің нұсқауы бойынша Алматы заводтарында халық жасақтары үшін темір арматураның кесіктерінен, резинкадан жасалған кабельдерден, шынжырлардан арнайы қару даярланды. (Қозғалыс күндері өте салысымен ресми билік бұл қаруларды даярлаған шеруге шыққандар деген пікір таратты — М.Қ.). Ал «халық жасақшыларының» басым әрі белсенді бөлігі сол тұста астана зауыттарында жұмыс істейтін орыс және басқа еуропалықтар болатын. Осы арада тағы да бір елеулі нәрсені айтпай өту мүмкін емес. Қазақстанды отарлау ісінде патшалық билік пен мұнда келген переселендер арасында өзара түсінушілік және қолдаушылық болғаны тарихтан мәлім факті. Өкінішке орай, коммунистік партияның жетпіс жылдық «интернационализм» саясаты сынға түскен сәтте жергілікті еуропалық тұрғындардың белгілі бір бөлігі Орталық биліктің зорлықшыл саясатын қолдайтындығын танытты. Белгілі дәрежеде желтоқсан күндері кеңестік биліктің Қазақстандағы негізгі ұлттардың арасалмағын біртіндеп өзгертіп, бұл мәселені біржола өз пайдасына шешу саясатының ойлағандай нәтиже бергендігін мойындамасқа ылаж жоқ. Әсіресе Алматы сияқты астана тұрғындарының ұлттық құрамын қалыптастыруда ұстанған Орталықтың стратегиялық саясатының қаншалықты қауіпті екендігін желтоқсан оқиғалары еш бүкпесіз анық көрсетіп берген еді. Мәскеулік орталықтың Алматы астанаға айналған алғашқы күннен бастап­ақ бұл қаланың, сондай­ақ оның төңірегін қоршаған село тұрғындарының ұлттық құрамын жоспарлы түрде қалыптастыру ісін қолында не себепті берік ұстап келгендігіне біз жете көңіл аудармадық. Тура осыған ұқсас саясат көрші туыс ел Қырғызстанның астанасы Бішкекке де (бұрынғы аты — Фрунзе) қатысты жүргізілді. Бұл саясаттың астары: астанадағы үстемдік жалпы республикадағы үстемділікке жол ашпақ, сондай­ақ орталық ұстанған позицияның өтімділігінің кепілі болмақ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының анықтауы бойынша қозғалысқа қатысқаны үшін ұсталғандардың саны 8 500 адам. Олардың ұлттық, әлеуметтік, кәсіби құрамы жөнінде толық мәлімет әзірге жоқ. Желтоқсаншы Қайыргелді Күзембаевтың зайыбы Роза Спанова «Біз білетін желтоқсан» 4 атты мәліметтер мен маңызды тұжырымдарға толы жақсы кітап шығарды. Осы кітапта 17­18 желтоқсан күндері ұсталған 633 адамның тізімі және олар жөнінде қысқаша мәлімет берілген. Міне, осы тізімдегі жастардың құрамы жөнінде мынаны айтуға болады. Ұсталған 633 адамның ұлттық құрамы: 628 казақ, 1 ұйғыр, 1 татар, 1 кәріс, 1 қарақалпақ, 1 қырғыз; әлеуметтік құрамы: 303 жұмысшы, 275 студент жас, 5 мектеп оқушысы, 9 зиялылар өкілі, 16 қызметкер, 17 жұмыссыз. Жастардың басым бөлігі «Алматы тұрғын үй құрылысы» тресінің «Құрылыс­монтаж» басқармасында, «Алматы ауыр машина жасау» зауытында, «Алматы мақта­мата» комбинатында», «Поршень» зауытында, «Тұрмыстық химия» зауытында, Гагарин атындағы тігін фабрикасында істейтін жұмысшы еді. Осы және басқа жарияланған фактілерден қозғалыстың негізгі қатысушылары да, бастаушылары да, дем берушілері де соған сай негізгі жазаланушылары да қазақ жұмысшы және студент жастары болғандығын аңғару, әрине, мүлдем қиын емес. Қозғалыс күндері Ішкі істер міністірлігі тарапынан айыптылар есебінде ұсталған 2 400 адамның 2 302­сі (92%) қазақ, 31­і орыс, 13­і ұйғыр, 10­ы татар, 4­і қырғыз. Осы күндері Алматыдағы дәрігерлік орындарға тіркеліп, медициналық көмек алғандардың саны 286 адам, олардың 281­і қазақ, ал ауруханаға жатқызылғандардың саны 83 адам, олардың 82­і қазақ 5 . Американдық Хельсинки тобының көрсетуіне қарағанда, ауруханаға түскен 369 адамның 363­і қазақ, 2­уі орыс, басқалары түрікмен, шешен, армян, башқұрт 6 . Р.Спанованың кітабында сотталғандардың саны бұрын айтылып келгендей 99 емес, 103 адам. Олардың 100­і қазақ, 3­і ұйғыр және дүнген ұлттарының өкілдері. Қозғалысқа қатысқандардың басым бөлігі — түрлі әлеуметтік топтардан тұрған республиканың жергілікті қазақ халқы. Бұл жағдай Желтоқсан қозғалысының империялық зорлыққа қарсы ұлт азаттық сипат алғандығын аңғартады. Осы арада мынадай мәскеулік Орталық биліктің шешіміне саналы ашық түрде наразылық көрсетіп, шеруге шығу Қазақстан тарихында 30­жылдардың басынан бері болмаған құбылыс*. Бұл ретте 1954 жылғы Теміртау қаласында орын алған жұмысшы жастардың билік орындарымен қақтығысын айтқан жөн. Бірақ ол оқиғаның шығуына тұрмыстық қажеттіліктердің негіз болғандығы мәлім. Кеңестік билікке қарсы соңғы қарулы бас көтеру 1929­1931 жылдары, яғни қазақ шаруаларының дәстүрлі шаруашылық жүйесін күрт күйретуге бағытталған большевиктер реформасына қарсылық түрінде көрінді. Одан бері жарты ғасырдан астам уақыт, яғни 55 жыл өтті. Бұл өмірде белсенді қоғамдық қызметтегі екі буынның ауысып, үшінші буынның өзін көрсететін мерзімі. 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жастар сол жаңа буынның өкілі болатын. Ал осы ұрпаққа қандай ерекшеліктер тән? Біріншіден, олар 37­38­дің жойқын жаппай репрессиялау саясатын көрмеген, 39­45­жылдардағы екінші дүниежүзілік аласапыран соғысқа қатынаспаған, соғыстан кейінгі мерзімде қатая түскен тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалына ұшырағанымен, илеуінде біржола жаншылмаған ұрпақ еді. 70­80­жылдары кеңестік тәртіппен саяқ жүріп арпалысқан 37 жастағы Хасен Қожахметовтың өзі де шеруге шыққан жас буынның көш бастар ағасы деуге жарап қалған­тын. Екіншіден, ешқандай да күмәнсіз нәрсе сол, бұл жаны таза, рухы биік қазақ әдебиеті мен өнерінің үздік дәстүрінде тәрбиеленген, Мұқағали Мақатаевтың «Реквиемін», өлеңдерін жатқа білетін, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстанымын» өзінің ортақ гимніне айналдырған ұрпақ болатын. 1986­ның желтоқсан күндері олар өз елінің азаттығы үшін ең биік те асқақ қамалды алуға даяр екендіктерін нақты іс­әрекетімен дәлелдеп берді. Желтоқсаншылар үстінен жүрген сот істерінің өзектісі Қ.Рысқұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұманов және Қ.Күзембаевқа арналған сот процесі екендігі мәлім. Міне, осы сот ісіне басынан аяғына шейін қатынасқан Р.Спанова жоғарыда аталған кітабында Қайрат Рысқұлбековтың соттағы ақтық сөзінен үзінді келтіреді. Онда Қайрат: «Менің бір ғана арманым бар еді. Ол ­ шындықты халқыма естірту болатын. Менің арымның таза екендігін, адам өлтірмегенімді халық естімей, шынымен «қылмыскер» деп айыптайды­ау деп, қорқушы едім. Қымбатты әке, аяулы анам, қадірлі жұртым, менің ақ екеніме көздерің жеткен болар. Енді, міне, қазір атып жіберсе де арманым жоқ. Қазақ халқы үшін құрбандыққа шалған тоқтыларың болайын. Сендер аман болыңдар!» ­ деп, сөзін абақтыда жазған өлеңін оқумен жалғастырады. Қайраттың өлеңі ойлы, терең, әсерлі еді. Әйтеуір, залдың іші өксікке айналып, шынымды айтсам, қазақ милиционерлеріне дейін көздерін сүртіп, уһілеп шығып жатты. Қайрат демін ауыр жұтып алады да, өлеңді оқиды, бір шумағын оқып біткенше жұрт тып­тыныш тыңдайды да, мұрындарын қорс­қорс тартып, көз жастарын сүртеді, сосын келесі шумақты оқиды. Сөйтіп, бүкіл халық еңіреп, залдың ішінде жыламаған жан қалмады. Тек Грабарник (әрине, ол қазақша түсінбеді) пен Баймұханбетов қана былшиып отырды. Бұл әміршіл­ әкімшіл жүйенің үркітіп­қорқыту үшін қайткенде де бір адамға ату жазасын беруі хақ екенін алдын ала түсінген Қайраттың: «Жарайды, қазақ халқы үшін мен­ақ құрбан болайын. Бірақ, айналайын жұртым, менің адал екенімді, қандықол еместігімді біліңдер!» ­деген соңғы жанайқайы еді» . Идеологиялық аппарат демонстрация басталған 16 желтоқсан күнінен бастап­ақ құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы орталық алаң мен көше кезіп, қоғамдық тәртіпті бұзушы нашақорлар мен маскүнемдер жөнінде пікір таратып жатты. Бұл пікірді одақтық баспасөз, радио және телевидение іліп алып, лаулатып әлемдік кеңістікке жайды. Бірақ кеңестік идеологияның құйтырқы әдіс­айласына қанық шет елдердегі қоғамдық пікір кеңестік БАҚ­тың мәліметтеріне сенген жоқ. Сол сияқты идеологиялық аппарат «аңқау» қазақ жұртын да оп­оңай алдай саламын деп ойлады. Оған, әрине, қазақ елі сенген жоқ. Өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековтың да, Мырзағұл Әбдіқұловтың да, түрлі мерзімге кесілген басқа да азаматтардың биік парасатты, Отанының мүддесіне шынайы берілген тұлғалы жандар екендігін, сондықтан да олардың нақақтан нақақ отаршыл, зымиян, әділетсіз жүйенің рахымсыз құрығына іліккендерін іштей түсінді де, тынды. Қарапайым халық әділетсіздің жазасын Алладан сұрады… Желтоқсан қозғалысының негізгі себебіне байланысты да акцентті тура қоятын мезгіл жетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Комиссиясы (1990 жылғы 19 қаңтарда құрылған) өз қорытындыларында желтоқсан оқиғаларының негізгі себебін патшалық және кеңестік биліктердің отарлық саясатымен тікелей байланыстырып, өте негізгі қорытындыға келді деп айтуға болады. Бұл құжаттың міндетіне орай белгілі дәрежеде жалпы жасалынған тұжырымды дәлелді толықтыра түсудің артықшылығы жоқ сияқты. Кеңестік идеология әйгілі желтоқсан күндерінің артын ала келген құжаттарында, әсіресе Г.В.Колбин өзінің көптеген сөздерінде қозғалыстың негізгі себебін басым түрде қоғамда бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктеріне байланысты түрлі әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісіп кетуімен байланыстырды. Жаңа келген бірінші хатшы «Тұрғын үй — 90» аталатын бағдарлама жасап, Алматының оңтүстік­батыс бетінен жаңа ықшам аудандар құрылысын бастап та кеткен еді. Екінші біреулер қозғалыстың туу себебін тікелей Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып келуімен байланыстырды. Сол тұстағы идеологиялық хатшы З.Камалиденов: «Айдап салушы элементтерге жастарды соңынан ерту сәті түсті. Ал олар болса есірткі мен алкогольді қабылдап, естерінен танған көрсоқыр­ұлтшылдардан тұрған көпшіліктің өзі­тін». Бұл тұжырымдардың бәрі де қозғалыстың шынайы саяси мазмұнын бүркемелеп көрсетпей қоюды мақсат тұтқан әрекеттер еді. Әрине, қозғалыстың түрлі әлеуметтік және басқа себептері болғандығын, жалпы алғанда оның көптеген қоғамдық алғышарттары бар күрделі құбылыс екендігін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен қозғалыстың ең алдымен, басым түрде саяси сипат алғандығы ақиқат. Оны 17 желтоқсан күні таңертең шеруге шығып, алаңға келген жастардың қолдарына ұстаған ұрандары айғақтайды. Қазақ және орыс тілдерінде жазылған транспоранттарда мынадай талап­ тілектер айтылған еді: «Ешқандай да ұлтқа ешқандай артықшылық болмасын!», «Ұлт саясатының лениндік принціптерін сыйлауды талап етеміз!», «Әрбір республикаға — өз көсемі!», «Қазақстан жасасын!». Міне, бұл ұран сөздер қозғалыстың әлеуметтік талаптар ауқымынан шығып, айқын саяси сипат алғанын көрсетсе керек. Бұл іс жүзінде 1917 жылы Алаш автономиясы туын көтерген Алаш қозғалысы қайраткерлерінен соң, олардың ізін ала Кеңестік автономияға ұлттық мемлекеттік мазмұн беру мәселесін қойған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлынан соң араға алпыс жыл салып мемлекеттік тәуелсіздік мәселесінің қайта көтеріліп, ашық қойылуы еді. Басқаша айтқанда, 1986­ның суық 17 желтоқсан күні таңертең сағат 8­де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің алдындағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға жиналған 200­300 қаралы жастар қазақ елінің ХVІІІ ғасырдан бері Ресей империясы алдына әлденеше рет қойып, ылғи да тауы шағылып, жеңіліс тауып келе жатқан ең өзекті талап­тілегін тағы да білдірді. Ешқандай да асыра сілтеусіз, бейбіт түрде, үлкен ұстамдылықпен мәдениетті түрде білдірді. Осы арада қысқаша болса да тарихқа экскурс жасауға тура келеді. XVIII— ХІХ ғасырларда отарлық үстемдікке қарсы мемлекеттік тәуелсіздік үшін азаттық қозғалысты ру­тайпа ақсүйектері, сұлтан­төрелер бастап шықты. XX ғасырдың алғашқы азаттық үшін қозғалыстың басына ұлт зиялылары мен жаңа ғана қалыптаса бастаған саяси элита келді, сөйтіп оған жаңа мазмұн және серпін берді. Ал 1986 жылы желтоқсанда орталық алаңда мемлекеттік мәселені зиялылар да емес, басқарушы саяси топ та емес, жұмысшы және студент жастардың қоюын немен түсіндіруге болады? Қозғалыс күндері, одан кейін, тіптен қазіргі уақытқа шейін де жастарға желтоқсан күндері ашық та нақты қолдау көрсете алмағандығы үшін қоғамдық пікірде ұлт зиялыларын айыптау орын алып келді. Мұндай пікірдің белгілі дәрежеде орынды екендігін мойындау керек. Зиялылар әрқашанда қоғамдық қозғалыста алдыңғы сапта көрінген, халықтың, ұлттың ең кәусәр тілегін білдірген, ұлтына жөн сілтеген. Қарапайым халық, алаңға шыққан жастар осы міндетті өз мойнына алған зиялыларды көргісі келді, оның соңына еруге даяр екендігін әлденеше рет білдірді де. Өкінішке орай, ондай биіктен көрінуге даяр зиялылар қауымы жоқ болып шықты. Оқиғалар бұлтартпай осы ащы шындықты алдыдан көлденең тартты да отырды. Ондай қолдауды жастарға биліктегі номенклатураның көрсете алмайтындығы бесенеден белгілі­тін. Дәстүрлі қазақ қоғамында ертеден келе жатқан салт бар: ел дағдарысты тұйыққа келіп тірелгенде көпті көрген, көңіліне көпті түйген ел басы ақсақалдар жиналған шаршы топтың алдына шығып, екі жақты бірдей бәтуаға келуге шақырар еді. Дәстүрлі шабысынан көптен бері жаңылысқан ХХ ғасырдың соңындағы қазақ қоғамында ондай ақсақалдар да жоқ болып шықты. Төсіне еңбек пен майданда алған ордендері мен медальдарын тағып, «ал атсаң алдымен мені ат!» деп алаңға келетін ақсақал ағаларымыз жылы үйінен шықпаған күйде отырып алды. Сөйтіп, қалың елі, қазағының «жоғын жоқтап, алаңға шықсам, оның жайсаң­жақсыларының қолдауын табамын» деп үміттенген албырт жастар, ең ақыры желтоқсанның қатыгез аязында далада қалып, иығы мен басын кеңес солдатының күрегі мен күрзісіне берді, итіне таланды. Дегенмен бұл арада мен акцентті өзгерткім келіп отыр, анығырақ айтқанда, оны тура қойғанды жөн көріп отырмын. Зиялылар қауымының, оның басым бөлігін құрған қатардағыларының кеңестік жүйеде қарапайым еңбекші халықтан ерекше жағдайы мен құқы болған емес. Жетпіс жыл бойы кеңестік идеологияның тепкісінде болып, қызметінде коммунистік партияның нұсқауларын басшылыққа алып үйренген зиялылардан дағдарысты сәтте дербес жігерлі әрекет күту әділетсіздік болары хақ. Яғни бұл арада мемлекеттікке байланысты сөз алдымен саяси номенклатура жөнінде болуға тиіс. Зиялылар мен саяси басшылық кеңестік жүйе жағдайында өзара байланысы шамалы, бөлек әлеуметтік топтар болғандығы сөзсіз. Мен бұл арада «саяси номенклатура» деген ұғымды саналы түрде қолданып отырмын. Кеңестік қоғамда кәсіби түрде саяси басқару ісімен айналысатын ақсүйектер тобы болған емес. Ондай ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ұлттық мүдде мәселесін көтермей қоймайтын әлеуметтік күштің кеңестік билікке керегі де жоқ еді. Сондықтан ол өзіне толық тәуелді, айтқанын бұлжытпай орындап отыратын саяси номенклатураны қалыптастыруға тырысты. Желтоқсан оқиғалары КОКП Орталық Комитетінің кадр саясатындағы бұл бағытының дұрыс екендігін көрсетіп берді. Қазақстандық номенклатура желтоқсан күндері бүтіндей империялық басшылық жағында тұрды. Ол XX ғасырдың 20­жылдары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов бастаған тегеуірінді саяси басшылықтан өзгеше, жетекшіл, ұлттық тамыры әлсіреген, дүбәрә құбылыс болатын. Сондықтан да нақақтан күйіп бара жатқан желтоқсан жастарына араша түсу оның қаперіне де келген емес. Желтоқсан күндері кеңестік билік тоталдық сипатын толық жайып салды. Жетпіс жыл бойы өзін еңбекші халықтың билігі ретінде жариялап келген ол алаңға жиналған жұмысшы жастармен байсалды келіссөз жүргізіп, белгілі бір ортақ шешімге келуге тырысқан да жоқ. Халықтың пікірімен санаспайтындығын, оған тобыр деп қарайтындығын көрсетті. Мәскеудегі Саяси бюро, Бас хатшы өз шешімдерінің жалғыз тура тұжырым екендігіне сенімді болатын. М.С.Горбачев жаңа ғана қызметтен кеткен Д.А.Қонаевтың пәтеріне телефон соғып, жастардың алаңға шығу себебін сұрап, сөзін «Жақсы, біз бәрін анықтаймыз да, шара қолданамыз, тәртіп орнатамыз», — деп аяқтайды. Тура осы мағынадағы пікірді осыдан бір сағат бұрын қазақстандық губернатор Г.В.Колбин де айтқан еді 8 . Желтоқсан күндері Қазақстандағы саяси билік бүтіндей Мәскеудің, оның жергілікті өкілі Г.В.Колбиннің қолына көшті. Қазақ халқы бұл күндері шынайы биліктің өзінен мүлдем алыс тұрғанын, ал егер Орталықтың еркіне қарсы шықсаң, таптап­жаншуға әзір тұрғанын анық байқады. Билік пен халық арасындағы мұндай алшақтық ертелі­кеш білінбей қоймайтындығы анық, желтоқсан оқиғалары бұл үйлесімсіздіктің ара жігін, бет пердесін біржола ашып тастады. Желтоқсан ерлерін соттау барысында билік орындары саналы түрде ескі империялық әдіс — ұлттарды өзара қарсы қою саясатына жол берді. Кек алу саясаты мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. Алматыдағы телерадио орталықтың қызметкері, жасақшы Савицкийдің кездейсоқ тиген соққыдан өлімі төңірегінде ең жоғарғы деңгейдегі дау­жанжал көтерілді. Мақсат, әрине, қаза болған Савицкийдің «аяқ асты болған намысын қорғау» емес­тін. Басы Г.В.Колбин болып жанжалды көтерушілер ең кем дегенде мынадай екі мақсатты көздеді. Біріншіден, Савицкий өлімі төңірегінде дау­жанжал көтере отырып, Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі елдердің назарын 17­18 желтоқсан күндері билік жендеттерінің қолынан қаза тапқан қазақ жастарының бір адамның өлімінен анағұрлым кең де терең трагедиясын көлеңкеде қалдырып, мүмкін болғанша оның маңызын төмендете түсу еді. Екіншіден, империялық билік орындары өзінің қанды озбырлық әрекетін әлемдік қауымдастық алдында ақтап алу үшін, Алматыдағы қозғалысты тар ұлтшыл, мәдениеті төмен азиялық халықтың өркениетті орыстарға қарсы бас көтеруі ретінде көрсетуге тырысты. Савицкийдің өлімін осы мақсатта пайдалану ойында болды. Үшіншіден, Савицкийдің өлімі үшін қайткен күнде де бір немесе бірнеше қазақ жастарын жазалау арқылы, саяси билік, әрине, елдің, мемлекеттің иесі кім екендігін аңғартып қою да ойында болғандығы даусыз. Р.Спанова аталған кітабында мынадай тұжырым жасайды: .»…Шынын айтқанда, бұл жерде тергеушіге де, сотқа да ақиқатты ашудың, ақ пен қараны анықтап дәлелдеудің еш қажеті жоқ еді, олардың мақсаты жоғарыда отырған Колбиннің «Жасақшыны өлтірген адамды тездетіп табыңдар!» — деген әмірін орындау болатын. Сондықтан, қайткенде де бір адамның «қылмыскер» болуы шарт еді», — дейді. Бұл тұжырымға қосылмасқа шарамыз жоқ. Қазақ жастарын соттау процесі тағы да мынаны байқатты. Кеңестік жазалау жүйесі 1986 жылы өзінің әдіс­айласы және қатыгездігі жағынан өткен ғасырдың 30­жылдарындағы ОГПУ, НКВД органдарының қызметін еске салды. Мүмкін, бұл аталған мекемелерден асып түскен де шығар. КГБ қолдарына алаңда және көшелерде түсірілген қазақ жастарының суреттерін алып, жоғары оқу және арнаулы орта оқу орындарының кіре беріс есіктерінің алдында тұрды, ешқандай да қымсынбастан ежірейіп өткен адамдардың бәріне, бейнесіне тінте қарады, жатақханаларды тіміскелеп, кезіп жүрді, деканаттарда отырып оқытушыларды шақыртып тергеу жүргізді. Абақтыға түскен ешқандай да кінәсіз жастарға олар жасамаған айыпты мойындату үшін түрлі заңсыз әрекеттерге барды. 30­жылдары «халық жауы» ретінде тұтқындалғандарға ОГПУ тергеушілері: «Мұнда келген соң сүттен ақ, судан таза болып шыға алмайсың! Адам болса, істі (жазаны) табамыз!», — деген мағынадағы сөздерді айтып, ұрып­соғу, қорқыту, үрейді алу, сол арқылы тұтқынға тергеушілердің өздері дайындаған тергеу хаттамасына қол қойдырып алатын. Тура осындай тергеу әдісі 1986­1987 жылдары Қайрат Рысқұлбеков пен оның замандастарына да қолданылды. Осы арада Р.Спанованың еңбегінен тағы да бір үзінді келтіруге тура келеді: «Күннің қайсы, түннің қайсы екенін білмеймін. Ұйқы қысып, кірпігім енді байлана бастағанда «шақыртып жатыр» деп алып кетеді», — дейді Қайрат қатты қынжылып. Сықырлап, сарт­сұрт ашылып­жабылған 5­6 темір есіктен өтіп, тергеушінің бөлмесіне келсем, бес­алтауы жабылып үгіттейді, адамгершілік, азаматтық абыройымды түкке алғысыз етіп сөгеді, «әкеңді тұқымымен құртамыз» деп кіжінеді, тіпті болмаса, есімнен танғанша ұрып, камераға сүйретіп апарып тастайды. Көзімді ашсам, жанымдағы «ағайым» бағанағы сөзін қайталайды («Ағай» деп отырғаны камераға екінші тұтқын ретінде енгізілген құпия мекеменің тыңшысы еді. ­ Авт.). Әбден қалжырадым. Тіптен жалған өмірден түңілгенім соншалықты, оның үстіне әкемді құртып жіберсе, үйдегі шиеттей балаларды кім асырайды деген ой да бір жағынан мазалап, мұндай қорлықты көргенше өлгенді артық көріп: «Әкеліңдер, жазсам жазайын, бірақ мен адам өлтірген жоқпын», ­ деп айқайлап жібердім», ­ деп сотта басын ұрғылады Қайрат» 9 . Міне, өзін әлем алдында еңбекші халықтың үкіметі жариялаған кеңестік биліктің әділ сотының сиқы осындай­тын. Желтоқсан қозғалысы қазақ елі үшін мемлекеттік тәуелсіздіктен биік құндылықтың болуы мүмкін емес екендігін көрсетіп берді. Ал осы үш ғасырлық қанды күрестен соң қолымызға тиген мемлекеттік дербестікті сақтап, нығайтуда еліміздің жас өркенінің орны әрқашанда ерекше болмақ. Француз еліне Жанна да’ Арк, чех еліне Ян Гус, венгр еліне Шандор Петефи қандай қасиетті есім болса, қазақ елі үшін Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков те сондай қасиетті. Қайрат ­ 86­ның суық желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастарының жинақы көрінісі, қазақ халқының мәңгі мұқалмас азаттыққа ұмтылысының символдық бейнесі. Президентіміз ылғи да айтып келе жатқан мемлекеттік дербестігімізді сақтаудың келесі сенімді жолы ­ Қазақстан халықтарының ауызбірлігін, тұтастығын сақтау, саналы түрде осы саяси бағытқа қолдау жасап отыру. Тарихи тәжірибе көрсетіп бергендей, қазақ елі өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін атамекендегі басқа да халықтармен туысқандық қатынасын нығайта түсу арқылы ғана сақтай алады. Келесі аса маңызды мәселе ­ қазақ халқының, оның жастары мен зиялы қауымының саналы, мақсатты түрде көрші, түбі бір туыс халықтармен, мемлекеттермен рухани, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарды ылғи да жетілдіріп, дамытып отыруға ұмтылысы қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Біз еш уақытта төрт жүзге жуық қырғыз жігіттерінің Қордай асуынан бері өте алмай қайтқанын, қырғыз жігіті Талайбек Ылаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасын үйінде сақтауға арланып, кейін қайтарып бергенін ұмыта алмаймыз. Қазақ еліне желтоқсан қозғалысынан соң адамгершілік қолдауды Еуропа халықтары, атап айтқанда, Польша, Венгрия, Чехия, Түркия және Батыс Германия зиялылары да көрсетті. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Қазақ елі кеңестік идеологияның алдамшы, жалған сипатын түсіне бастады. Осының бәрі империялық зорлық дәуірінің аяқталуға бет алғандығының, азаттық үшін күрестің жаңа мазмұн, сипат ала бастағандығының, оның басына жаңа буынның келгендігінің көрінісі еді.

Читайте также:  ШЫҒЫСТАҒЫ РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛЫҚ ИЕЛІКТЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ

Оставить комментарий