Жоспар жасау жұмысының ағымы

Бірінші сұрауға жауап: Осы кластағы адамдар 3, 4 (отырған орындары бойынша) топ­ топқа бөлінуіміз керек. Әр топ ішінен бірін хатшы қылып белгілеу керек. Хатшы қалам, қағазын алып, топ мақұлдаған, ұйғарған нәрсені жаза берсін, нені қолданамыз? деген сұрауға — біз «жаңа мектептегі» програмды қолданамыз, соңы ірге қыламыз. Әр топқа бір тақырыптан беріледі. Сол тақырыпқа лайықты материалды програмнан теріп аласыздар, жоғын, жетпегенің, мектептеріңіздің жағдайларын еске алып отырып, өз жандарыңыздан қосып толтырасыздар. Сөйтіп, сіздер жасап шығарған жоспарларыңызды жалпы кластың, бәріміздің кеңесімізге салып, мінейміз, қырнаймыз, өзгертеміз, түзейміз… дегеннен кейін, курсанттар сипаңдай, қипаңдай, жымия, қыдия қалам, қағаздарын, програмдарын алып, үйренісіп, шүңгілдесіп, бірінің бетіне бірі қарасып, іске кірісе бастайды. Алғашқы кезде біресе программаға, біресе қағазына, біресе қабырғаға қарап, қармағына түк іліндіре алмаған адамша дағдарса да, «болмай жатыр» пәлен­түген десе де, он­он бес минуттан кейін бірлі­ жарым терген сөздерін екшеп тексере бастайды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» ғой, жоспар жасау деген әуелде теріс» жазудан да қиын көрініп, жүрексінсе де істей келе, шұқына, түбірлей келе, бірдеңенің басы құрала бастады. Әрбір топ біріне­бірі қарап, жолдастары тұрып қыбырлап, жыбырлап жатқанын көрген соң, бәсекесі қозайын деді. Кейбір топ бір­екі сағатта­ақ жазғанын әкеп көрсетіп жатыр. Кейбірі біржола «табандатайын» дегендей кепке дейін түбірлеп, терлеп­тепшіп қиналады. «Басымыз сынып бара жатыр» деушілер де болды. Жүрдім­бардым жаза салғандарын екінші рет жаз деп, кем жерлерін көрсетіп бердік, айтпақшы, «астапыралла!» ұмытып бара жатыр екенбіз, әуелі екі­үш комплекстің жоспарын өздеріне сұрау беріп, мынау қалай балалар? деп отырып түгел класс боп жасағамыз. Оны бәрі түгел жазып алған. Тәжірибе көруге жұмысты жеңілдетуге де онымыз да теріс болған жоқ. Не керек екі кластағы 85 адам жұмыла кіріскен соң шыдата ма, програмның қолын қол, бұтын бұт қылып іреп, сойып, созғылап, заулатып, айтысып, ерегескендері екі бөлек жазып, әйтеуір екі­үш күннің ішінде 2 жылдық жұмыс жоспарын нобайлап бітіріп тастады. Әрине, бұл жасалған жоспарларда кемшілік көп болар. Қалайда бұл еңбек, бұл тәжірибе мұғалімдердің өз табысы, жоспар жасау жолындағы тұңғыш баласы. Сондықтан бұл жоспарларды елдегі қалың мұғалімнің алдына тартуды керек деп ойладық. Бұл жоспарларда әрбір комплекстің мақсаты көрсетіледі. Үйткені тақырыптың мазмұнынан мағынасы өзі де белгілі болып тұрар деп ойладық. Програмдағы комплекстердің мақсаттарын қарасақ бәрі бірыңғай «жаратылыс өзгеруімен қатар адам еңбегі де өзгеруін байқату» деп берген сияқты ондай сөзді жазып қоя берудің қиындығы да, келер, кетері де шамалы болар дедік.

Читайте также:  ХУСАМ АД-ДИН АС-СЫҒНАҚИДЫҢ «АТ-ТАСДИД ФИ ШАРХ АТ-ТАМХИД» ЕҢБЕГІНІ

Оставить комментарий