Жоңғар шапқыншылығына қарсы халық жасағының құрылуы

Қазақ жасақтарының құрылуы. Жоңғар қалмақтарының жаппай шапқыншылығы жағдайында халықтың негізгі сүйенері елін-жерін жан-тәнімен қорғаған батырлар болды. Соңдарынан тұтас рулы елді ерткен, жанқиярлық ерліктерімен есімдері аңызға айналған Есет, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Саурық, Малайсары, Шапырашты Наурызбай, Баян, Жауғашар (Шақантай), Жәнібек, Райымбек т.б. батырлар жеке қол құрап, күресті тоқтатпады. Атақты жыраулар өз толғауларында батырлардың ерен еңбектерін шаттықпен сипаттаған. Халық батырлары атамекенді жаудан қорғауда ерекше ерлік пен табандылық көрсетті әрі туған өлкені азат етуге шақырған жалынды үндеу тастады. Билер мен сұлтандар да күресті ұйымдастырушылар ретінде зор еңбек сіңірді.

Жоңғарларға қарсы біртұтас әскер ұйымдастыруда қазақ елі ауызбірлік таныта білді. Осы кезеңде қазақ қоғамының ішкі өмірін терең білетін және халықты өз жанына ұйымдастыра білген Әбілқайыр ханның да тұлғасы даралана түсті.

1724 жылы-ақ Әбілқайыр бастаған қазақ қолы Түркістан қаласын жаудан қайтарып алды. Қазақ жасақтары Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам қалаларын жоңғарлардан азат етті. Қаратау маңында жоңғар қолы тас-талқан болып жеңілді. 1725 жылы Шақшақұлы Жәнібек батыр бастаған қол Қорғалжын көлі маңында жоңғарларға қарсы соққы берді. Қазақ жасақтары Сырдың төменгі ағысы бойындағы жерлермен қатар, Мұғалжар тауы бойындағы жерлерді де азат етті. Осылайша жоңғарлардың Алтай тауларынан Есіл, Жайық өзендеріне дейін құрған шебі бұзылды.

Бірақ түпкілікті жеңіске жету үшін басқыншыларға қарсы бытыраңқы қимылдап келген қазақ жасақтарының тізе қосып, бірігуі қажет болды.

Ордабасы жиыны. Бұрын бытыраңқы қимылдап келген Үш жүздің жасақтарының басқыншыларға қарсы біріккен қимылдары 1726 жылы басталды. Осы 1726 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі Бадам өзені алқабындағы Ордабасы тауының етегінде қазақ билерінің қатысуымен үлкен құрылтай болып өтті.

Бұл ұлы жиынға Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс тәрізді қазақ хандары, Төле, Қазыбек, Әйтеке тәрізді елге танымал билер, атақты қазақ батырлары мен қолбасылары да қатысты. Жиынды қазаққа аға хан болып келетін Болат хан ашқанымен, оны басқару жоғарыда аталған қазақтың әйгілі үш биінің қолында болды.

Читайте также:  Тас дәуіріндегі Қазақстан

Үлкен кеңес осыған дейін Түркістанды жаудан қайтарып алуда, Еділ бойындағы қазақтарды қорғауда және түрікмендердің шабуылдарына тойтарыс беруде ерекше ерліктерімен танылған Әбілқайырды қазақтың Үш жүзіне бас қолбасшы етіп тағайындады. Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының сардарбегі болып Қанжығалы Бөгенбай батыр сайланды.

Осында барлық қазақ жасақтары жиналды. Бұл жер жау қолындағы Жетісуды азат етуге аттануға жақынырақ еді. Сонымен қатар Алатау мен Қаратау сілемдерімен қоршалған, ал шығысқа қарай ашық дала болып келетін бұл аймақ қалың қолды қүпия шоғырландыруға мүмкіндік беретін.

Қалмаққырылған шайқасы. 1728 жылы Сарысудың орта ағысы алқабында, Бұланты және Білеуті өзендері аралығындағы Қарасиыр (тағы бір атауы — Айрантөгілген) деп аталған кең жазыңта біріккен қазақ жасағы жоңғарларға ойсырата соққы берді. Зеңбіректермен және мылтықпен қаруланған жоңғардың қалың қолы қазақ батырларының біріккен күшіне төтеп бере алмады. Осы шайқас қазақ-қырғыз және басқа халықтардың 60 мыңдық қолының толық жеңісімен аяқталды. Қалмақ қолдары тас-талқан болған сол жер кейін Қалмаққырылған деп аталып кетті.

Бұланты және Білеуті бойындағы шайқастағы жеңістің қазақ халқының рухын көтеруде орасан зор маңызы болды. Себебі қазақтың кең даласы әрі халқымыздың елдігінің тарихи нышанына айналған Сарыарқаның кіндігі саналатын Ұлытау етегінен басталған бұл жеңіс қазақ-жоңғар соғыстарындағы шешуші кезеңнің бастамасына айналды.

Ендігі мақсат — қазақ жерін түгел жаудан тазартып, елдің тәуелсіздігін толық қалпына келтіру еді. Қалмаққырылған шайқасы, негізінен, Қазақстанның солтүстік-батыс өңірін азат етті. Елдің бірқатар аудандарында, соның ішінде Жетісу өңірінде, әлі де жоңғарлар үстем болатын. Басқыншылар тарапынан орын алатын қауіп-қатер жойыла қойған жоқ.

Бұланты мен Білеуті жеріндегі жеңістің зор маңызы болды. Бұл жеңіс қазақ жасақтарын рухтандырды, жауды жеңуге деген сенімдерін күшейтті, қазақ қолының Аңырақайда жеңіске жетуіне жол ашты.

Оставить комментарий