Жоңғар хандығының Алтышаһарды жаулап алуы

Бүгінгі Шыңжаң қоғамдық ғылымдарында қалыптасқан анықтама бойынша «Қожалар үстемдігі дәуірі» 1678 жылы Сайидия — ­Жаркент хандығы билігін тартып алған Апақ қожа мен оның ұрпақтары билік жүргізген 1758 жылға дейінгі 80 жыл аралығын қамтиды. Ал, осы жылдарда дүниеге келген әдебиетті «Қожалар дәуірі әдебиеті» деп атайды. Былай қарағанда, біздің зерттеу тақырыбымыздың хронологиялық шегінен шығып кеткендей болғанымызбен, біз саналы түрде «Қожалар үстемдігі дәуірін» Шығыс Түркістанның алғашқы отарлану дәуірі ретінде қарастыру керек деп қарадық, өйткені ол тұста «Алтышаһарды» негіз еткен Сайидия­Жаркент хандығына қарасты болып келген тұрпан, құмұл, бесбалық, іле өңірі Апақ қожа билік басына келмей тұрып­ақ жоңғар қоңтайшыларына бағынышты болып қалған болатын. Ең бастысы Апақ қожа билік басына жоңғар қоңтайшысы Қалдан Сереннің 60 мыңдық шапқыншы әскерінің күшімен келгендіктен, ол тек қуыршақ хан, Қалдан Сереннің өкіл әкімі деңгейіндегі итаршысы еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін, тарихқа аздап шегініс жасауға тура келеді. Тәуелсіз Жаркент хандығын діні де, тілі де, қаны да бүтіндей жат жоңғар қалмақтарының қалың қолымен талқандауға себепші болған Апақ қожа деген кім еді? Қожалар Шығыс Түркістанға қайдан келген? Қожалардың Алтышаһардың Жаркент, Қашқар қалаларына алғаш келуі Жаркент хандығының Сұлтаны Әбдірашитхан (1533­1570) тұсында басталған еді. Өздерін «пайғамбардың әулетіміз» деп атаған самархандық Мақтұм Әзәм (1461­1542) бастаған қожалар айналасына мүрит­ шәкірттер топтап аз ғана уақыт ішінде зор күшке айналып шыға келеді. ХVІІ ғасырдың орта тұсында бұл қожалар «Ақ таулық», «Қара таулық»[9] деген екі діни әрі саяси топқа бөлініп өзара ықпалдастық, тіпті, тақталастық күреске белсене кірісіп кетеді. Бұл күрес шиеленісе келе Алтышаһардағы Сайд ханның ұрпақтары арасындағы қалаларды жеке­дара билеу күресіне тікелей араласып хандық тақ таласын одан әрі ұшықтырып жіберді. Қашқарды билеп тұрған Сайд хан ұрпағы Исмайл ханға ашық қарсы шыққан ақ таулықтардың қожасы Идаятолла (Апақ қожа) қанды қақтығысқа дейін барды. Майданда жеңіліп, тас­талқаны шыққан Идаятолла қожа 1678 жылы Тибетке қашып кетеді де Тибет Далай Ламасынан көмек сұрайды. Шығыс Түркістан халқының басына ауыр қайғы­қасірет әкелген, отарлық бұғауды салуға себепші болған осы бір қара ниет адамның тарихи қылмысын ұйғыр халқы ешқашан кешпейді. Тибеттегі Далай Лама жоңғар билеушісі Қалдан қоңтайшыға арнайы нұсқау хат жазып әскери көмек беру арқылы Қашқарияны бағындырудың орайы келгенін ескертеді. Ұйғырдың көрнекті тарихшысы Мұхаммет Имин Боғра ол туралы былай деп жазады: «Идаятолла қожаның көмек сұрағаны Қалдан қоңтайшының тілегіне үйлесе кетті.

Өйткені, Алтышаһарды алу Қалданның арманы болғанымен, Алтышаһарлық мұсылмандардың қатты қарсылығына ұшырайтыны, алда­жалда басып ала қалғанда да оны ұстап тұра алмаспын деп қорқақтайтын еді. Ал, мына Идаятолла қожа болса Алтышаһар мұсылмандарының пірі болғандықтан, оны халықтың едәуір бөлегі қолдап­қуаттайды деп білетін. Сондықтан да Қалдан Идаятолла қожаны құшақ жая қарсы алып, сый­сияпат көрсетті. Оған қалмақтар да ең даңықты атақ­ дәреже есептелетін Абақ деген атақ берді. Қалдан қоңтайшы һижраның 1090 жылы (1679) Абақ қожаны алдына салып, алпыс мыңдық қалмақ әскерімен Алтышаһарға аттанды. Алтышаһарды түгел жаулап, талан­таражға салды. Сөйтіп, 170 жылдық ұлттық – Ислам мемлекеті құлады» Қалдан қоңтайшы Алтышаһарды басып алғанымен оны әскери күшпен ұстап тұра алмасын ұққандықтан Абақ қожаны бас уәли етіп тағайындап, Қашқарға орналастырды. Шығыс Түркістан халқы содан былай қарайғы 80 жылға таяу уақыттың ішінде Жоңғар хандығына бағынышты жартылай отарлыққа кіріптар болса, тағы бір жағынан мансап, тақ үшін дінін, халқын сатқан Абақ Қожаның [11] тойымсыз тақ мұрагерлерінің аяусыз езіп­ жаншуына душар болды. Алтышаһар халқының содан былайғы жылдарда жүргізген қарсыласу қозғалысын сондықтан да ұлт­азаттық күресі ретінде қарастыру керек деген тезисті ұсынамыз. 80 жылдық қожалар үстемдігі дегеніміз, шын мәнінде жоңғар үстемдігі дәуірі болатын. Алтышаһардың барлық бекіністерінде жоңғар әскерлері тұрақты түрде тұрудың сыртында, олар ылғи да халықты бұлап­талау, әйелдерді зорлау, Ислам дініне шек қоюлармен айналысып, қара халықты қан қақсатты. Ал қожалардың қуыршақ өкіметі қожалардың артықшылықтарын дәріптеп, қоғамдық өмірдің барлық саласына қатаң бақылау орнатты. Ислам діні қожалардың қолындағы ойыншыққа айнала бастады. Надандық пен кедейшілік ұйғыр қоғамын әбден аздырып тоздыруға айналды. Сайидия­Жаркент хандығы тұсында жасалған бай әдебиет пен мәдениет жаппай қудаланып, кітаптар өртеліп, кітапханалар жабылды. Өнер, ғылым адамдары аяусыз жазаланды. Осы тұста ұйғыр қоғамында екі түрлі қоғамдық ой, екі бағыттағы әдеби ағым пайда болып, бір­бірімен іштей қарсыласа бастады. Қоғамдағы наразылықты басудың бір амалы ретінде қожалардың әулиелігімен караматшылдығы (керемет көрсету) жаппай дәріптеліп жатты. Сол барыста тақуашылықты дәріптейтін діни поэзия мен жағымпазданған қошаметшілікті мазмұн еткен сарай әдебиеті – жалдамалы әдебиет қалыптаса бастады. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей ұйғыр қоғамы Жоңғар шапқыншылығына ұшырап қана қоймай, олардың қолшоқпарына айналған қуыршақ қожалардың да езгісіне тап болғандықтан бұл дәуірде дүниеге келген әдебиеттің басты тақырыбы ұлттың бостандығы мен азаттығына арналды. Отан сүйгіш, әділет байрағын көтерген қаламгерлер ұйғыр әдебиеті тап болған ауыр жағдайдан шығар жол іздеп шарқ ұрды.

Читайте также:  Ақтайлақтың көрегендік

Сатыншақ — ­Сарай ақындарының құлдық көзқарастарына қарама­қарсы ағартушылық, әділет, адамгершілік, отансүйгіштік рухтағы шығармалар көптеп жазыла бастады. Ол үшін ұйғыр халқының аянышты, ауыр халін түсіндіріп, көзін ашу керек деп ұғынған қаламгерлер тарихи тақырыптарға жаппай бет бұрды. Жоңғар отаршылдары мен қатігез қожалар билігіне тікелей қарсылық көрсету өлімге бас тігумен бірдей болғандықтан орағытпа, тұспалдау жолымен даңқты ата­баба тарихын, кемеңгер ойшылдар мен әділ патшалардың салтанатын сағынышпен еске салатын жыр­дастандар, тезкирелер (естелік, эссе) жазу, аудармалар жасау жаппай қолға алынғанын көреміз. Сол арқылы бүгінгі зұлым билеушілердің озбырлығы мен надандығын әшкерелеуге болатынын жете түсінді. Жоңғар қалмақтарына арқа сүйеген қожалар үстемдігі дәуіріне назар аударғанда, Абақ қожа және оның тақ мұрагерлері билік жүргізген 21 жыл (1679­1701) алтышаһарлықтар үшін ең қара түнек заман болған еді. Ал, одан кейінгі жарты ғасырға жуық уақытта Шығыс Түркістан жері де, Алтышаһар аумағы да біртұтас бола алған жоқ. Мәселен, Тәңір таудың солтүстігін тұтастай Жоңғар қалмақтары билеп төстесе, ХVІІІ ғасырдың басқы кезінде Құмұл, Тұрпан бектіктері Чиң патшалығы құзырына өткен болатын. Жоңғар қалмақтары билеушілері арасындағы тоқтаусыз жүргізілген тақ таласы соғыстарымен Чиң патшалық әскерімен болған қанды майданда әбден қалжырағандықтан Алтышаһарға бұрынғыдай қатаң бақылау орнатуға шарасыз қалып еді. Осындай қолайлы геосаяси жағдай Алтышаһарлықтардың бейбіт өмірге, тәуелсіздікке деген ұмтылысына дем бергендей болды. Оған тікелей түрткі болған, еркін қоғамдық пікірдің қалыптасуына жағдай жасаған саяси биліктің ролін дұрыс бағалай білу керек дегіміз келеді. Тұтастай алғанда, қожалар билігі дәуірі тек зұлымдықпен, надандықпен өтті деп қара бояқ төге салуға да болмайды. Абақ қожаның немересі Ахмет қожа 1700 жылы жоңғарлардан тәуелсіздігін жариялап, өзін хан деп жариялайды. Бірақ Қалдан Сереннің қалың қолы көтерілісті басып­жаншиды да Ахметті Іледегі ордасына айдап әкетеді. Ахмет қожа Іледе екі ұлды болады. Кейінгі тарихта «үлкен­кіші қожалар» деп аталған ағайынды Бурханидин мен Қожа Жаһан (Ханқожа деп те аталады) Алтышаһар халқына көптеген игі істер істеп, Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі жолында жандарын пида еткен отансүйгіш батыл тұлғалар ретінде тарихта аттары қалды. Алайда, Қытайдағы қоғамдық ғылымдарда қалыптастырған ұғым бойынша Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күреске аттанған халық та, оны басқарған хандар мен батыр қолбасылар да «бүлікшілдер, отанның тұтастығын бұзуға ұрынушылар», ал жүз мыңдаған халықты қанға бояп, мал­мүлкі мен қатын­баласын таланға ұшыратқан отаршыл Чиң армиясы, оның патшасы Чиян Лұң мен қанды қол әскер басылары Жау Хуй мен Фуди нағыз «Батырлар, данышпан қолбасылар» болып әспеттеліп келеді. Манжур­Қытай немесе Чиң патшалығы (1644­1912) деп аталған отаршыл империя 1757 жылы Жоңғар хандығын қанды қырғынға ұшыратып жойғаннан кейін, 1759 жылы Алтышаһарды жаулап алды.

Бұл империялық жаулауды қытайдың бұрынғы және қазіргі тарихшылары «Чиң династиясының бүкіл Шыңжаңды бірлікке келтіруі немесе «мемлекетіміз шекарасының маңайын тыныштандыру, империяның тұтастығы мен тыныштығын бұзуға тырысқан бұзақыларды тәртіпке шақыру мақсатынан туындаған әскери әрекет»[12] деп жазып келеді. Қытай жылнамалары мен қоғамдық ғылымдарында сонау ерте замандардан бері әбден орнықтырылған, тарихи шындыққа мүлде үйлеспейтін, әрі Қытай патшаларының шапқыншылық соғыстарын ақтап, заңдастыру үшін ойлап табылған «жазалау жорығы» және «бүлікшілерді тыныштандыру» деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Маркстің «Тарихи материализм, диалектикалық материализм» мен «таптық күрес интернационализм» принциптерін аузынан тастамайтын қытай коммунистері Чиң империасының қанды қол диктаторы Чиян Лұң патшаның мына сөздерінен хабарсыз едік дей алмас. Чиян Лұң патша өзі отырған сарайдағы алтын тағының арт жағына хұсни хатпен былай деп жаздырып қойған: «… Тарихты мәңгі жеңімпаздар ғана жазады, бір адамды өлтірген кісі қатыл (адам өлтіруші) деп аталады. Егер біз түмендеп, миллиондап адамдарды өлтіріп, олардың жерін басып алсақ, «ұлы жеңімпаз» болып аталып, тарихта даңқымыз қалады әрі мемлекет іргесін кеңейтіп, қыруар байлыққа да ие боламыз. Сол үшін азды­ көпті шығын шығарсақ не бопты. Шығын шығарудан, қауіп­қатерден қорқатын болсақ, ешбір істі тындыра алмаймыз. Зор табыстарға қол жеткізгің келеді екен, сөзсіз рахымсыз болуың керек. Жабайылардың төбесіне төніп барғанда ғана, олардың көзін жойып, жеңіске жетуге, яғни олардың жерін тартып алуға болады! … Әр істің бір орайы болады. Әзір батысқа жорыққа аттанудың орайы келіп тұр, осы орайдан пайдаланып, батысқа жорық жасағанда ғана жоңғарларды тып­типыл жоғалтып, Жоңғарияны иелеуге, одан кейін дереу Қашқарияны қоса, бүкіл Орталық Азияны басып алу мақсатына жетуге болады. Бұл дегеніміз шынымен де бір таяқпен екі қоян алғандық болмай ма?»[13] «Жоңғарлар мен үлкен­кіші қожалар бүлігін тыныштандырып, бүкіл Шыңжаңды бірлікке келтірген» Чиян Лұң патшаның шын бет­ бейнесі, Гитлер фашизмінен де зұлым қарақшылығын танып­білгіңіз келсе, оның 1756 жылы 600000 адамдық зор қосынды батысқа аттандырар алдында шығарған бұйрығына назар аударып көріңіз: «… Ешқандай рахымшылық жасалмасын. Жабайы­жаттарды ер­ әйел, жас­кәрісіне қарамай, түгел қырып тасталсын! Бізге адамсыз Жоңғария, адамсыз Қашқария керек!»[14]

Читайте также:  ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА БИРЕСМИ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Патшаның жарлығы артығымен орындалғанына тарих куә. Миллионнан артық жоңғар қалмақтары қырып тасталғаны, миллион ұйғыр дихандары қырғынға ұшыратылып, мал­мүлкі түгелдей талан­ тараж қылынғанын тарихи жазбалар айғақтайды. Солай бола тұра, шынымен де тарихтағы ақты қара, қараны ақ етіп, «Мәңгі жеңімпаздар» жазатынын да тарих айғақтап келеді. Манжур­Қытай отаршылдары әкелген «тыныштық» бұл қалмақтардың жер бетінен мәңгі жойылып, ит­құсқа жем болған «өлім тыныштығы» болса, Алтышаһардағы ұйғырларды қырып­жойып «тыншытудың» қарғыс таңбасындай болып, Бадақшандағы Жасыл көл бойына «ұйғырларды тыныштандыруды еске алу үшін Жасыл көлге қойылған ескерткіш тас», ­ дегенді орнатқаны белгілі. Сол ескерткіш тасты орнатқан Манжур­Қытай әскерлерінің қолбасылары 1758 жылдың алғашқы айында Чиян Лұң патшадан тағы да қатал бұйрық алып, бұрынғы жауыздықтарын одан бетер асқындырып жіберді. Ол бұйрықта мынадай қан сасыған жолдар бар болатын: «…Батысқа жорыққа аттанған құдіретті қосынымыздың Санғұн­ сардарларына бұйырамын: Қашқарияға дереу шабуылға аттаныңдар. Алдыларыңа кез болған Шантуларды (ұйғырларды кемсітіп қойған ат. Орама бас, сәлделі бастар дегені. Ә.Д.) жас­кәрі, ер­әйел демей табанда өлтіріңдер! …Сатқын шантулардың басшыларына еш рахым болмасын. Қалғандарын 5000 шақырымдық алысқа сүргін қылыңдар. Ат­есектің орнына құл қылып істету үшін жуас­момын бұхараларының бір қасық қанын қисаңдар да болады. Алайда, құдіретті қосынымыздың сұрлы айбатын көрсету үшін, сәл ғана наразылығы байқалған адамдарды, бұрынғы адалдығына қарамастан дереу қырып тасталсын! Шантулардың жүрегін аяусыз мыжып тастау арқылы, олардың ұрпақтан­ұрпағына дейін қайта бас көтере алмастай болсын.» [15] Біз бұл үзінділерден осыдан 248 жыл бұрын Шығыс Түркістан халқы бастан кешкен қайғы­қасіреттің қаншалық ауыр болғанын, ол қасіретті неге ұмытпайсың, Манжур­Қытай отаршылдығын неге қуана қабылдамадың, ол туралы неге мадақ жыр жазбағансыңдар деп ұйғыр­қалмақ халқын, оның отаншыл ақындарын кінәлау керек пе еді? Халық жадында ұзақ сақталып, ерекше құрметке бөленген отансүйгіш, әділ де парасатты қожалардың болғаны да тарихи шындық. Қожа Яқұп немесе қожа Жаһан Әрши сондай құрметке ие болған қожалардың бірі болды. Қожа Жаһан Әрши – жоңғар қонтайшысы Севен Рабдан жағынан Жаркент ханы етіп тағайындаған Даниял қожаның (1700­1730) тақ мұрагері Абдолла қожаның (1730­1735) баласы еді. Ол 1736­1756 жылдар аралығында хандық салтанат құрды. Тарихшылардың сараптауларына қарағанда [16] қожа Жаһана Әрши билік құрған 20 жылда «Алтышаһарда» көптеген игі өзгерістер жасаған, Абақ қожа билік құрған заманға қарағанда әлдеқайда ілгерілеулерге қол жеткендігі анық.

Сол замандағы белгілі тарихшы әрі ақын Мұхаммед Садық Қашқаридың Қожа Жаһан дәуірін әйгілі сұлтан Хұсейін Байқара салтанат құрған мамрайқан заманға ұқсатқаны жай айтыла салған қошамет сөз болмаса керек. Қожа Жаһан Әрши адамгершілігі күшті, халықшыл, өнер­білімді жоғары бағалайтын турашыл адам болғандықтан, ол билікте отырғанда хандық аумағында су құрылысы, диханшылық жақсы жолға қойылумен бірге жол қатынас жақсарып, сәулет құрылыстары, «Ақ медресе» сияқты білім ордалары шаңырақ көтерді. Бұл дәуірде ханның өз балалары мен туысқандарынан шыққан Путуһи, Хамуш Ахун Яркендиден басқа, заманының көрнекті ақындары Мирхалиддин Яркенди, Ұлұқ Әзәм, Ниязи, Қасими, Молла ажы, Зейнидин Мұхаммед Имин Седри Қашқари, Молла Мұхаммед Төмүр Қашқари, Мир Фазыл, Мұхаммед Сыдық Артуши, Мұхаммед Сыдық Рушти, Өмер Бақы Яркенди, Шаир ахун қатарлылар шығармашылықпен айналысқан. Әсіресе әйгілі ақындар Нобети, Салаһилер ханның қамқорлығын көп көріп, өнімді еңбек еткені белгілі. Қожа Жаһан Әршидің өзі де талантты ақын болған. Ақын жазғандарынан бізге келіп жеткен шығармасы көп емес. Қашқарда шығатын «Бұлақ» журналының № 21 санында жарияланған өлеңдер топтамасынан басқа шығармалары табыла қойған жоқ. Қожа жаһан Әрши ақыл­ойы барынша толысып, ақындық қуаты кемелденген шағында таққұмар Бұрханиддин қожа бастаған көтерілісшілердің қолынан мерт болып, бала­шағасына дейін қырып тасталды. Өйткені Бұрханиддин қожа Чиң патшалығының отарлаушы армиясы жоңғар билеушісі Дауашты тізе бүктіргеннен кейін Қашқарияны билеуге әдейі жіберген қуыршақ хан еді. Ол Чиң қарулы күштерінің қорғауына арқа сүйеп, ақ таулықтарды желіктіріп, қара таулық қожалар басшысы Қожа Жаһанға құтырына шабуыл жасады да оны өлтіріп, билікті тартып алды. Сонымен жарты ғасырға созылған екінші Жаркент хандығы да құлап, Чиң армиясының алты щаһарға кірер қақпасы ашып тасталғандай болды. Чиң армиясы Чиян Лұң патша берген қатал бұрықты қатігездікпен орындауға сылтау табылды. Ағайынды Бұрханиддин қожа мен Қожа Жаһан (Жаркент ханы Қожа Жаһан Әршимен аттас еді. Ә.Д.) Алтышаһарға орныққан соң, дереу «Жат дін мүридтеріне қарсы жиһад ашу» ұранымен Күшәр қаласында дербес «Батыр хан мемлекеті» деген тәуелсіз мемлекет құрғанын жариялады. Қашқар, Жаркент, Хотан, Ақсу, Бай, Сайрам қатарлы үлкен­кіші қала халқы көтерілісшілерді қолдап Чиң шапқыншы армиясымен кескілескен майданға аттанды. Үш жылға созылған қанды қырғын барысында отаршыл армия қара таулық қожалардың қолдауымен ағайынды ақ таулық қожалар көтерілісін қанға бөктіре басып­жаншыды. Ағайынды Бұрханиддин мен Қожа Жаһан өлтіріліп, басы Чиян Лұң патшаға жөнелтілді. Көтеріліске қатынасқан қожалар мен ұйғыр дихандары бала­шағасымен қоса қырғындалды. 1759 жылдың 28 шілдесінде Чиң басқыншы армиясының жеңісін марапаттайтын әйгілі «Жасыл көлге қойылған ескерткіш тас» орнатылады. Жоғарыда біз келтірген бір үзіндіде бұл тас «ұйғырларды тыныштандыруды еске алу үшін Жасыл көлге қойылған ескерткіш тас» деп бадырайта жазылса, «Шинжияңның жергілікті тарихы» деген кітапта «… Мұсылмандарды тыныштандыруды еске алу үшін» [17] деп жалпылама анықтама бере жазыпты. «Тыныштандыру» дейтін бейкүнә, момақан сөз осылайшы алдымыздан шығалы да отырады.

Читайте также:  Тарихты қамтымайтын анықтаманың қарама­-қайшылығы

Осынау құлаққа «жайлы» естілетін бір сөздің бодауына жүз мыңдаған, миллиондаған бейкүнә ұйғыр, қалмақ, қырғыз, қазақ, дұңған халықтарының судай төгілген қаны мен қиылған жаны құрбандыққа шалынғанын білетін сол халықтардың бүгінгі ұрпағы алдында, сондай­ақ тарихшылар мен әдебиетшілердің алдында ата­ баба аруағын масқаралап, келеке еткендей болатынын Қытайдың бұрынғы және бүгінгі басшылары мен тарихшылары жақсы түсінеді, бірақ қасарыса «түсінгісі» келмейтіні ғана. Осы арада тарихтың арғы жағын қопарыстырмай­ақ 751 жылдың шілде айында «Атлах­Талалас шайқасында» күйрей жеңілген Таң патшалығының 100 мыңдық армиясы талқандалғаннан бергі 1256 жылда үлкенді­кішілі Қытай патшалықтарының шапқыншы армиясы бүгінгі қазақ, қырғыз жеріне аттап басып кіре алмағанына тарих куә. Орталық Азия аумағында шаңырақ көтерген Қарлұқ­Қарахан, ішінара қидандар (қара қытай немесе шүршіттер басып алған Қарахан мемлекетінің бір бөлігін айтпағанда, ал шын мәнінде қидан­шүршіт дегенннің монғол­манжу текті жартылай түріктенген көшпелі тайпалар болатын) мен Шыңғыс хан құрған ұлы империя тұсында қытайлардың өзі солардың қол астындағы отар ел ретінде өмір сүріп жатқан болатын. Шағатай мен Үгедей хандықтары тұсында, Моғолстан мен Жаркент Сайидия хандықтары және Ақ орда тұсында да қытайлар байтал түгіл бас қайғының кебін құшып, үш ғасырдай моңғолдар үстемдігінде өмір сүрді. 164 жыл салтанат құрған Жаркент­Сайидия хандығы тұсында бүгінгі Шыңжаң мен Қырғызстан аумағы тұтастай оған бағынышты болып, толық тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылды. Ал 1678 жылдан 1759 жылға дейінгі 80 жылда ұйғыр жері жоғарыда атап өткеніміздей жартылай Жоңғар хандығына және оған тәуелді Абақ қожа мен басқа да қожалар билігінде болды. Тек 1759 жылғы Манжур­Қытай армиясының жойқын шабуылынан кейін ғана дербестігінен айырылып, отарлық бұғауға тұсті. Солай болғанда, Қытай тарихнамаларында жиі қолданатын «Чиң патшалығының Шинжияңды бірлікке келтіруі» немесе «қайта бірлікке келтіру» дегендерді қалай түсінуге болады? 751 жылдан 1759 жылға дейінгі 1008 жылда Шығыс Түркістан мен Орталық Азияда салтанат құрған үлкен­кіші мемлекеттер тарихын қайда тығып қоюға болады? Тіпті 1759 жылдан бергі екі жарым ғасырда Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы қарсыласу қозғалысы тоқталған емес. Ол жөнінде арнайы зерттеу жүргізген тарихшылардың еңбегін қорыта келе зерттеуші қаһарман Қожамберді былай деп жазған екен: «… За более чем 240 летнюю китайскую оккупацию уйгурский народ в борьбе за свободу прошел через тяжелейшие трагические восстания, понес многомиллионные людские потери. Внес огромный вклад в остановку агрессивных устремлений Срединой империй на тюркоязычных народов. По мнению специалистов за этот промежуток времени уйгуры более 400 раз восстали против захватчиков и не раз завоевали свою государственную самостоятельность. Даже официальныелица Китая вынуждены были заявить: «Синьцзянь – это край, где каждые десять лет происходит одно крупное восстание, и каждые пять лет – одно мелкое». В борьбе за национальное освобождение главной идеей, способной объеденить и поднять массы на беспощадную борьбу с захватчиками, всегда выступал патриотизм, здоровый национализм и вера.»[18] Бұл айтылғандардың тарихи шындыққа сай келетініне тарих ғылымына құрметпен қарайтын, саясиланған империялық тарихқа сын көзбен қарай алатын кез келген адамның күмәнданбасы анық. Ал, «Қожалар дәуірі әдебиеті» өзінен бұрығы гүлденген Жәркент хандығы дәуірі әдебиетіне мұрагерлік ете отырып, идеялық мазмұны мен көркемдік, жанрлық ерекшеліктері жөнінен мынадай өзгешеліктерімен танылады: 1. Дәстүрлі ғазал жанрын одан әрі дамытып «Диван» құрастыру ісі кеңінен жолға қойылып небір тамаша шығармалар дүниеге келді. Дарынды ақын Зелилидің «Диван Зелили», Маһзұмның «Диван Маһзұм», Әршидің «Диван Әрши», Новетидің «Диван Новетилері» классикалық ірі туындылар болатын. Бұлар өз заманының көкейкесті мәселелерін айқын ашып бере алмаса да адамдарды әділдікке, сүйіспеншілікке, әсемдікке баулып, жамандықтан жирену сезімін оятуға хал­хадарынша қызмет етті.

Оставить комментарий