Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті ұйымдастыру

Қарақұм жиыны. 1710 жылы қазақ жүздерінің белгілі өкілдері Қарақұм маңында бас қосып, жоңғарларға соққы берудің мүмкіндіктерін талқылады. Қарақұм — Аралдың солтүстік және солтүстік-шығыс өңірінен Ұлытау сілемдеріне дейін созылып жатқан аймақтың атауы. Қарақұмда өткен жиналысқа Үш жүздің өкілдері, сұлтандар, билер мен батырлар, рубасылар қатысты. Тәуке хан қазақ жасақтары мен руларын басқарудың жаңа әдісін талқылауды ұсынды. Бұл бойынша сұлтандардың билігін шектеп, халық арасынан шыққан билердің басшылық рөлін көтеру көзделді. Қазақтың Үш жүзі енді билер арқылы басқарылатын болды.

Мұның өзі орталықтандыруды нығайтып, жауға қарсы қазақ жасақтарын құруды, қорғаныс қабілетін арттыруды қамтамасыз ететін еді. Қарақұмдағы мәжілісте Тәукенің ұлы Қайып пен Әбілқайыр сұлтандар, Бөгенбай, Жәнібек, Есет батырлар ерекше белсенділік көрсетті. Жауға қарсы тойтарыс ұйымдастыру мәселесі қызу талқыға түсті. Адамдардың бір тобы мәжілісте басталған даудың соңын күтіп, толқып отырды. Бұл жағдайды Я. Гавердовский былайша суреттеп жазады: «Осындай жағдайда халық батыры Бөгенбай елдің ортасына суырылып шығып: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отыра алмаймын. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Мен қолымды жау қанына малғанда, сақалымды қырау шалған жоқ болатын. Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алмаймын. Жауға мінер тұлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» — деді». Мұндай жалынды ұран отырғандарды бейжай қалдырмай, ерекше әсер етті. Жиналысқа қатысқандар Бөгенбайды қолдауға сөз беріп, жауға қарсы бірге аттануға серттесті. Олар құрбандық шалып, құдайы таратты.

Бұл кім? Яков Петрович Гавердовский (1770-1812) — Ресейлік Бас штаб офицері, Қазақстанды зерттеуші. 1803 жылғы қазақ даласы арқылы өткен Бұхараға баратын арнайы сауда-дипломатиялық елшілікті басқарған. Я.П. Гавердовский Петерборға қайтып оралған соң, қазақ жерінде жинаған материалдарын өңдеумен айналысты. Кейінірек «Қырғыз-қайсақ даласына шолу» деген атпен Қазақстан географиясы, тарихы мен этнографиясы бойынша зерттеу еңбегін жазды.

Қарақұмдағы мәжіліс Тәуке ханның жасы ұлғайғандығын ескеріп, оған Қайып пен Әбілқайырды көмекшілер ретінде сайлады. Ал Бөгенбай қалмақтарға қарсы қазақтардың жетекшісі болып белгіленді. Осы кеңестің шешіміне сай жоңғарларға қарсы біріккен халық жасағы құрылып, соның күшімен жоңғар әскері шығысқа қарай ығыстырылды. 1711 жылы жоңғарлар қазақ даласына тағы шабуыл жасағанда, қазақ батырлары тізе қосып, жауға айтарлықтай тойтарыс бере алды.

Читайте также:  Уақытша үкімет және мұсылмандардың бүкілресейлік бірінші конгресі

Аягөз шайқасы. 1717 жылы қалмақтардың қалың қолы Аягөз өзені бойындағы найман және жалайыр тайпаларының қоныстарына баса-көктеп кірді. Жауға қарсы қазақ жасағын Тәуке ханның ұлы Қайып бастап шықты. Мұнда Әбілқайыр бастаған Кіші жүз жасақтары да жауынгерлік белсенділік танытты. Қалмақтар ағаш бөренелерден биік өре жасап, соның үстінен қазақтарға қарсы садақтан оқ жаудырды. Түнге қарай қазақтар кесілген ағаштардан қалмақтардікінен әлдеқайда биік бірнеше мұнара тұрғызып, олардың үстінен қалмақтарды екі күн бойы садақпен атқылайды. Мұның өзі ақырында қалмақтарды қашуға мәжбүрледі. Бұл шайқаста Қаракерей Қабанбай басқарған қазақ жасақтары да үлкен белсенділік танытты. Алайда Қайып ханға бағынғысы келмеген Әбілқайырдың өз әскерін алып, ұрыс даласынан кетіп қалуы қалмақтарды біржолата күйретуге мүмкіндік бермеді. Сол себепті жауды талқандаған бұл жеңіс те қазақ елінің ауыр жағдайын жақсарта алмады.

Оставить комментарий