Жерлеу және ас беру салтындағы «айналу жоралғысы»

Ш. Уәлихановтың қалдырған мәліметіне қарағанда, 19 ғасырдың қазақтарында өлікті үйден шығарған кезде оның мәйітінің үстінен үйдің үп­мүлкі (үп — утварь) мен тамақты айналдыру ырымы жасалатын болған екен 77 . Маңғыстау қазақтарының арасында 20 ғасырдың басында болған неміс саяхатшысы Р. Карутц оларда өлікті үйден шығарған кезде дорбаға салынған нан мен етті өліктің басынан айналдырып алып, артынан сол тамақтан үй адамдарының ауыз тиетіндігі жөнінде жазып қалдырыпты 88 . Осы ырым бүгінде де бар, тек мұнда ет пен нанның орнына бір қорап шай өліктің басынан айналдырылып алып қалынады (Т. Қондыбаеваның мәліметі). Үйден мола әкетіліп бара жатқан өліктің басынан (денесінен) қандай да бір тамақты айналдырып алып қалып, артынан осы тамақты жеу қажеттілігі жөніндегі келтірім Сібірдің түркі тілді халықтарында (мәселен, хақастарда, тувалықтарда) да болған 99 . Ал, 20 ғасырдың 50 жылдарының аяғына дейін Красноводскіде (Шағадам, Түрікменстан) тұрған анам Тәрбие Қондыбаева сол жақтағы түрікпендердің өлікті жерлеу ғұрпында үйден шығарылған өлікті адамдардың айналып өткендігін көзімен көргенін айтып берді; іс жүзінде бұл да — айналу ырымының бір нұсқасы. Ас беру ғұрпындағы айналу ырымының нақты этнографиялық мысалдары жоқ, тек шор түркілерінің тіліндегі «ас беру» (поминка) деген сөздің шор және телеуіт тілдеріндегі «айналу» дегенді білдіретін «әбрә/ебре» сөзінен шыққан «әбрәт», «ебірік» деген атаулармен берілуіне қарап, о бастағы ас беру кезінде де ас беріліп отырған өлген адамның моласын айналу жоралғысының болғандығын тұспалдауға болады 1010 . Н. Шаханова бұл жоралғының мәнін былайша қорытындылапты: «В данном случае круговые, обводящие движения каким­либо видом пищи вокруг головы или туловища умершего совершались, очевидно, с целью перенести с покойника на пищу какие­то положительные свойства. В пользу этого предположения говорит то, что пища затем съедалась членами семьи умершего, в том числе и детьми 1111 . Осыны символ­кескін арқылы көрсетер болсақ: Яғни, өлген адам кіндік нүктеде орналасып, тірі адам оны айналғанда немесе кейбір мүлік пен асты өліктің басынан айналдырғанда, кіндік нүктенің «несібесі» межелік (шеңбер бойындағы) нүкте арқылы беріледі. Бұл жердегі түпкі қайнар­көз — кіндік нүкте болса, межелік нүкте осы қайнар­көздің (өлгеннің «рухының») белгілі бір қасиетін жеткізіп беруші аралық буын рөлін атқарып тұр. Міне, зерттеушілер осы межелік («М») нүктеге ғана көңіл бөлген де, негізгі, бүкіл жоралғының өзегі болған кіндік («К») нүкте ескерусіз қалған.

Читайте также:  Мәдениет туралы ғылымның міндеттері

Оставить комментарий