Жылқы ұғымы туралы

Қазақтың атты көрсе, мінгісі кеп, шапқысы кеп кететіні – қандағы өлмес қасиет. Белгілі түркітанушы ғалым В.В.Радлов: «Қазақтар үшін ол малдың (жылқының) асыл тастай көркі – барлық сұлулық атаулының жиынтығы. Қазақ атты сүйікті әйелінен де артық көреді. Өте әдемі, текті ат үшін жұрт сыйлайтын өте әділ де адал адамдардың өздері ұрыға айналады», – деп жазады [1, 67 б.].

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, біздің жыл санауымыздың ІV мыңыншы жылының соңында Еуразия сахарасының адамдары даланың ең жүйрік аңы – жылқыны қолға үйреткен. Осы кезеңнен бастап салт атты көшпелілер пайда болған. Белгілі зерттеуші археолог К.Ақышев тағы жылқыны қолға үйретуді: «Верховой конь в истории развития человеческой цивилизации сыграл такую же роль, как паровая турбина для прогресса в индустриальную эпоху. Использование верховного коня, а затем коня как упяржное животное, ознаменовало начало покорения человеком времени и пространства», – деп жоғары бағалайды [2, 107 б.]. Шығыс және Батыс деректеріне қарағанда, жылқы малы алғаш рет Орта Азияда Түркістанның Иранға жақын өлкелерінде қолға үйретілген. Негізінде бұның б.э.б. 8000–4000 жылдар арасында болғандығы айтылған. Өйткені Орта Азияда, түркілердікі деп анықталған қорғандарда жасалған археологиялық қазбалардан шыққан нәтижелер бұл теорияны дәлелдейді.

Қытай тарихшыларының айтуына қарағанда, Өзбекстанның Ферғана өлкесінде өсірілген асыл тұқымды жылқыларды алу үшін Қытай соғыс жариялаған. Ферғана өлкесі соғыста жеңілгені үшін келісімшарт бойынша Қытайға жыл сайын бұл өлкеде өсірілген айғырлардан жіберіп тұрған, сөйтіп жергілікті Қытай жылқыларының тұқымын жақсартып отырған. Қытайлар атты әскери бірліктерін түркілердің жылқыларын пайдалана отырып құрған. Жоңышқа егуді, жылқыларының күтілуі мен бапталу техникаларын түркілерден үйренген. Сондай-ақ, Қытай тарихшыларының мәлімдеуінше, ғұндардың ерекше сүйгені – бәйге бермес жүйрік тұлпарлар болған. Қытай әскербасылары ғұн жылқысын ерекше бағалаған. Күніне мың ли (500 км) жүгіретін олардың тұлпарларын «айтылмайтын ұлы қазына» – деп, оларды «тәңірлік», «мың лилік», «хан терілік» деп атаған [4, 156 б.].

Жалпы түркітануда жылқы малы атауларын сөз еткен авторлардың ішінде Н.Махмудов (өзбек тілі), Р.Г.Ахметьянов (татар тілі), А.Шынардың (түрік тілі) еңбектерінің орны айрықша. Сондай-ақ, Т.Дүшеналиева (қырғыз тілі), Т.Урунов (өзбек тілі), М.Н.Губогло (гагауыз тілі), Э.Ф.Ишбердин (башқұрт тілі), К.А.Новиков (тұңғыс-манжұр тілі), Ц.Д.Номинханов (түркімоңғол тілдері) т.б. ғалымдар зерттеулерінде жан-жануарлар лексикасы әр қырынан қарастырылып, оның ішінде жылқы малына қатысты пікірлер де берілген.

Қазақ тіл білімінде төрт түлік малға қатысты атаулар мәселесі ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ш.Жанәбілов (1953), Ә.Жақыпов (1983), Т.В.Линко (1989), С.К.Сәтенова (1990), М.С.Бейсенова (1997), Б.Тлепин (1997), Р.З.Панзарбекова (1998), Б.С.Тоқтағұл (2005) сияқты тілшіғалымдардың диссертацияларында жүйелі сөз болады. Сондай-ақ, Х.Арғынбаев, Ж.Бабалықұлы, Е.Жанпейісов, О.Нақысбеков, Ә.Ермеков, С.Қасиманов, Қ.С.Ахметжанов, А.Тоқтабаев, Ж.Сейітқұлова т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары мен еңбектерінде жылқы малына қатысты мәселелер әртүрлі дәрежеде қарастырылды.

Читайте также:  Капитализм, социализм және демократия

Көне түркі тілдерінде жазылған ортағасырлық жәдігерліктерде жылқы малына байланысты сөздер, сөз тіркестері көбірек кездеседі. Айталық, М.Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігінде төрт түлік мал атаулары молынан берілген. Осы жазба ескерткіш тіліндегі төрт түлікке қатысты атауларды зерттеген М.Бейсенова жылқы малының жасына, жынысына, түріне, түсіне, мінезі мен қимылына және басқа да ерекшеліктеріне байланысты қолданылатын атаулар, тұрақты тіркестер басқа түлік түріне қарағанда көп кездесетінін айта келе, мынадай нақты мәліметтер береді: «Диуани лұғат ит-түркте» кездесетін 624 (кейде аз-кем қайталанып келеді) төрт түлік атауларының түркі тілдеріндегі 216-сы жылқы малына қатысты. Яғни М.Қашқари сөздігіндегі төрт түлікке қатысты сөздердің 3-тен 1-і жылқыға қатысты. Бұл – жылқы малының түркілердің өмірінде маңызды рөл атқаратындығының айқын дәлелі. Сөздіктегі жылқы малына қатысты сөздер бүгінгі түркі халықтарының ешбірінің тілінде дәл қазіргі қазақ тіліндегідей дәрежеде сақталмаған. 216 сөздің 99-ы қазіргі қазақ әдеби тілінде не говорында қолданыста бар. Мұның себебі, қазақтардың бұрыннан жылқының қадір-қасиетін танып-біліп, оны ата-бабаларымыздың ұрпағына мұра етіп қалдыра білгендігінде» [5, 157 б.].

В.В.Радловтың қазақ халқының малдары туралы жазған мақаласында [1] қазақтың төрт түлікке байланысты атаулары бұрынғы еңбектерге қарағанда жүйелі әрі кеңірек берілген. Зерттеуші мақаласы қазақ халқының тұрмыс ерекшеліктері жайлы қысқаша кіріспеден басталып, әр түліктің жағдайын таратып айтып, малда кездесетін індет ауруларына жеке-жеке сипаттама берумен аяқталады. Автор қазақтардың тұрмыс-тіршілігіндегі жылқы малының алатын орнына тоқталғаннан кейін үйірдегі жылқы санына, жылқының жасына, түсіне байланысты атауларды сөз етеді. Қазақтың барлық тіршілігі, қуаныш-қайғысы жылқымен ажыраспас байланыста екендігін, оның күйеу мен қалыңдыққа, ұрыста батырға, қаза болған иесінің денесін елге жеткізуде, тұлданған ат ырымында, құн орнына жүруде, ас кезінде т.б. тіршіліктің сан-салалы қажетінде атқаратын рөлін жазып қалдырған.

Төрт түлік мал атаулары туралы біршама толық мәліметтерді ХХ ғасыр ғалымдарының зерттеу еңбектерінен табуға болады. Бұл жөнінде Е.Убрятова, Э.В.Севортян, А.М.Щербак, Г.Ф.Благова т.б. тілші ғалымдар өз еңбектерінде пікірлерін білдіріп кеткен. Түркі тілдерін зерттеуші ғалым А.М.Щербактың [6] мақаласы түркі тілдеріндегі төрт түлік мал атауларына тілдік ғылыми талдау жасалған алғашқы құнды еңбек деуге болады. Бұл мақалада жылқы малына қатысты атаулардың біразының этимологиясымен бірге атаулар тізімі де берілген. Қазақ тіл білімінде төрт түлік мал атауларын лингвистикалық тұрғыдан зерттеу ісі 1950 жылдардан басталды десек, Ш.Жанәбіловтің [7] зерттеуін осы саладағы алғашқы жұмыс деуге болады. Бұл еңбекте қазақ тіліндегі мал атаулары лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттелінбегенімен, жылқы малының жасына, жынысына, түсіне т.б. түрлі жай-күйіне байланысты біраз деректер таба аласыз. Бұдан кейінгі зерттеулер қатарына О.Нақысбековтың, С.Қасимановтың, Х.Арғынбаевтың, Ж.Бабалықовтың еңбектерін жатқызуға болады.

Читайте также:  Тілдің қазіргі мәдени парадигмасы

Т.В.Линконың зерттеу жұмысы [8] қазақ және орыс тілдеріндегі жанжануарлар лексикасын қамтиды. Бұл зерттеуде автор атауларды латынша терминдермен берген: зооним – түріне, жасына, жынысына қарай мал атаулары, боонимдер (лат. boos (bus) – крупный – ірі қара, яғни сиыр атаулары, кабаллонимдер (лат. cabobuss – лошадь) – жылқы атаулары, камеллонимдер – (лат. camellus – верблюд) – түйе атаулары деп сипаттайды. С.Сәтенованың «Образно-фоновая основа устойчивых выражений, образованных на основе лексики скотоводства в казахском языке» атты ғылыми-зерттеу жұмысында төрт түлікке қатысты тұрақты тіркестердің бейнелі-аялық негізі кеңінен сөз болады. Жылқы малына қатысты тұрақты тіркестер мәселесі осы жұмыста алғаш кеңінен талданды деуге болады. Ғалым төрт түліктің ішінде жылқы малына қатысты тұрақты тіркестердің басқаларына қарағанда тілімізде мол кездесетіндігін айта келіп, біраз тіркестердің бейнелі-аялық негіздеріне тоқталған.

Жылқы малына қатысты мәселелердің зерттелінуі тек тіл біліміндегі еңбектермен ғана шектелмей, басқа да ғылым салаларындағы зерттеулерден де орын алады. Мәселен, этнография саласы бойынша 1992 жылы қорғалған А.Тоқтабаевтың диссертациясы [9]. Диссертацияда тарихи деректер негіз етіп алынғанымен, жиналған көп материалдарда 200-ге жуық жылқы атаулары берілген. Әсіресе, жылқының түсіне қатысты атаулар көптеп келтірілген. Қазақ және түрік халықтарының өркениетіндегі жылқының рөлін айқындау мақсатында жылқы және жылқы шаруашылығына байланысты атауларды салыстыра зерттеген түрік ғалымы Али Аббас Шынардың «Қазақтар мен түріктердің жылқы өсіру мәдениеті және оның рөлі» [3] атты зерттеуінен түркі диалектілеріндегі жылқымен байланысты сөздер және осы сөздердің басқа да тілдерге енуі, жылқының түстері мен қасиеттері, халық ауыз әдебиеті мен әдет-ғұрыптарындағы жылқының алатын орны сияқты мәселелер жайында мәліметтер аласыз.

«Қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесі» атты А.Мұқышеваның зерттеу жұмысы қазақ әдебиетіндегі тұлпарлар бейнесінің сомдалуы мен өмір шындығын кейіпкер тағдыры және көркемдік мұратын зерттеуді мақсат еткен. Сол арқылы қазақ халқының жылқы малы туралы наным-түсінігі, жазушы ерекшеліктері, қазіргі әдебиеттегі тұлпарлар бейнесін жасаудағы ізденіс арналары, жазушы шеберлігінің сырлары кеңінен қарастырылған. Р.З.Панзарбекованың «Қазақ тіліндегі жануарлар төлінің атауы» атты ғылыми еңбегінде қазақ тіліндегі үй жануарлары, төрт түлік малдың төл атаулары, оның ішінде жылқы малының төл атауларының дыбыстық және семантикалық өрісі туралы зерттеу жүргізілген. Келесі зерттеу жұмысы түркі тілдеріндегі төрт түліктің жас мөлшеріне қатысты атаулардың этнолингвистикалық сипатына арналады. Бұл жұмыспен айналысқан зерттеуші Б.Тоқтағұл түркі тілдеріндегі төрт түлік малдың жас мөлшеріне қатысты атауларды бір лексика-семантикалық топ ретінде қарастырып, олардың танымдық мәні мен қолданылу шегіне жеке-жеке тоқталады.

Читайте также:  ҚЫТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІНДЕ КУН ЦЗЫ ІЛІМІНІҢ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ҚҰНДЫЛЫҚ БАҒДАРЫ

Қазақ тіліндегі сакральды атауларды этнолингвистикалық аспектіде қарастырған А.Керімбаевтың ғылыми жұмысында жылқының мифосалттық символикасы өте бай және алуан түрлі екендігі сөз болады. Қазақ халқының атқа қатысты көптеген наным-сенімдері, әдет-ғұрыптары мен ырымжораларында жылқының сакральды мәні айқын аңғарылады. Аттың сакральдығы «ат тұлдау», «баланы үзеңгіден өткізу», «жылқымен емдеу», «аттың жалын, құйрығын тұмар ету», «аттың басын жерлеу, жылқының қу басымен емдеу», «боз биенің сүтіне шомылу» т.б. тәрізді жораларда ашыла түседі. Диссертацияда жылқының сакральдығын көрсететін жоғарыдағы жоралар мен ғұрыптарға этнолингвистикалық талдау жасалған. Жоғарыда аталған еңбектердің көбі дерлік жылқы малына қатысты түрлі мәселелерді арнайы емес, төрт түлікке байланысты мәселелер ішінде қарастырғандығы анықталды. Осы тұста «Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты» [10] атты жылқы малына байланысты атауларды алғаш арнайы тілдік тұрғыдан зерттеуге бағытталған Н.Айтбаеваның ғылыми жұмысын ерекше атап өткіміз келеді.

Н.Айтбаеваның зерттеу жұмысы жылқыға қатысты атаулардың лексикасемантикалық және дүниетанымдық сипатын қарастырады. Бұл жұмыста негізінен жылқы малына қатысты жалпы атаулар, жасы мен жынысына қатысты атаулар, дене мүшелеріне қатысты атаулар, тұқымы мен табиғи ерекшеліктеріне қатысты атаулар, жүрісіне қатысты атаулар, түрі мен түсіне қатысты атаулар, жылқы атауларына қатысты онимдер т.б. және осы атаулардың жасалу жолдары қарастырылады. Қысқасы, төрт түлік малға байланысты атаулардың, оның ішінде жылқы атауларының (сөз тіркестерінің, тұрақты тіркестердің) көне жазба ескерткіштерден бастап бүгінге дейінгі жарық көрген еңбектерде керегінше сөз болғандығына жоғарыда аталған мәліметтер дәлел болады.

Сондай-ақ, көрнекті ғалым Ә.Т.Қайдардың «Структура односложных корней и основ в казахском языке» атты еңбегінде бір буынды түбір негіздің тізімінде 55 жануарлар атаулары келтірілген. Оның 16-сы жылқы атаулары. Ал келесі «Тысяча метких и образных выражений» және «Халық даналығы» атты еңбектерінде көптеген жылқыға қатысты фразеологиялық тіркестер этнолингвистикалық тұрғыдан сипатталады. Заман ағымына қарай ғылымда да зерттеу әдістері түрлі бағыттарда даму үстінде. Жоғарыда шолу жасалған еңбектерден көзіміздің жеткені төрт түлік атауларын, оның ішінде жылқы атауларын зерттеу сонау ХІ ғасырда тек сипаттау, салыстыру әдістерімен шектелсе, соңғы уақыттарда салғастырыла (Ц.Номинханов), тақырыптық топ аясында қарастыру (Б.Тоқтағұл), ономасиологиялық негізін анықтау (Ш.Жанәбілов) сияқты әр алуан объектілік тұрғыдан зерттеліп отыр.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының ғылыми қызметкері
Байтелиева Ж.Д

Оставить комментарий