Жетісуда Ресей билігінің орнауы

ХІХ ғасырдың 60­-шы жылдарының орта тұсында Ресей әскері Жетісу, Солтүстік Қырғызстан және Оңтүстік Қазақстаннан Қоқан хандығын біржола ысырып тастап, бұл өлкені өзінің әкімшілік­басқару жүйесіне енгізу шараларына кірісіп кетті. 1865 жылы патша үкімімен қазақ даласы мен Түркістан өлкесіне ерекше Дала Комиссиясы шығарылып, ол екі жыл өткен соң бұл өлкені басқаруға қатысты өз тұжырымдарын ұсынады. 1867 жылы наурызда император Александр ІІ­нің үкімімен Ресейдің Орта Азиялық иелігінде басқару жүйесін құруға қатысты ұсыныстар даярлау мақсатында Соғыс Министрі Д.А. Милютиннің төрағалығымен Ерекше Комитет құрылады. Оның құрамында Орынбор генерал­губернаторы Крыжановский, Бас штаб бастығы генерал­адъютант граф Гейден, Азия департаментінің директоры Стремоухов, Ішкі Істер Министрлігінің жалпы істер департаментінің директоры Мансуров, генерал­майор Черняев, Дала Комиссиясының мүшелері Гирс, Гутковский, Гейнс және Проценко сияқты шенеуніктер бар болатын. Комитет келіп түскен түрлі ұсыныстарды талдай отырып және өлкенің сол тұстағы саяси, әскери, шаруашылықтық және әкімшілік жағдайын талдауға ала отырып, мынадай шешімге келеді: 1) Түркістан облысын Орынбор генерал­губернаторлығынан бөлу және мұны кейінге қалдырмастан іске асыру; 2) Батыс Сібір Генерал­Губернаторлығынан Семей облысының бөлігін, яғни Тарбағатай жотасының оң жақ бетін алып, оны әкімшілік тұрғыдан Түркістан облысына қосу; 3) Комитет белгілеген басты тұжырымдарды негізге ала отырып, жаңа шекаралық өлкенің әкімшілік басқару жобасын жасау; 4) Жаңа өлкеге әскери­округтық жүйелердің жалпысына бірдей дербес әскери ұйымдық сипат беру [1]. 1867 жылы 11 сәуірде Ерекше Комитет ұсынған баяндаманы патша бекітіп, ендігі уақытта Дала комиссиясына жаңа өлкенің әкімшілік басқару жобасын даярлауды, ал Бас Штабқа жаңа әскери округ жөнінде ереженің жобасын жазуды тапсырады. Министрлер Комитеті жаңа басқару ережесін даярлаушыларға мынадай екі талапты негізге алуды тапсырады: «1) әкімшілік және әскери биліктің тұтастығын, олардың бір қолда шоғырлануын, саяси сипаты жоқ барлық ішкі істерді сол халықтың өз ортасынан сайланғандарға жергілікті құқық пен дәстүрге сай жүргізуге беру» [2]. 1867 жылы 11 шілдеде патша Александр ІІ империя құрамында Түркістан генерал­ губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қояды [3].

Осымен бір мезгілде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару ережесінің жобасы» бекітіледі. Түркістан генерал­губернаторлығы екі облыстан тұрды: орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысынан және орталығы Верный қаласы болған Жетісу облысынан. Жетісу облысының оңтүстік­шығыс шекарасы Қытай мемлекетінің Шығыс Түркістан өлкесімен, оңтүстік батыста Ферғана облысымен, батысында Сырдария облысының Әулие­ Ата және Семей облысының Қарқаралы уездерімен, солтүстік­батыста Семей облысының құрғақтағы шекарасы және Балқаш көліне дейінгі аралықты қамтыды [4]. «Ереже жобасы» бойынша губерниялық басқару «әскери­халықтық» аталды да, оны жүргізу генерал­губернаторға жүктелді. Ал генерал­губернаторды тағайындау немесе босату тек патшаның шешімі арқылы ғана жүрді. Облысты басқару ісі әскери губернатор мен облыстық басқармаға тиесілі болды. Әскери губернаторға облыстағы әскери және әскери­халықтық басқару жүктелді, ол сондай­ақ Жетісуда орналасқан казак әскерін оның Наказной Атаманы есебінде басқарды. Облыстық басқармаға губерниялық басқару міндеті жүктелді, ол губернатордың кеңсе қызметін, қазыналық палата, мемлекеттік мүлікті басқару және басқа губерниялық әкімшілік және сот мекемелері қызметін жүргізді. Облыстық басқарма әуелде, яғни 1867 ж. уақытша ереже бойынша үш бөлімнен (шаруашылық, қаржы және сот) тұрды. Кейінірек оларға құрылыс (1877) және межелік (1880) бөлімдер қосылды. Бұл бес бөлімдердің тек соңғысы ғана облыстық Земскі жиынынан, ал қалғандары мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды [5]. Бұлардан басқа облыстық басқарма жанында облыстағы ормандардың күтімі мен олардан құрылыс материалдарын даярлау мүмкіндігін жобалайтын облыстық орманшы қызметі (1870 ж., Түркістан генерал­губернаторы белгілеген) болды. Облыстық басқарма өз қызметінде губерниялық басқарманың жеке бөлімдері үшін белгіленген талаптарды басшылыққа ала отырып, оларды мүмкін болғанша жергілікті жағдайға бейімдеп қолдануға тиіс болды. Ал бұл ретте соңғы шешімді әскери губернатор қабылдады.

Еуропалық Ресей губернаторларына тиесілі жалпы құқықтардан басқа Жетісу губернаторына облыстық басқарма қабылдаған шешімдердің тек өзі келісетіндерін ғана іске асыруға жол беріп, ал келіспейтіндеріне қатысты өзі қалағандай шешім қабылдап, ол жөнінде генерал­губернаторға жеткізіп отыруға тиіс болды, ал генерал­губернатор болса соңғы шешімді бекітуге немесе бекітпеуге құқылы еді. Сондай­ақ әскери губернаторға облыстық басқарма отырысында қаралатын істердің арасында оның алдын ала өз шешімі болуға тиіс деген істер танысуға беріліп отырды. Мұндай құқын облыс басшылары мейлінше еркін пайдаланды. Сот істері қылмыстық және азаматтық сот жүргізу заңы негізінде орындалды, ал сот бөлімі өз қызметін мировой соттар съезі мен қылмыстық және азаматтық соттар палатасы құқы шеңберінде атқарды. Жалпы қылмысқа жататын қылмыстық істерді ол бастапқы айыптау камерасы деңгейінде ғана қарап, ал біржола шешім қабылдауға облыстық әскер бастығы жанындағы әскери сот комиссиясына жіберіп отырды. Қаржы бөлімін жүргізу ісі кейінірек Түркістан қазына палатасы ашылған соң соның қарауына өтті, ал облыстық басқарма міндетінде: салық төлеуге міндеттілер есебін анықтау, қазыналық палатаға облыс бойынша қазына есебіне түсуге тиіс жиын жөнінде мәліметтер беріп отыру; сауда ісін жүргізу және Верный уездік қаражат бөлімін тексеру қалдырылды. 1889 жылы Омбы қазына палатасы ашылған соң Жетісу облысы бойынша қаржы бөлімінің қызметі соның құзырына өтті [7]. Оқу бөлімі Жетісу облысы Далалық генерал губернаторлығы құрамына өткеннен кейінгі уақытта Батыс Сібір училищелері бас инспекторы, ал бұл қызмет жойылған соң Батыс­Сібір оқу округі қамқоршысы (попечителі) қарауына өтеді. Облыстағы төменгі буын оқу орындарын қадағалау жергілікті халық училищелері инспекторы үлесіне тиді. Облыстық басқарма қарауында Халық Ағарту Министрлігі билігіне өтпеген, 1887 жылы қазақ ауыл­ шаруашылық мектептері болып қайта құрылған қазақ интернаттары, оқушылар пәтері мен бұратаналық мектептер болды. Облыстық басқармаға бұдан басқа санаттағы мектептер мен жаңадан ұйымдастырылмақ мектептерге қаржы іздестіру ісі де жүктелді [8].

Читайте также:  САМАНИЛЕР ӘУЛЕТІ ТУРАЛЫ

Почта ісі Жетісу облыстық почта бөлімі басқармасына қарады. 1886 жылы Түркістан почта­телеграф округы құрылғанда облыстағы почта­телеграф мекемелері соның қарамағына көшті. Ал облыстық басқарма міндетіне почта станцияларын көлікпен қамтамасыз ету, олардың түрлі мұқтажын өтеу жүктелді. Бұдан басқа облыстық басқарма тау­кен істерімен де айналысты, металл және басқа қазба байлықтарын іздестіру ісін жүргізуге қатысты рұқсат куәлігін берді. Облыс территориясындағы Бахты, Жәркент және Пржевальскі мекемелері арқылы сыртқы сауда қатынасын бақылау ісі жүргізілді. Облыстағы казак әскері станицаларын басқару ісі алғашқы кезеңде облыстық басқарма құзырында болды, ал 1891 жылғы 3 маусым заңы бойынша казак әскері басқармасына өтті. Қалаларды басқару ісі 1892 жылы патша бекіткен Қала Ережесіне сәйкес облыс басқармасынан алынып, жаңадан ұйымдастырылған облыстық қала істері мекемесіне берілді [9]. жылы Түркістан генерал­губернаторының шешімімен құрылған Жетісу статистикалық комитеті дербес мекеме ретінде бөлініп шыққан емес, ал оның хатшысы қызметі облыстық басқармадағы іс қағаздарын жүргізушілердің біріне жүктелді. Тек 1896 жылдан бастап статистикалық комитет дербес мекеме болып құрылады. Бұл айтылғандардан өзге облыс басқармасы облыс тұрғындарының әскер қызметін өтеу ісін ұйымдастыру, сондай­ақ абақты қызметіне тиесілі қажеттіліктерді өтеу ісімен де айналысты. 1891 жылы енгізілген Дала Ережесіне сәйкес облыстық басқару ісіне де өзгерістер енгізілді. Солардың ең бастыларына ғана тоқталып өтейік. Облыс халқы санының өсуі, жаңа қоныс аудара келген еуропалықтардың үлес салмағының артуы, осы айтылғандармен бір мезгілде сот жүргізу ісінің күрделене түсуі, сот ісін әкімшілік қызметтен бөлек жүргізуге алып келді. Алдымен облыстық прокурор міндетін атқарушы қызметі тағайындалып, ал 1893 жылдан бастап облыстық сот құрылады [10]. Дала Ережесі енгізілгеннен кейінгі уақытта әскери губернатор мен облыстық басқарманың қызмет ауқымы негізінен өзгеріссіз қалды. Ал өзгерістер негізінен іскерлік пен саудаға, жер және қоныстандыру, оқу­ағарту және басқа әлеуметтік мәселелерге байланысты енгізілгендігін байқауға болады. 1882 жылдың 18 мамырынан Жетісу облысы генерал Колпаковскийдің Батыс Сібір генерал­губернаторы қызметіне тағайындалуымен бір мезгілде оның өтініші бойынша әкімшілік тұрғыдан осы губернаторлықтың құрамына енеді.

Ал 1899 жылы 1 шілдеден бастап патша жарлығы бойынша Түркістан генерал­губернаторлығы құрамына қайтарылып, ендігі уақытта Ішкі Істер Министрлігі қарауынан Соғыс Министрлігіне өтті [11]. Жетісу облыстық басқару мекемелерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру ісі облыстағы тұңғыш әскери губернатор қызметіне тағайындалған генерал Герасим Алексеевич Колпаковскийдің есімімен байланысты [12]. Ген. Колпаковский 1868 ж. 17 қыркүйектегі № 1924 Түркістан генерал­губернаторына жолдаған хатында облыстық басқару мекемелерін ұйымдастыру ісінің сылбыр жүріп жатқандығын, сондықтан да оған «сеніп тапсырылған істердің өз уақытында және сәтті атқарылмай қалу» [13] қаупі бар екендігін айтып, бастығына шағым жасайды. Мұндай мазасыздыққа негіз бар еді. Мәселен, 1867 жылдың қазан айынан бастап келесі 1868 жылдың 19 ақпанында Облыстық басқарма ресми түрде ашылғанға шейін [14] барлық ұйымдастыру ісінің ауыртпалығы әскери губернатор мен оның көмекшісінің үлесіне тиген болатын. Облыстық басқарма іске кірісіп кеткенімен де, оның белгіленген штаттық құрамы біраз уақытқа шейін толық бола қойған жоқ­тын. Облыс ашылған бетте оның құзырына Семей облыстық басқармасы, Семей Әскери губернаторы кеңсесі мен Сібір Казак әскери басқармасы қарауынан өткен жерлер мен әскер бөлімшелеріне қатысты құжаттар да тапсырылды. Ал 1868 жылдың 1­ші қаңтарында Жетісу облыстық басқармасына Қапал және Сергиопол Округтік Приказдарының, Алатау Округтік Басқармасының сот және шаруашылық іс құжаттары өтті [15]. Анығырақ айтқанда облыстық басқармаға сол мезгілге дейін аталған мекемелерге тән іс құжаттарымен бірге әлі де толық шешімін таппаған істер де өткен болатын. Енді Облыстық басқарманың штаттық құрамы және оның өзгерісі жөнінде. Әскери губернатордың 1867 жылы 28 желтоқсанда жоғарғы басшылыққа берген есебі бойынша губернатор мен Облыстық басқарманың штаты мынадай құрамда болды. Яғни, Облыстық басқарма құрылған жылы оның штат құрамы бар болғаны 16 адамнан тұрады. Құжаттық материалдарда бұл берілген шенеуніктердің сапалық (білім деңгейі) құрамы жөнінде ештеме айтылмаған. Ондай есептің кейінгі жылдары ғана қолға алынғаны байқалады.

Читайте также:  Досан батыр (1829-­1876)

Дегенмен, жыл өткен сайын басқарманың жұмыс ауқымының өсуі кейінірек оның құрамында жаңа бөлімдердің ашылуына, сондай­ақ жаңа штаттық қызметтердің пайда болуына алып келді. Мәселен, 1877 жылы оның құрамында құрылыс бөлімі, ал 1880 жылы межелеу бөлімі ашылды. 1908­1909 жылдары Түркістан генерал­губернаторлығында патша тапсырмасымен болып өткен ревизия кезінде Жетісу облыстық басқармасы штатындағы шенеуніктердің құрамы мынадай көрсеткіштермен сипатталған: әскери губернатор, оның жанындағы ерекше тапсырма бойынша аға шенеунік және кіші шенеунік; вице­губернатор, оның 2 кеңесшісі, ерекше тапсырмалар бойынша 2 шенеунік, 4 іс қағаздарын жүргізушілер, олардың 4 көмекшілері, есепістері бойынша шенеунік, «Облыстық Ведомствалар» редакторы және типография меңгерушісі, 3 аудармашы, тіркеуші, мұрағатшы (архивариус), облыс инженері, облыс архитекторы, кіші архитектор, хатшы және құрылыс бөлімінің 2 чертежнигі, межелеу бөлімінің бастығы, суландыру жүйесінің меңгерушісі, хатшы, 4 межелеуші және межелеу бөлімінің чертежнигі, статистикалық комитеттің хатшысы және ауылшаруашылығы мен оброктық статья бойынша шенеунік. Барлығы 39 штаттық қызметкер [17]. Граф К.К.Паленнің ревизия материалдарында Облыстық басқарма шенеуніктерінің білім деңгейіне қатысты мынадай фактілер келтіріледі. Вице­губернатор, яғни облыстық басқарманың төрағасы уездік училищені аяқтаған, ал қалған шенеуніктердің жоғары білімі бары – 8, орта білімдісі – 9, бастауыш білімі бары – 14, үйден хат танығаны – 5. Жоғары білімі барлары: облыстық басқарманың екі кеңесшілерінің бірі, аудармашылардың бірі, кіші архитектор, су жүйесін меңгеруші, статистикалық комитеттің хатшысы, ерекше тапсырмалар бойынша кіші шенеунік, құрылыс бөлімінің бастығы және оброктық статья бойынша шенеунік. Басқармадағы 36 шенеуніктің 14­і қазақ тілімен таныс болған. Шенеуніктердің 28­і бұл өлкеде 10­жылдан астам, 3­і бес жылдан астам, ал 5­і бес жылдан кем қызмет жасаған. Шыққан тегі жағынан: дворяндардан – 3, көпестерден – 1, шенеуніктің отбасынан – 6, мещандардан – 7, діни атағы барлардан – 5, казактардан – 7, шаруалардан – 7. Шенеуніктердің жергілікті тұрғындардан шыққаны бар болғаны 8, олардың екеуі ғана тілмаш қазақтар, ал басқа өлкеден келгендері 28, олардың жартысы, яғни 14­і Сібір мен Дала облыстарынан [18]. Облыстық басқарманың штаттық құрамы 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін, яғни патшалық билік жойылған сәтте жоғарыда көрсетілген құрамда болғандығын байқаймыз.

Енді облыстық әкімшілік қызметінің біз қарап отырған мезгілдегі түрлі кезеңдері жөнінде. М. Тынышпаев 1916 жылғы Жетісуда болып өткен көтеріліске байланысты тергеу ісі кезінде Түркістан генерал­губернаторы атына берген көрсетуінде өлкедегі патшалық биліктің тарихын үш кезеңге бөліп (1867­1889, 1889­1905, 1905­1914), оларға ғылыми сипаттама берген [20]. Біздің пікірімізше белгілі қайраткердің кезеңдеуге негіз етіп алған принциптері мен ол кезеңдерге берген сипаттамасы тарихи шындыққа жақын, сондай­ақ ол нақты фактілік материалдарға негізделген. Әрине, қандай тарихи мезгілде болмасын облыстық немесе өлкелік әкімшілік қызметінің негізінде орталық билік орындары белгілеп отырған жалпы империялық мүдде жатты. Өлке немесе облыстағы билік басына келген шенеуніктер де өз қызметін осы империялық мүддеге бейімдеуге, сәйкестендіруге тиіс болды. Басқаша болуы да мүмкін емес­тін. Сонымен бірге облыс көлеміндегі биліктің бағыты мен мазмұның әскери губернатордың жеке тұлғалық қасиеттеріне де тәуелді екендігін жоққа шығару қисынсыз болар еді. Әскери губернатордың білім дәрежесі, азаматтық ұстанымы мен көзқарасы облыстағы билік буындарының жұмыс мазмұнына тікелей ықпал жасаушы фактор болғандығы айқын. Сондай­ақ әскери губернатордың қызметі облыстағы қалалар мен селолардағы еуропалық тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қандай ықпалды болса, тура сондай әсер жергілікті қазақ және қырғыз халықтарының тұрмысынан да байқалды. Мәселен, болыс съездері сайлаған болыстық басқарушылыр мен оған кандидаттарды бекіту, ал егер белгіленген сайлау болмай қалған күнде, жаңа сайлау белгілеу немесе өз қалауы бойынша осы аталған қызметтерге жаңа адамдар тағайындау әскери губернатордың еркінде болды [21]. Молла ретінде сайланған кісіні бекіту, сондай­ақ оны бұл міндеттен босату да соның құзырында еді. Билерді сайлаушылардың тізімін бекіту, сайлау нәтижесі бекітілмей қалған күнде, жаңа сайлау белгілеу; даулы істерді талқылау үшін түрлі уез немесе болыс тұрғындары қатынаса алатын төтенше съездер белгілеу; болысаралық жер дауын шешу мақсатында ерекше съездер шақыру сияқты күрделі істер тікелей осы әскери губернатордың қарауында болды [22]. Жетісу жерінде жаңа тамыр жая бастаған билік жүйесінің болашақ тағдырының жергілікті халықтың оны өз мемлекеттігіндей қабылдауына немесе қабылдамауына тәуелді екендігін тура түсініп, мүмкін болғанша бұл қатынастың әу бастан­ақ жағымды мазмұн алуына көп күш жұмсаған қайраткерлердің бірі, әлде алғашқысы генерал Герасим Алексеевич Колпаковский еді. 1858­1864 және 1867­1882 жылдары аралығында Жетісу облысын басқарған мезгілде ол жаңа қалыптасып келе жатқан билік жұмысын дұрыс жолға қойып, жергілікті қазақ және қырғыз халықтары арасында орыс билігі жөнінде жағымды пікір қалыптастыруға көп күш жұмсайды.

Генералдың бұл қызметі кезіндегі Петербургтегі жоғарғы басшылық тарапынан да, сондай­ақ жергілікті тұрғындар тарапынан да қолдау тапқан болатын. Бұл пікірдің әділ екендігіне айғақ бола алатын фактілер, әрине, жеткілікті. Солардың бір­екеуіне ғана тоқталып өтейік. Граф К.К. Пален Түркістан өлкесінде жүргізген ревизиялық жұмысы бойынша патшаға даярлаған есебінде өлкедегі басшылық қызметте болған жеке тұлғалардың қызметіне тоқтала келіп: «Три личности из числа покорителей Түркестана оставили после себя глубокий след в деле устроения: генералы Колпаковский, Кауфман и Куропаткин. Другие деятели были или последователями и подражателями, нередко весьма неудачными, кого­либо из них, или оставаясь в крае слишком короткое время, не успевали проводить в жизнь задуманные мероприятия… Но и в том, что было создано главными устроителями Туркестана, видны крупные различия. Каждый из них, обладая полнотою прав, равною власти Наместника Вашего Императорского Величества, создал органы управления, своеобразные не только по строению, но и по традициям и плодам, ими достигнутым. Созданное генералом Колпаковским носит характер более русский, общегосударственный, доказывающий высокий государственный талант его. Хотя задача его в этом отношении значительно облегчалась тем, что устраеваемая им область, Семиречье, находилась ближе к давно живущей русской жизнью Сибири, откуда можно было черпать примеры и силы, тем не менее из изучения методов и приемов его работы ясно видно, что к цели сближение с общерусскою жизнью он шел сознательно и самостоятельно. Об этом с ясностью свидетельствуют многочисленные распоряжения и представления, сделанные им в короткий период исполнения обязанностей Туркестанского Генерал­Губернатора. Некоторые циркуляры, например, касавшиеся порядка разрешения вопроса об укреплении прав вновь, возникшего класса русских домовладельцев в городах, прямо порожают дальновидностью, несмотря на то, что в столь сложном юридическом вопросе пришлось разбираться человеку, воспитанному на войне и проведшему почти всю жизнь в походах» [23]. Граф К.К. Пален осы есебінде Түркістандағы генерал­губернатор мен әскери губернаторлар билігі арасында қалыптасқан дәстүрлі қатынасты талдауға алып «Түркістанның түпкілікті облыстарында әскери губернаторлар кеңсесі іс жүзінде Ташкент кеңсесінің атқарушы мекемелеріне айналып кеткен», – деп көрсеткен еді [24]. Бірақ мұндай баға Жетісу әкімшілігіне арналған емес­тін.

Читайте также:  ЖАПОН САЯСИ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

Ол жөнінде Пален: «Жетісудағы әскери губернатор мен Закаспий начальнигінің жағдайы Түркістанның басқа облыстарымен салыстырғанда жақсы әрі еркіндеу екендігі ешқандай да күмәнсыз» [25], – деп жазды. Қорыта айтқанда, Жетісудағы орыс билігінің бастапқы кезеңдегі қалыптасу процесіне, жаңа билік жүйесінің осы тұстағы мазмұн, сипатын айқындаған тұлғалар облыстың алғашқы билеушісі Г.А. Колпаковский мен Түркістан генерал­губернаторы К.П. фон­Кауфман болғандығы күмәнсыз. Жетісу тарихының білгірі М.Тынышпаев ол жөнінде «…өлке басшылығына осындай тамаша адамдар қойылды, ондай кісілер қазақтар енді қайтып генерал­губернатор қызметіне генерал­адъютант А.Н. Куропаткин тағайындалғанға шейін көрген жоқ,» – деп жазып, бұл тұжырымын мынадай фактілер арқылы дәлелдей түсті: «Қазақ бұқарасының күткені ақталды: бұрынғы ішкі соғыстар және олардан туып отырған тәртіпсіздік пен берекесіздік тиылды, орыс билігі әділ болып шықты. Үзіліссіз қақтығыстардан соң қазақтар енді бейбіт мал өсірумен шұғылданды, көп ұзамай егін салуға ден қойды, сөйтіп өлкедегі арнаған орыс билігінің бастапқы кезеңінде жұрттың әл­ауқаты көтеріле бастады» [26]. М.Тынышпаев дәл басып көрсеткендей, шынымен де Жетісудағы орыс билігінің бұл алғашқы кезеңі көптеген игілікті, сондықтан да халыққа жағымды бастамаларымен сипатталады. Өлкедегі жағымды өзгерістер жөнінде тиесілі бөлімдерде арнайы тоқталмақпыз, ал бұл арада тұжырымды түрде олардың тек негізгілеріне ғана тоқтатылып өтейік. Бұл кезде дұрыс билік жүйесінің қалыптасуына мүдделік танытқан К.П. фон­Кауфман мен Г.А. Колпаковский облыс және уез басшылығына Аристов, Рейнтель, ағайынды Фредрикс, Ждан­ Пушкин және басқа осы сипаттағы білімді, идеяға берілген, қабілетті әрі таза адамдарды тартты, сондай­ақ олардың нәтижелі еңбек етуіне қажет жағдай туғызып, табиғи талап­ тілектерін ескеріп, қолдап отырды. Сондықтан да Жетісуға қызметке келіп, өздерін іскерлік тұрғыдан көрсеткен шенеуніктер түрлі шен, артықшылықтар иемденіп, жағдайларын жөндеді. Сонымен бірге генерал Г.А. Колпаковский өздерін жағымсыз тұрғыдан, әсіресе жергілікті халыққа байланысты қызметінде әділетсіздікке жол берген шенеуніктерді қатаң жазалауға шейін барып отырды. Жергілікті халықтың тілін, салт­дәстүрін біліп, силаған әскери губернатор, мұндай қатынасты өлкеге қызметке келген басқа да маман, шенеуніктерден талап етті. Әрине, Кауфман мен Колпаковскийдің билік құрған кезеңі орыс билігінің бимәлім Түркістан жеріне үлкен еппен және есеппен аяқ басқан кезеңі болатын. Бұл алғашқы буын басшылар биліктен кеткен соң жағдай біртіндеп өзгере бастайды. Ендігі кезеңде билік қызметінде үстемдік алған жергілікті халықтың сеніміне кіру мүддесі емес, тезірек өлкенің табиғи байлығын игеру, сонымен бір мезгілде жергілікті жұрттың өніп­өсу жолында тұрған табиғи талаптарын шегеріп, шектеу болды. Ендігі кезеңде билікке өз қызметінде империяның осы, соңғы мүддесін басшылыққа алған генерал Фольбаум, Велецкий сияқты теріс пиғылдағы шенеуніктер келе бастайды.

Оставить комментарий