Загрузка…

ЖУРНАЛИСТІК МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРУДІҢ НЕГІЗІ

Қазақстанның жоғарғы оқу орындарындағы оқыту процесі мүлде басқаша арнаға түсіп, жаппай үдеріске енді. ЖаҺанданудың жақындап кіруіне байланысты әлемдегі болып жатқан үрдістерден, жаңа технологиялардан, білім берудегі алдыңғы қатарлы инновациялық тәсілдерден тысқары қалу мүмкін болмай отыр. Яғни, дамыған елдер қатарына қосылудың басты шарттарының бірі де осы бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлау. «Бәсекеге қабілетті экономика бұл ең алдымен кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.Сол себептен де жастардың бойында өзіне-өзі сенушілік, барынша мобильді болу, тапқырлық, ақпараттылық, ізденімпаздық, ұйымдастырушылық, қабілеттілік, білімділік өз бойындағы өнерін қоғам кәдесіне жарата алушылық т.б толып жатқан қасиеттер қалыптасуы тиіс. Оны қалыптастыратын ұстаздар,оқытушы- профессорлар қауымы екені белгілі. Ал, ұстаздардың заманауи талаптарға сәйкес оқытудың инновациялық тәсілдерін ұстанып, ұсынуларының маңызы зор. Оқытудың сапасын неғұрлым жақсарту күннен-күнге сұраныс тудырып, дәрістердің мазмұнын жақсартудың қажет фактор екендігіне көз жетуде. Өйткені, интерактивті әдіс- тәсілдерді пайдалана отырып оқыту білім сапасын жақсартады. Презентациялық, жеке топтық, дебаттық, баспасөз конференциясы, мәселелік сабақтар сияқты жаңаша пішіндік дәрістер жиі қолданылатын болды. Теориялық дәрістер бір семестр аралығындағы он бес аптаға лайықталған. Лабораториялық сабақтар, тәжірибелік сағаттар және білімді тексеру сұрақтары да қамтылады. Сонымен қатар, студенттердің теориялық білімді меңгеріп қана қоймай оның игерілуіне жағдай жасап, өзіндік жұмыстарды орындауына мүмкіндіктер ұсынылады.өзіндік жұмыстардың тапсырмалары мен оны орындау талаптары нақтыланды. Студентке пәнді игеру барысында қажетті методикалық нұсқаулар берілді. Мысалы, телерадиохабар жасауға қатысты жаңадан қолданылып жүрген, ұлттық журналистиканың озық әдіс-тәсілдері жиі ұсынылады. Хабардың қызықты мәнді шығуына студенттер өздері ат салысады. Көптеген әдіс, тәсілдер, техникалық «ойнату» тәсілдері, шығармашылық шарықтау, еліктеу, ой-қиялға еркіндік беріледі. Әр журналистің өзіндік пайдаланатын тәсілдері бар, өзіндік мақамы, стилі бар. Хабарлар жасауда ЖУРНАЛИСТІК МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРУДІҢ НЕГІЗІ – ТӘЖІРИБЕДЕ 58 ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. №1/1 (37). 2015 Журналистік мамандықты меңгерудің негізі –тәжірибеде қолданылатын әдіс- тәсілдердің қатып қалған формасы, пішіні немесе үлгісі жоқ екені ескертіледі. Ол – журналистің қиялына, ой-өресіне, біліміне байланысты, қоғамдық болмыстардың өзгеруіне байланысты үнемі өзгеріп, жаңғырып, жанданып отыратын нәрсе. Сондықтан, жас журналистер шетелдік, отандық, телевизия тәсілдерін мол игеріп, өздерінің өнімдеріне пайдаланып отырулары қажет екендігін, немқұрайлылық, хабар тағдырына жүрдім – бардым қарау, мәні- мағынасы жоқ дүниелерді пайдалану сияқты әрекеттерге жол бермеу керектігін, жалпы болашақ журналистердің үнемі ізденіс үстінде болуы керек екендіктерін әр дәріс үстінде айтып отыру оларға үлкен көмегін тигізеді. Шешен тіл, озық, көркем, жатық құрылған тіркестер арқылы көрерменмен тілдесу, көпшілік қауым алдына шығу кез-келген журналистің қолынан келе бермейтін жай. Кейінгі кездердегі жас журналистер арасынан тіл қасаңдығын жиі байқауға болады. Өйткені, оның себебі халықтың бай фольклорын пайдаланбайтын, әдебиеттерді аз оқитын лектің пайда болғаны. Көркем әдебиетті оқымаудың, тек интернет пен компьютердің жетегінде кетіп, әдебиет атты теңіздің жағалауын жағалауға да жарамай жүрген жастар көп нәрседен мақрұм қалады. Тіпті грамматикалық жағынан сауатсыз жастар легінің пайда болуы да осы әдебиетті оқымағандықтан. Көркем әдебиетті көп оқығанда жастардың көзде сақтау қабілеті дамып, грамматикалық, орфографиялық тұрғыдан сөйлемдердің құрылымына, сөздердің жазылуына, үндестіктен болатын өзгерістерге көздері жаттығып, қатесіз жазуға дағдыланады. Сондықтан, осындай кемшілігі бар журналистер эфирге шықпауы қажет. Ал жоспарлы хабар барысында сол тақырып жөнінде мағлұматтар көп жинап, соған қатысты сөз тіркестерін, жазып алып, қайталап, ойды бейнелеп жеткізуге қатысты тұрақты сөз тіркестерін жаттап алуға да болады. «Сөйлей-сөйлей шешен болады» дегендей хабар жасау барысында көркем және ауыз әдебиеттерін пайдалану қажет. Сонда біртіндеп сөздік қоры молайып, тіл қасаңдығынан айырылуға болады. Кез келген қоғамды журналистикасыз елестету мүмкін емес. Өйткені, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар, заңдар, ережелер, халыққа осы журналистика арқылы ғана жетеді. Яғни, қоғам мен халықтың, мемлекет пен халықтың арасындағы идеологиялық құрал. Ал, оны жүзеге асырушы, механизмді реттеуші журналистер. Қазақстанда кейінгі кездері журналистік білім беретін оқу орындары көптеп ашылды. Олардағы материалдық, техникалық базаның нашарлығы, ұстаздар сапасы жайлы жиі жазылуда, айтылуда. Оның төрелігін уақыт көрсетер, ал жалпы журналистік білім қандай деңгейде берілуі керек деген өзекті мәселеге ой тоқтата қарау керектігін жиі-жиі айтудың қажеттілігі заман ағымынан туындап отыр. Журналистика – өнер, ол табиғат сыйы. Кеудесінде осындай, жаза, сөйлей білетін өнері бар адам ғана журналист бола алады. Тек жазудың өзі де аздық етеді. Көзі ашық, көкірегі ояу, жаны сезімтал, әр нәрсеге сараптама жасай алатын, озық ойлылық сияқты қасиеттер де аса қажет. Міне, осындай табиғи, туа біткен талантты оқытудың не керегі бар деген ой міндетті түрде туындайды. Алайда, журналистиканың қалыптасқан теориясын оқыту арқылы – адам бойындағы журналистік қасиеттерді ұштау, қанат бітіру, оның қыр-сырын, түрлі әдіс-тәсілдерді жазудың, айтудың, көрсетудің сан амалдарын оқытудың қажеттілігі жоғары. Ақпарат берудің тәсілдері, көрерменмен, тыңдарманмен, оқырманмен ақпарат құралдарының байланысы, аудиторияны зерттеу, журналистік этика т.б. сияқты көптеген өзіндік ерекшеліктер журналистік білім беруді тереңдете түсуді талап етеді. Алайда, бұл мамандықты меңгеруде тәжірибені молайту жағы басым болу керек екенін өмір көрсетіп отыр. Тәжірибе өткізуге жіберілген студенттерге өндіріс орындары – бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдары жете мән бермейді. Алып-кел, барып-кел жұмыстарға материалдарды теруге, көмекшілік қызметтерге пайдалану сияқты жайларды студенттерден де естіп, өзіміз де көріп жүрміз. Бірлі- жарым мақала шығарып, қалған уақыттарын осындай шаруалармен өткізген әрине, тиімсіз. Студенттің бойындағы жалындаған жалынын, айтайын деген ақиқат ойын пайдалануға көптеген мекемелер құлықсыз. Жігерін жанып, ойына қанат бітіріп, ұшқыр қиялына жөн сілтеп отырғанда ғана жас журналистер қияға қол соза алады. Сондықтан, болашақ журналистер тәжірибеден мүмкіндік болғанынша шетелдік ақпарат құралдарында өткенінің пайдасы мол. Оқу газеті, оқу телеарнасы, оқу радиостудияларының факультет көлемінде ғана емес, сол жоғары оқу орны көлемінде жұмыс істеп, кәсіби БАҚ өнімдері сияқты күнделікті өнім беріп тұрғанда ғана журналист шыңдалады, кәсіби дағдыланады, ал соны ары қарай жетілдіру журналистикасы бұрыннан дамыған мемлекеттер баспасөздерінен, радио телевизияларынан үйрену арқылы шыңдалады. Тек жаңалықтар ғана емес, әртүрлі сұхбаттар, репор­ ISSN 1563-0242 KazNU Bulletin. Journalism series. №1/1 (37). 2015 59 Қабылғазина К. таждар, суреттемелер, этюдтер т.б. жанрлық тәсілдерді пайдаландыру қаламының ұшталуына үлкен әсер жасайды. Сонымен қатар журналистік еркіндікке жол ашу да жастар шығармашылығын алға алып баратын факторлардың бірі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің радиостудиясында студенттік шығармашылықтың еркін дамуына жағдай жасалып, олардың үлкен үзіліс кезінде тікелей эфирге шығып, еркін сөйлеуге, пікір білдіруге дағдылануға ұмтылыс жасалуда. Сұқбат ала білу, сұрақ қоюдың тәсілдерін меңгеру сияқты журналистке қажет кәсібилікті меңгеруге талпыныс жасалып отыр. Көптеген БАҚ-тарда бөлім меңгерушілері жас журналистің әкелген мақаласын өз стиліне немесе сол газет-журналдың стиліне түсіріп, шимайлап тастауға құмар. Әрине, әр басылымның өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан ол БАҚ өкілдерін де түсінуге болады. Сол себептен оқу орнында ашылған мамандыққа баулитын, бейімдейтін орындар шәкірттің өз мамандығын еркін меңгеруіне, өз студиясында сөйлеп, аудиториямен қатынас жасап үйренуіне, жастық шақ идеяларын жүзеге асыруына көмегін тигізетіні анық. Оның үстіне оқу газеті, оқу студиялары тек қана сол оқу орны басшыларының сөздері мен суреттерін басумен, берумен шектелуі қажет емес. Тіпті, дизайнерлік, режиссерлік, редакторлық міндеттердің де қыр-сырын осында үйреніп, үлкен өндіріске жолдама алар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан, оқу газеті, оқу студияларына кең жол ашылуы қажет. Сонда ғана, журналистік мамандықты толық игеруге, халық көкейінен шығатын «идеология жауынгерлерін» дайындап шығуға әбден болады. Кейбір жоғарғы оқу орындарында жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Ол – студенттердің өндірістік тәжірибелерін шетелде өткізу дәстүрі. Сол игілікті іс жалғасын тауып, болашақ журналистер Прагадағы «Radio Free Europe» радио- сының қазақ бөлімінде 15 күндік тәжірибе өткізуге мүмкіндік алды, мен соларға жетекшілік жасадым. 21 мемлекет 28 тілде әлемдік деңгейде хабар таратып отырған алып өндіріс үлкен ғимаратқа орналасқан. Студиялар жоғары деңгейдегі технологиямен жабдықталған. Кез келген мемлекетпен байланысуға, ақпарат таратуға толық мүмкіндік жасалған. Біз тәжірибеден өткен «Азаттық» радиосындағы журналистер кем дегенде 4 тілді білетін, эфирдің қыр-сырын еркін меңгерген мамандар болып шықты. Жедел ақпарат таратудың небір әдіс-тәсілдерін пайдалану биік деңгейде. Олар өздерінің кәсіби шеберліктерін үйретіп, әр журналист дәрістер өткізді. Студенттер дөңгелек стол хабарына, тікелей эфирге қатысты. «Debit» бағдарламасымен монтаж жасауды меңгерді, эфирге шықты. Интернет хабарлардың дизайнын жасап үйренді Ал, тәжірибеден тыс уақытта, сенбі, жексенбі күндері студенттер тарихы өте ертеде қалыптасқан Еуропа мемлекеттерімен танысуға мүмкіндік алды. Мысалы, Франция, Австрия, Люксембург, Германия, Чехия мемлекеттерінің басты қалаларында болған сапар болашақ журналистердің тамаша публицистикалық шығармаларына арқау болары анық. Версаль, Лувр, Наполеонның жеңісіне арналған триумфальды арка,120 метрлік «Париж сұлуы» – Эйфель мұнарасы, атақты Монпарнас, Венаның әсем парктері, Праганың тарихи замоктары т.б. толып жатқан сәттер жас журналистерге мол қиял сыйлады, жастық шақтарының тамаша бір сәті болып естерінде қалды, өмірге құштарлық және күш-жігер берді. Елдердің қаншама қызықты тарихымен танысып, мол мағлұмат жинады. Ұлттық журналистиканың беделін асқақтатып, аясын кеңейтуге осындай шетелдік тәжірибенің берері мол. Отандық БАҚ редакцияларында тәжірибеден өту бастапқы кезеңде міндетті болғаны абзал. Ал сол алынған тәжірибе, үйренген әдіс-тәсілдерді шетелдік журналистика тағлымдарымен ұштастыра жүргізгеннің пайдасы мол болмаса, зияны жоқ екені айқын. Сондықтан, шетелдік басылымдармен, арналармен байланыстар орнатып, барыс-келіс жасаудың нәтижелі тәжірибе алуға қосары мол екенін ескеру заман талабы.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar